Жаңалықтар

Кішкентай зерттеушілерге арналған үлкен мүмкіндік

Кішкентай зерттеушілерге арналған үлкен мүмкіндік
Фото: © Freepik.com 14.03.2025 17:37 83

Қоршаған ортаны тануға ұмтылған бала – ертеңгі саналы азамат. Табиғатқа жанашырлықпен қарап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – мектепке дейінгі тәрбиенің маңызды бөлігі. Осы мақсатта жыл сайын сәуір айында елімізде  дәстүрлі «Мен зерттеушімін» республикалық байқауы өтеді. 

Балабақша тәрбиеленушілерінің зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған бұл байқау үш кезеңнен тұрады. Зерттеу жұмысына мектеп жасына дейінгі ересек балалар мен мектепалды топтарының тәрбиеленушілері, сондай-ақ педагогтер мен ата-аналардан құралған шығармашылық топтар қатыса алады. Байқаудың басты ерекшелігі – кішкентай зерттеушілер өздерінің бейнероликтерін YouTube арнасына жүктеп, өтінімде сілтемесін көрсетеді.

Байқауға қатысу арқылы балалар айналадағы әлемді зерттеуге деген қызығушылықтарын арттырып, танымдық қабілеттерін дамытады. Топтық жұмыс дағдыларын жетілдіріп, ата-аналар мен педагогтермен бірлесе жұмыс істеуге бейімделеді. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің өз ойын еркін жеткізуіне, эксперименттер жасауына мүмкіндік беріледі.

Байқау қорытындысы бойынша ең үздік жұмыстар «Тапқыр зерттеуші», «Жас эколог», «Креативті жұмыс», «Жаңалық жаршысы», «Үздік бірлескен (ата-анамен) жұмыс» секілді арнайы номинациялармен марапатталады. Қазіргі таңда өңірлерде байқаудың аудандық және облыстық кезеңдері өтуде. Ал республикалық кезеңге облыстық жеңімпаздардың материалдары 18 сәуірге дейін қабылданып, қорытындысы 29 сәуірде жарияланады. 

Балаларымыздың ғылыми-зерттеушілік дағдыларын ерте жастан дамыту – олардың болашағына салынған инвестиция.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға