Жаңалықтар

Кіріспе

Хандық дәуірдегі әдебиет мәселелері – бүгінгі таңға дейінгі аралықта қазақ ғалымдары тарапынан түрлі қырынан қарастырылып, аса маңызды проблемалары өз шешімін тапқан мәселе.
31.03.2014 03:21 8936

Хандық дәуірдегі әдебиет мәселелері – бүгінгі таңға дейінгі аралықта қазақ ғалымдары тарапынан түрлі қырынан қарастырылып, аса маңызды проблемалары өз шешімін тапқан мәселе. Әдебиет зерттеушілерінің бірнеше буыны жасаған үлкен еңбектердің нәтижесінде аталмыш дәуірдегі жыраулар мен ақындардың шығармалары жинақталып, бұл шығармалар текстологиялық жағынан нақтыланды. Сонымен бірге жыраулар мен ақындардың жеке өмірлеріне, өмір сүрген ортасына қатысты мағлұматтар мүмкіндігінше айқындалды. Осы зерттеулер негізінде үлкенді-кішілі оқулықтар мен оқу құралдары жазылып, мектептер мен жоғары оқу орындарында пайдаланылып жүр.

Осы оқулықты жазу барысында біз де осы зерттеулердің нәтижелерін ретіне қарай пайдаландық. Сонымен бірге өз тарапымыздан басшылыққа алынған ұстаным да болды. Ендігі сөз – осы орайда.

Әдебиеттің қандайда бір мәселелерін зерттейтін ғылым – әдебиеттану. Әдебиеттанудың негізгі мақсаты – әдебиетке қатысты кез келген мәселені, бірінші кезекте, көркем мәтін негізінде талдай танып, анықталған нәтижені әдебиеттің дамуы үшін пайдалануға септігін тигізу. Ал әдебиеттің дамуы өз кезегінде адам ойының дамуына әсер етпек. Демек, әдебиетті зерттеу, сол зерттеулер негізінде әдебиетті дұрыс бағытта оқыту, түптеп келгенде, адам дамуына қызмет етпек.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, әдебиетті зерттеу ісінде де, әдебиетті оқыту барысында да негізгі дереккөзі көркем мәтін, яғни көркем шығарма болуы шарт. Көркем мәтінді айналып өтіп, соның төңірегіндегі түрлі мәселелерді қазбалай қаузау – әдебиеттану ғылымының ісі емес.

Тарихи деректер, сондай-ақ, өзге ғылым салаларында қол жеткізілген нәтижелер көркем мәтінді тануға, көркем мәтін арқылы шығармашылық тұлғаның өзіне ғана тән дара қасиеттері мен нақты шығарма дүниеге келген уақыттың ерекшеліктерін тануға қосалқы қызмет ететін көмекші мағлұмат көздері болып табылады. Алайда бұлар ешқандай жағдайда әдебиеттану үшін негізгі мән иелене алмайды. Тек көркем шығармада бейнеленген шындықты тереңдей тануға септеседі. Демек, көркем мәтіндегі шындықты тану үшін әуелі сол мәтіннің өзіне үңілу керек, ал тарихи шындық көркем мәтіндегі шындықтың мәніне бойлау үшін салыстырулар жасауға қажет.

Тарихи шындық пен әдеби шығармадағы көркемдік шындықты салыстыра бағамдау нәтижесінде сол шығарманың көркемдік салмағы және шығарма авторының шығармашылық тұлға ретіндегі шеберлік деңгейі, азаматтық ұстанымы, дүниетаным кеңістігі, көзқарасы сияқты жағдайлар анықталады. Демек, көркем мәтін – сөз арқылы бейнеленген өмір шындығы ғана емес, сонымен бірге шығарма авторының шығармашылық және азаматтық жаратылысын айқындай тануға мүмкіндік беретін бірден-бір дереккөзі. Авторды өзінің төл туындысы негізінде тану объективті бағалауға және әр автордың өзіндік қасиеттерін даралай анықтауға жол ашады. Өз орайында бұл жағдай түрлі авторларды бір деңгейде қарастырмай, әрқайсының шығармашылық қызметін, өз дәуіріндегі және кейінгі кезеңдердегі әдебиет дамуына қосқан үлесін мүмкіндігінше нақтылай бағамдауға әсерін тигізеді.

 

Біздің жағдайымызда шығарма авторлары – хандық дәуір әдебиетін қалыптастырған жыраулар мен ақындар, көркем мәтіндер – осы ақын-жыраулардың туындылары.

 

Жоғарыда айтылған ұстанымға сай, бұл оқулықта жыраулар мен ақындардың әрқайсысының өзіндік даралықтарын тану үшін, әуелгі кезекте, олардың өз шығармаларына ден қойылды. Әр жыраудың яки ақынның жыр-толғаулары, өлеңдері белгілі бір ортақ сипаттарына қарай топтастырылып, талданды. Сол арқылы шығарманың және жыраудың яки ақынның өзіне ғана тән ерекшеліктерін айқындай тану мақсат етілді. Ал осыған дейін белгілі жағдайлар көркем мәтінде көрініс тапқан өмір шындығы мен тарихи деректі шындықтың расындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды бағамдау мақсатында пайдаланылды.

 

Әрине, бір жырауға яки ақынға арналған он шақты бет аясында оның шығармашылық және азаматтық жаратылысын қылаусыз танып білу де, сондай-ақ, оның әдеби мұрасын түгелдей талдап шығу да мүмкін емес. Сол себепті бұл оқулықтағы талдаулар мен ой қорытындыларын қатып қалған қағида ретінде қабылдамай, шығарма арқылы авторды және ол өмір сүрген уақыт бейнесін талдай танудың бір үлгісі ретінде пайдалану орайлы болмақ. Бұлай еткен жағдайда оқытушы өз шәкірттерін ұсынылған пікірді жаттап алудан аулақтатып, көркем мәтіндерге ойлана үңілуге, өз тарапынан ғылыми-шығармашылық ізденістер жасауға ықпал етер еді.

 

Оқулық құрылымында жыраулар мен ақындардың шығармашылығы хандық билік дәуіріндегі ғасырлар бойынша ұсынылдыжәне көркем мәтіндер талдау барысында пайдалану үшін әр ғасырдағы тарихи жағдайларға қысқаша шолу жасалды. Әлбетте, шағын шолуда ғасыр оқиғаларын тұтастай қамту мүмкін еместігі түсінікті. Сондықтан пән оқытушысы студенттердің хандық дәуір әдебиеті қарастырылған зерттеулер мен тарихи әдебиеттерді өздігінен тауып оқуына ықпал жасағаны абзал.

Оқулық соңында хандық дәуір әдебиеті бойынша тест сұрақтары ұсынылды. Әр оқытушының бұл сұрақтарды өз тарапынан толықтыра пайдаланатыны түсінікті. Ол үшін ұсынылып отырған оқулықпен шектелмей, басқа да оқулықтарға,ғылыми еңбектерге, тарихи әдебиеттерге сүйену және сол әдебиеттерді студенттерге алдын-ала ұсыну нәтижелі болмақ. Бұл жағдайда студенттердің өздігінен жан-жақты ізденуіне ықпал жасалмақ.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға