Жаңалықтар

«Кітап – дәуір айнасы»

Ашық есік күні
17.03.2016 10:19 6191

 «Кітап – дәуір айнасы»

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Кітап – дәуір айнасы» атты Ашық есік күні өтті. Шара кітапхана қорындағы сирек және құнды кітаптармен және қолжазбалармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған. Оған жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай, түркітанушы-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүмінов, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Кітап – дәуір айнасы»

Ашық есік күні аясында сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесі, «Абайдың ән мұрасы» библио-патиі, «Тәуелсіздік толғауы» атты сирек ноталар мен күйтабақтар көрмесі өтті. Сондай-ақ, түрколог-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы «Деректану және тұпнұсқамен жұмыс» тақырыбында семинар-тренинг, «Қазақ елі тарихынан» әдеби сағат ұйымдастырылды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүмінов қатысушылар алдында «Задачи по централизации восточных рукописей и документов Республики Казахстан» атты ғылыми дәріс оқыды. Шара соңында қонақтар режиссер Бақыт Қайырбековтың «Дешти-Кипчак: Тайные знаки» деректі фильмін тамашалады.

«Кітап – дәуір айнасы»

«Кітап – тарих, кітап – қазына» кітаптар көрмесінде Құран топтамалары, араб, латын, шағатай, түркі таңбаларымен, кириллицамен жазылған қазақ тіліндегі кітаптар мен қолжазбалар, Ахмет Байтұрсыновтың «40 мысал», «Әліпби», Мұхтар Әуезовтің «Абай» кітаптары қойылды. Сондай-ақ, бұл күні оқырмандар жазушы, қоғам қайраткері, Хасен Оралтайдың мұрағатындағы құжаттармен, филология ғылымдарының докторы, академик Зәки Ахметовтің, этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметовтың кітаптары, еліміздің аймақтық өлкетану әдебиеттері, факсимильді және репринтті басылымдармен танысты.

«Кітап – дәуір айнасы»

Он екі жылдық тарихында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына VI-ХХ ғасырлар аралығында (1940 жылды қоса есептегенде) жарық көрген 13 мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалар жинақталған. Олардың арасында резервтік-алмасу қоры, академиялық институттардағы сирек кітаптар қоры, сонымен қатар, жеке тұлғалардан тарту ретінде келген басылымдар бар.


Әзірлеген – Айбота Өтеулі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға