Жаңалықтар

Қысы-жазы велосипедпен жүретіндер

Не себепті 30С° аязда қос дөңгелекті көлікті тізгіндейді?
Қысы-жазы велосипедпен жүретіндер
30.04.2019 15:17 8305

Қазіргі таңда салауатты өмір салтын ұстануды мақсат еткендер үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2030 жылға қарай елде спортпен айналысатын халық санын 30 пайызға жеткізу керектігін айтып, бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Солардың ішінде күнделікті қатынау құралының бірі – велосипедке тоқталып өтпекпіз.

Екі дөңгелекті моторсыз көлікпен ұзақ сапарларды жоспарлай берсеңіз болады. Темір тұлпарды айдау денсаулыққа соншалықты пайдасын тигізбейді. Ал велосипедті тізгіндеген адамның бұлшық еттері жаттығып, ағзасы қалыпты жұмысқа көшеді әрі төзімділігі артады. Артық салмақтан арылғысы келетіндер «шайтан арбаның» көмегіне жүгінсін. Велосипедпен серуендеген кезде іш, балтыр, тобық бәрі қатар жұмыс істейді. Әсіресе мұндай спорт түрін қимыл-қозғалысында қиындықтары бар жандар серік еткені абзал. Өйткені, спорттың бұл түрі варикозға шалдыққандардың дертіне жақсы ем болады. Ең бастысы, халықтың осы көлік түріне ауысуы көше жолдары кептелістерін азайтуға  мүмкіндік беріп, қаланың ауасын экологиялық зияндардан азайтуға септігін тигізеді.

Статистикаға сүйенсек, жер шарында миллиардтан астам велосипед бар. Олар әр түрлі мақсатта қолданылады. Велосипедтердің 70%-ы қозғалыс құралы ретінде, 30%-ы демалысқа, ал тек 1%-ы спорттық веложарыстарға пайдаланылады. Көбінесе қос дөңгелекті тақымдаушылар – Батыс елдері.  1920 жылдан бастап, Германия веложолдарды салуға көшті. Дания елінде велосүйер бір адам жыл сайын шамамен 900 шақырым жолды жүріп өтеді. Мұндағы жұртшылық жұмысқа да, дүкенге де көліктің осы түрімен барады. Сондай-ақ, нидерландықтар да педальды айналдырып  жүруге ерекше мән береді. Бұл елде осыған арналған 15 000 шақырым жол да салынған екен. Бұған қала көшелерінде жеңіл көліктердің артуы мен жанармай бағасының қымбаттауы себеп. Соңғы статистикаларға сүйенсек, Лондонда халықтың 2,5%-ы, Берлинде 13%-ы, Мюнхенде 15%-ы, Амстердамда 37%-ы жұмысқа велосипедпен жетеді

Ал Қазақстанда жағдай қалай? Бізде көбінесе жүрек жұтқандар ғана  қос дөңгелекті көлікке отырады. Десе де, бас шаһарда  қысы-жазы жұмысқа велосипедпен қатынайтын тұрғын туралы естіп пе едіңіз? Жасы 35-ке таяған Бағлан Игліков елорданың  -30С° бет қаратпайтын үскірік аязының өзінде 14 шақырым жүріп тастайды екен. Бұған шамамен 40 минуттай уақыт кетеді. Ол қыс мезгілінде тек көктайғақ пен жел қатты соққанда ғана велотізгінге отырмайды.

 

Фотода: Жұмысқа велосипедпен келген кейіпкеріміз

- Мен автобуспен жүргім келмейді. Біріншіден, автобусты аялдамада 30-40 минуттай күтіп қаласыз. Екіншіден, ұзақ уақыт күттірген автобусыңыз келгенмен оған кіре алмай қалуыңыз да мүмкін. Өйткені кешкілік аялдамаларда  жұмыстан үйіне асыққан жұрттың қарасы көп болады. Автобусты тосқаннан уақыт жоғалтып, бір жағынан тоңып, үсіп қаласыз. Тағы бір фактор оған ақша төлеу керек.

Иә, бұл расымен де өте тиімді көлік құралы. Жанармай пайдаланбайтын көлігіңіз қоршаған ортаны ластаудан сақтайды.

Бағлан Игліков қалада он жылдай көліктің осы түрін күнделікті өміріне жиі пайдаланып келеді. Оның соңғы  үш жылын елорданың сақырлаған сары аяздарына қарамай, үй мен жұмыстың ортасында қатынап жүр. Одан бөлек, ұсақ-түйек шаруаларын да велосипедтің үстінде жүріп тындырады. Бағланның пікірінше, бұл  хобби немесе еріккеннің ермегі емес, керісінше күнделікті үйден жұмысқа барып-келетін құрал.

– Велосипедпен жүруге арналған киім киемін. Қыста салқын өткізбейді. Егер адам терлесе, арнайы тесіктерінен ыстық тер шығып тұрады. Велосипедпен қыста жүргенде, дұрыс киіне білу керек. Мәселен, қалың күртеше кигенше, бірнеше жұқа жемпірді қабаттап  киген дұрыс.

Бір айта кетерлігі, жыл бойы басынан шлемі мен қолынан қолғабын тастамайтын Бағлан желтоқсанға дейін жазғы кроссовкимен жүреді. Содан кейін аяқ киімін  жылы бәтеңкеге ауыстырады. Велосипедпен жүруді әдетке айналдырған кейіпкеріміз көшеде веложолдармен, ол жоқ жерлерде жол шетімен жүреді.  Ал қыста тек жаяу жүргіншілерге арналған жермен қатынайды. «Жол тайғақ болған кездері  біреу-міреу байқамай соғып кетуі әбден мүмкін», – дейді Бағлан Игліков.

 

Фотода: Елордалық тұрғын көбінесе веложолдармен жүреді

– Адамдар пікірі әр түрлі болады. Біреулер «Жарайсың!» деп мақтаса, енді біреулері «тоңып қалған шығарсыз» деп, жанашырлық танытып жатады. Тіпті біреулері таңғалысын да жасырмайды. Менің ойымша, қанша адам болса, сонша пікір айтылады. Жұрттың  маған айтқан жағымды-жағымсыз сөздерін көңілге алмаймын. Өйткені, бұл әркімнің өз жұмысы ғой... Маған адамдардың айтқаны маңызды емес. Себебі, мен велосипедті өзім үшін теуіп жүрген адаммын.

Өзі кәсіби велошабандоз болмаса да, велошерулерге ара-тұра қатысып тұрады. Елде өтетін кілең велоспорт марқасқалары қатысатын жерге тек қос дөңгелектің педальдарын айналдырудан рахат алу үшін ғана барады. Өзі кәсіби маман болмаса да, он жылдай тәжірибесі бар Бағлан велосүйер қауымға  мынандай кеңестерін айтады.

– Міндетті түрде вело шлем мен қолғап болуы керек. Егер түнде жол жүретін болсақ, велосипедтің алдына шам, артына қызыл лампа тағу қажет. Көшеде тек веложолмен асықпай, ешкімге зиян тигізбей, ереже сақтап, айналадағы көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерді сыйлап жүру қажет.

 

Фотода: Велотізгінде салауатты өмір салтын ұстанушы - Бағлан Игліков 

Велосипедті жанына серік еткен ол екі  жыл бұрын қаржылық жағдайларға байланысты мініп жүрген көлігін сатып жіберген. Бірақ жаңа жылдан бері қайтадан темір тұлпар сатып алуды жоспарлап жүр. Бұған бірнеше себеп бар.

 – Қызым биыл 3-ке толды. Оны бала-бақшаға апарып-әкелу үшін көліктің қажеттілігі туындап тұр. Оған қоса, көктайғақ кезінде абайсызда құлап, бір тіземді ауыртып алғандықтан, 100 км-ден асатын шалғай-аймақтарға бара алмаймын. Бірақ, машина алдым деп, велосипедімді тастамаймын.

Бағланның айтуынша, елде велосипед ұрлығы азаймай тұр. Әсіресе, күн жылына бастаған уақытта  қала тұрғындары велосипедті саяжайға апарса, енді біреулері өз аулалары мен алаңқайларында ғана тебеді. Ал кейбіреулері алаңсыз бейнебақылау орнатылмаған жерлерге жұқа сыммен бағандарға байлап, тастап кетеді. Осылайша қолайлы мүмкіндіктерді қалт жібермейтін әккі ұрыларға «сыйлық» етеді. Олар қолды қылған велосипедтерді  жалға шығарады не бөлшектеп сатып жібереді екен.

Тағы бір айта кететін жәйт, елде веломәдениет әлі күнге дейін дұрыс  қалыптаспаған. Сондықтан  Бағлан мұны жұртшылық арасында кеңінен насихаттау керек дейді.

– Бізде велосипед тебушілер аз. Сондықтан адамдар веложолдармен де жүре береді. Мен жақында бір адамнан: «Сіз неге бұл жолмен жүресіз? Сізге веложолдармен жүруге болмайды» десем,  ол кісі: «Сенен басқа мұнда велосипед тепкен ешкім жоқ қой», - деп жауап берді. Бұдан  кейін не айтуға болады?

Көшелерде веложолдар жаяу жүргіншілер жүретін жолдан  арнайы сызықтармен ерекшеленіп тұрса да, пайдасы аз болып тұр. Өйткені, бұл арамен бала арбасын сүйреткен аналар мен жай тұрғындар да қатынай береді.

– Менің ойымша, қалада веложолдар дұрыс салынбаған. Мәселен, өзге елдерде жол жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан алшақ жатады. Яғни, веложолдар көліктер жүретін жолмен қатар болу керек. Велосипедшілер  өте үлкен жылдамдықпен жүргендіктен, байқаусызда адамдарды қағып кетуі мүмкін. Кейде өзім де веложолдардың бос болмауы кесірінен, қауіпті болса да автокөліктерге арналған жолдың жиегінде жүруге мәжбүрмін.

Осылайша, велосүйер қауым үшін салынған жол кей жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолмен қиылысып, барлығына  қолайсыздық туындатып жатады.

Елордада Бағланмен қоса, салауатты өмір салтын сақтап, велоспортты насихаттаумен нұр-сұлтандық Ернат Мелсұлы жеті жылдан бері айналысып келеді. Былтыр «Астана-Ақтоғай» велошеруіне қатысып, 4 күнде 470 шақырым жолды жүріп өткен.

 

Фотода: Ернат Мелсұлы "Астана-Ақтоғай" велошеруі кезінде  елдімекендегі кішкентай жанкүйерімен бірге

37 жастағы әуесқой велошабандоз былтырдан бастап, саршұнақ аяздарда жүруді бастапты. Оның  айтуынша, бастысы ауыз-мұрынды әрқашан орап ұстау керек. Өйткені, суық тисе, түрлі аурулардың шырмауында қаласың.

– Спортпен бала кезден айналысып келемін. Күнделікті таңертеңгілік сағат 5:30-да тұрып,  3 шақырым жүгірем. Бұған 10 минут-ақ уақыт кетеді. Марафондарға қатысам. Үстел теннисін ойнағанды жақсы көрем. Бұл ойын ой еңбегімен шұғылданатын адамдар үшін өте пайдалы.  Көздің көруін жақсартады. Сонымен қоса суда жүзу де ұнайды.

Оның пікірінше, спортты жанына серік етудің берер пайдасы мол.

– Велосипед тебу адамға сергектік береді, таза ауа жұтасыз, бетіңізді жел қағады. Айналаңызға бір сәт қарап, ой түйесіз. Қаланың қалай өсіп жатқанын бақылайсыз. Қос дөңгелекті көлікпен жүргенде адамның миына жақсы идеялар келеді. Күрмеуі шешілмей жүрген мәселелер шешімін табады. Осындай рухани пайдасы өте көп.

Сондай-ақ, Ернат ілгерідегі кейіпкеріміз секілді 2007 жылы көлігін сатып, түбегейлі велосипедке көшкен. Күнделікті шығынының азайғаны, оның жақында Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер сатып алуына сеп болған. Ағылшынша және французша жетік білетін оның  қазіргі жұмысы – қызығушылығы бар жастарға тілдерді үйрету. Спорттан қолы босаған кезде ағылшынша тіл сындыру кітаптарын жазумен айналысады.

Велошабандоздың алда атқарар шаруасы өте көп. Алдымен бас қаладан бастап, Бурабай, Сәтпаев, Баянауылға сапар шегіп, мүмкіндігінше республиканың барлық аймақтарын велосипедпен аралап шығуды жоспарлап отыр. Сонымен қоса, Ернат Мелсұлы қос дөңгелекті көлікпен  Еуропа елдеріне велошеру жасап, өзге ұлт өкілдеріне қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениеті туралы кеңінен насихаттағысы келеді.

Бағлан мен Ернат секілді басқа да қазақстандықтар денсаулық кепілі әрі қоршаған ортаға залалы жоқ велосипед тебуді күнделікті сәнге айналдырса деген ниетіміз бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға