Жаңалықтар

Қырық қыз, Хантағы жартасы мен Тамшы әулие...

Құпияға толы оңтүстік өңірінің киелі орындары
Қырық қыз, Хантағы жартасы мен Тамшы әулие...
31.07.2019 16:18 15874

Еліміздегі киелі орындардың көпшілігі орын  тепкен Түркістан облысында елге етене таныс емес жерлер де баршылық. Бірнеше ғасырлар сырын қойнауына жасырған ондай орындар туралы ақпараттар жоқтың қасы. Бірақ, «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» еңбегі ол олқылықтың орнын толтырып бергендей. Сонымен, республикамыздың оңтүстігіндегі тарихи мекен  көпшілікке таныс емес қандай орындарымен мақтана алады?

Қаншайым аралы

Бұл арал Арыс қаласы, Байырқұм ауыл әкімшілігіне қарасты, Көкжиде мен Байырқұм елді мекенінің арасында Сырдария өзені ортасында орналасқан. Жергілікті халықтардың айтуына қарағанда Қаншайым аралының шығыс жағында бұрын ені тарлау болып келетін, суы да аз өткел болыпты. Аңызға арқау болған Қаншайым ана сол аралда ғұмыр кешкен. Және оның арғы-бергі ел-жұртты байланыстырар өткелі осы болған. Ел арасында таралған бір аңызда былай делінеді: «Он сан ноғай ішінде Шаншар ханның алпыс әйелі болса да, мирасқор баласы болмапты. Алпысты алқымдаған хан әулиелі орындарды аралап, Жаратқаннан бір ұл беруін тілеп, жалбарынады. Сөйтіп жүргенде түсіне Қызыр Ілияс аян беріп, дереу сұлу қызға үйлену керектігін айтады. Егер үйленсе, бір қыз бен бір ұлдың әкесі атанбақ. Содан хан ойланбастан елдегі Жаудыр шалдың көрікті қызы Қаншайыммен шаңырақ көтеріпті. Көп өтпей Қаншайымның аяғы ауыр болып, айы-күні жеткенде Шаншар хан: «баланың даусынан жүрегім жарылып өліп кетермін» деп серіктерімен аңға шығып кетеді. Ал Қаншайымның егіз табатынын көре алмаған бәйбішелер енді ғана өмір есігін ашқан айдарлы ұл мен күміс айдарлы қызды дарияға апарып, ағызып жібереді де, ханға «екі күшік тапты» деп жеткізеді. Ашуға булыққан хан Қаншайым мен екі күшікті өлтіруге әмір береді. Ал дарияда ағып бара жатқан егіздерді Ғайып Ерен Қырық Шілтен құтқарып қалып, Шөгірлінің тауына барып, паналатыпты.  Қаншайым ана ханның ашуы басылған соң, дария жақтағы бір аралға жер аударылады. Сол аралды халық кейіннен «Қаншайым аралы» атап кетеді. Осы аңыздарға арқау болған арал мен Шөгірлі тоғайын жергілікті жұрт есінде сақтап қалып, әлі күнгі дейін кие тұтып тәу етіп барып тұрады.

Атбұлақ

Бұл орда қонған тарихи орын Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай, Атбұлақ бұлағының оң жағасында орналасқан. Ол төртбұрышты төбе болып келеді және оны айнала алып ор қоршап жатыр. Археологтар ауылдың солтүстік-шығысында ескі ғасырда қаланған қақпаның іздерін көрген. Сол сияқты осы жерлерден табылған құмыраларды, ыдыстарды адамдар қолымен бедерлеп жасаған екен. Халық арасына жайылған аңыз-әңгімеде осы үстіртте ертеде хан ордасы болғаны айтылады. Мәселен, Византия тарихшысы болған М.Протектордың жазбасында осы тұста Батыс Түрік қағанатының билеушісі Истеми ханның ордасы қонғаны туралы дерек бар. Және қаған осы ордасында Византия елшісі болған Земархты қабылдапты. Онымен қоса, Құланбасыда өткен құрылтайға барар жолда Шыңғыс ханның ұлы Жошы да ордасын тіккен. Одан бірнеше ғасырдан кейінірек, Атбұлақ Әбілқайыр мен Жолбарыс хандардың  құтты мекеніне айналған.

Қыз әулие

Қыз әулие Шымкент қаласының маңындағы, Тассай ықшам ауданының оңтүстік-шығысында орналасқан. Бізге жеткен әңгімелерге сүйенер болсақ, бұрынырақ осы өңірде Әмірхан атты ел тұтқасын ұстаған, дәулеті тасыған кісі өмір сүріпті. Оның Ділдәрбек есімді немересінің қолынан іс келетін үш қызы болған екен. Сұлушаш, Қарашаш, Сандуғаш атты бұрымдылар ел басына күн туғанда қимылсыз қарап отыруға шыдамай, ерлермен қосылып, жоңғарларға қарсы жорыққа шығады. Қанды айқаста жау бетін қайтарам деген арулар ерлікпен қаза тауыпты. Кейінгі ұрпағы олардың жан тәсілім еткен тұсын мазарат етеді. Бұл орынға зиярат етушілердің аяқ алысы басылған емес. Тағы бір қызығы, осында ниет етіп келген кейбір қыздар жоқ жерден қолөнерге ден қойып кетеді екен. Ондай тылсымдылықты ерлікпен көз жұмған қыздардың өнері қонуы мүмкін деп болжайды үлкендер.

Қызыр мұнарасы

Қызыр мұнарасы Түркістан облысына қарасты, Сайрам елді мекенінің орталығында тұр. Оның тұрғызылған уақыты Х ғасыр болуы мүмкін. Мұнарадан оңтүстікке қарай 3,5 шақырымға созылып жатқан жерасты жолы бар. Ол жолға түсетін есік мұнараның ішіндегі бір бөлмесінде орналасқан. Алайда, бұл қақпаны білетіндер көпке дейін жасырып, сырын ашпай келген екен. Мұнара ішінде арнайы баспалдақтар салынғанын да көпшілік біле бермепті. Нақты тарихи мәлімет болмағандықтан, ел ішіндегі аңыздарда Қызырдың қиямет-қайымға дейін өмір сүргені айтылады. Оның шын есімі – Ілияс ибн Малкан ибн Әмір ибн Шалих ибн Арфахшид ибн Сам ибн Нұх. Бұл жерді ертеде мекен еткендер ислам дінін қабылдаған соң, қала ортасынан мешіт пен мұнара салып, оны пайғамбардың құрметіне Қызыр мұнарасы деп атап кетеді. Сол кездегі діни тұлғалар Қызырды пайғамбарлардың тірісі деп қабылдаса керек. Тәңірден ерекше қасиет алған кісінің отырған жері әп-сәтте жасыл түске боялатындықтан, оған жұртшылық «Қызыр» (Хызр) деген атау тағады. Жасыл түспен жер-дүниенің көктеп, гүлденуі арабша «хезра» дегенді білдіреді. Сол сияқты Қызыр ата ислам еліне су пайғамбары ретінде де белгілі болған екен. Ол теңізге сапар шегушілерді өз қамқорлығына алып, өрттен, су тасқынынан, басқа бәле-жаладан сақтайды деген түсінік болған. Сайрамсу өзенінің бойындағы бұл мұнараны қасиет санап, келушілер жетіп артылады.

«Көзді ата» әулие бұлағы

«Көзді ата» әулие бұлағы Түркістан облысы Ордабасы ауданы Тоқсансай ауылының маңында орналасқан. Көз атаның шын аты – Қабақ-Жабақ болыпты. Ол кісінің көзі өткір болғаны соншалық тік қараған адамы тілге келмей қайтыс болады екен. Тіпті, ол ауылға тосыннан жау келсе, өткір көзі арқылы бетін қайтарып отырыпты. Оның осы жерде қасиетті саналатын бұлағы бар. Мөлдір суы бар бұлақты тапқан адамның түсіне «Жардың астындағы тастың түбін қазсаң, су шығады» деп аян берілген екен. Жергілікті халық ол бұлақтың суы көз ауруларына ем екенін айтады. Кей деректерде мұнда мазар болғаны туралы дерек бар. ХІХ ғасырдың ІІ бөлігінде қайшылы руынан шыққан Мүсірәлі датқа Шұбар өзені бойына Қаратаудан ағайындарын көшіріп әкеліп, осындағы ел ішіне қоныстанады. Осы елге келген Мүсірәлі түсінде бірнеше рет: «Мен Көзді ата әулиемін, аяқ асты төмпешік болып жатырмын» деген аян көреді. Ол төмпешікті қалай табамын деген датқаға «ақ жусан топ өсіп тұрған жер» деп нұсқайды әулие. Мүсірәлі әулиенің денесі жер қойнына табысталған жерді тауып, алғаш рет шағын кесене салдырады. Бұл киелі жер әлі күнге дейін көпшілік келетін қасиетті орындардың бірі.

Тамшы әулие

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Кершетас ауылындағы Лагерь шатқалында орын тепкен Тамшы аталатын әулие бар. Машат өзенінің оң қапталында тау аңғарына сұғына кіріп, биіктігі тоқсан метрдей болатын қатпарланған иттас қабаты тұр. Қуыс қойнауда тұрған тастан тамған тамшы көрген көзді тойдыратындай әсемдікке ие. Тас қабатының үстіңгі жағы 30-35 метрдей қара, ортаңғы жағы 20-25 метрдей ақсұр түке боялса, астыңғы қабаты ылғалданған, судан көгеріп, мүк басқан. Бұл орынды көпшілік «Тамшы әулие» атап кеткен. Әлгі астыңғы қабаттағы ылғалды тұстан майдаланған су тамшылары тамып тұратындықтан, келушілер «тас жылап жатыр» деп ойлауы мүмкін. Бұл жерде екі бірдей үңгір орналасқан. Ол тұс осы тастың көз жанары сияқты қатар тұрғандықтан, халық «Тамшы әулиенің екі көзі» деп айтады. Егер осы орынға алыстан көз тігер болсаңыз, жылап жатқан адам бейнесіне ұқсатасыз. Тамшы ағып жатқан аралықтың асты ішке кіріңкі, қуыстау болып келеді. Осы қуыста жатқан бірнеше тастардың  тегістеу келген біреуінен 35-40 сантимер болатындай ойманы көруге болады. Оған жұртшылық «Тамшы әулиенің қазандығы» деген атау берген. Мұнда келушілер сол жерден су ішуге ұмтылады. Өкініштісі, ол барлығының қолынан келе бермейді. Себебі, оған шығатын тас беттері аяқ бастырмайтын тайғанақ болғандықтан, су ішкісі келетін жан еңіске қарай құлап кету қаупі бар.

Темірші ата әулие

Темірден түйін түйетіндердің пірі саналатын Темірші ата әулиенің кесенесі Темірлан тас жолының бойында, Ынтымақ елді мекенінде орналасқан.

Мұндағы тұрғындар әулиені жол апатынан да сақтайды деп сенім білдіреді. Аңыздардағы ақпарат бойынша Саид Мұхамед қожа (Темірші әулие) ХІІІ ғасырда керуен сарайында өмір сүріпті. Оның қолына ұстаған темір өздігінен балқып, түюге ыңғайлы пішін береді екен. Жалаң қолымен, қылыш, найза, айбалта, қалқан жасайтын кісіні көпшілік «Темірші әулие» деп атап кетеді. Әмір Темірдің қару-жарағын жасаған, жауға шабар аттарының тұяқтарын тағалаған жанның қалай өмірден өткендігі туралы ешқандай ақпарат кездеспейді. Бірақ жергілікті ақсақалдар оның 120 жылдай ғұмыр кешкенін, Кеңес үкіметі орнаған тұста ол туралы деректердің барлығы өртеліп, жасаған заттары мұражайға өткізілгені туралы айтады. Қазір Темірші әулиені басына салынған кесененің тәу етіп келушілерге есігі ашық.

Қырық қыз

Қырық қыз – көне тарихи, табиғи ескерткіш. Ол Қазығұрт ауданы Өгем елді мекенінде орналасқан. Аңыздарға сенсек, бұл ескерткіш тасқа айналған қырық қыздың бейнесін білдіреді. Халық жадында сақталып, ауыздан ауызға жетіп келе жатқан ол аңыздарда мынандай оқиғаның сюжеті беріледі: «Ертеде бір бай жаңа туған қызын бір ұлмен аттастырып қойыпты. Қыз өсіп, бойжетіп, әлгі жігітіне ұзатылатын күні де келіп қалады. Құда-құдағилар той жабдығын дайындап, мәре-сәре боп қуанып жатады. Ендігі, күйеу жігіт те келіп қалды дегенді естіген ауыл қыздары топ-топ болып, бөркіне таққан үкілері желбіреп, етегі жер сызған бүрме көйлектерін жел толқытып болашақ жезделерінің алдынан шығады. Кенет бір қиырдан шаң көтеріліп: «Жау! Жау шапты!» деген біреудің жанайқайы естіледі. Ауыл аяқ астынан дүрлігіп, қару алуға жарар ер-азаматтар атқа қонып жатады. Алайда, тұтқиылдан  тап болған жау олардың барлығын қанға бөктіріп, қырып салыпты. Осы кезде күйеу жігіттің алдынан шығамыз деген қыздары шың басына шығып, зар еңіреп отырып: «О, жаратқан ием, жеріміз отқа оранды, еліміз жау кесірінен күлге айналды. Енді бізді оларға қор етпей, тасқа айналдырып жібер» деп жалбарыныпты.  Олардың тілегі қабыл болып, қырық қыз түйелерімен тасқа айналса, қаһарлы жау қоңтайшысы ит кейпіндегі тас боп қатып қалыпты. Ал ел-жұртты қырып салған жау сарбаздары қарға боп шыға келеді».

Хантағы жартасы

Түркістан облысының аумағындағы Кентау қаласында Хантағы деп аталатын жартас бар. Ел арасында таралған аңыздарда көшпенділер заманында ғұмыр кешкен хан туралы айтылады. Бір күні хан түсіне қара өрмекші кіріп, сұқ саусағын шағып алады.  Күн сайын дәл осы түсті көретін ханның әбден мазасы кетеді. Апта өте хан ордасына жақын жерге Қытайдан мата артып келе жатқан керуен тоқтапты. Түн ұйқысы төрт бөлінген хан олардың арасында көріпкел-сәуегей бар-жоғын сұратады. Сөйтсе, олардың ішінде бір шаман бар екен. Қуанған патша, оған түсін жорып беруін өтінеді. Сонда бақсы: «Хан ием, түсіңе еніп жүрген жәндік қарақұрт болған ғой. Оның уы ащылығы сондай, шаққан адамын сол мезетте сеспей қатырады. Сіздің ажалыңыз дәл осы қарақұрттан келеді» депті. Шошып кеткен хан, одан құтылудың жолын сұрапты. Бақсы тұрып, қарақұрттың жазық далада өмір сүретінін, егер таулы жартасқа көшсе одан құтылуға болатынын айтыпты. Мұны естіген хан уәзірлері мен нөкерлерін Қаратау жақа жайлы орын іздеуге жібереді. Көп өтпей уәзірі өзен бойы ну орман, жағасы толған бұлақ жер тапқанын өзеннің бойында хан тағына ұқсас жартас барын айтып келеді. Хан ертеңіне-ақ сол жерге көшіп барыпты. Бір күні сол жартастың маңайынан Сібір хандығына қарай жеміс-жидек артқан өзбек керуені өтеді. Нөкерлері одан өрік, жүзім, мейіз сатып алып, ханға әкеп беріпті. Жүзімді жеп отырғанда, олардың арасынан қарақұрт шығып, ханның сұқ саусағын шағып алыпты. Ақыры ажалынан қашқан ол түсінде көрген жәндіктің уынан о дүниеге аттанады. Ал билеушінің ордасы тігілген жер Хантағы жартасы аталып кетеді.   

Жуантөбе қалашығы

Қалашық Түркістан облысы Ордабасы ауданы Мәдениет ауылының солтүстік-шығыс бөлігінде, Арыс өзенінің сол жағасында орналасқан. Ғалымдар бұл жерден 1893 жылы жезден жасалған тиындар көмбесі мен көптеген тұрмыстық заттардың сынықтарын тауып алыпты.  Жуантөбе қалашығы дөңгелек келген рабадты екі бөліктен тұрады. Сол сияқты оның бірнеше биік төбелері болған. Археологтар мұнда алынған заттардың сұлулығына қайран қалыпты. Себебі, ол заттардың басым бөлігі қолмен жасалып, ангоб ақпаларымен шашыратып сәнделген. Сонымен қатар, толқынды оюлармен әсемделіп, жылтыратылған ірі құмыра тектес керамикалық ыдыстардың сан алуан түрі кездесіпті. Зерттеушілер бұл орында ортағасырлық Кенджде округінің астанасы Арсубаникет қаласы болуы мүмкін деген пікірде. Сол секілді қаланың тіршілік еткен уақытын кангюй кезңінде бой көтеріп, араб шапқыншылығы кезінде құлады дейді. 1980-1990 жылдардағы қазбалар Жуантөбе қалашығының цитаделі мен рабадының хронологиялық межесі мен мәдениет қабаттарының ерекшелігін анықтауға баытталған еді. 2004 - 2006 жылдар аралығында жүргізілген зерттеулер тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың жобалануы жайлы мәліметтерге байытты.

Қосым ишан кесенесі

Қосым баба (ишан) Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың күйеу баласы Әли мен қызы Бибі Фатимадан тарайтын ұрпақтан шыққан. Өз есімі Сайд ахмет (Сейдахмет) болыпты. Бұрынғы жаугершілік заманда әскер қосымға бөлініп, соғысатын болған екен. Сондағы қосымды басқарған Сейдахметтің Қосым ишан атануы тегін емес.

Қосым баба ХVІІІ-ХІХ ғасырлар аралығында ғұмыр кешкен. Жас кезінен Хиуа, Самарқанд медреселерінен білім алған. Кейінірек Шаян өңіріндегі Сіргелі руының арасына дінді уағыздап, жастарды білімге тартып, оқу-ағарту қызметін атқарған. Замандастары оның ерекшелігі ретінде ай-жұлдыздарға қарап, ауа-райын болжауын айтқан екен. Сол сияқты қарақұрт шаққан адамдарды емдеп жазушы болыпты. Адамдардың болашағын да болжай алатын көріпкелдік қасиетке ие Қосым ишан Қоқан ханы Құдиярдың келешектегі ғұмырын дәл тауып айтқан екен.

Қосым баба жас кезінде ел аралап келе жатып, биік төбенің басынан қол бұлғап шақырған сары атты, түйе жүн шекпенді, сусар бөрікті адамда байқап, інісі Құлатай екеуі сол төбеге қарай беттейді. Төбе басында Құран оқып отырған ақсақал мен екі жігітті жолықтырыпты.  Қосым баба да әлгі зиратқа арнап, дала күңірентіп Құран бағыштайды. Құраннан соң, Қосым төбе басына шақырған сары аттылы кісіні сұрапты. Әлгі ақсақал: «Ол кісі менің бабам, көп жылдан бері ол кісінің басына келіп Құран оқылмаған еді, сіздерге көрініп, шақырған сол кісінің аруағы болды ғой...» - деп, Қосымды үлкен құрметпен еліне шақырып күткен екен.

Қосым ишан кесенесі Бәйдібек ауданы Шаян ауылының оңтүстігінде, мазар ішінде биіктеу жерде орналасқан.

Жекен Шайық әулие жерленген жер

Жекен Шайық кесенесі Арыс қаласынан бір жарым шақырым жердегі Арыс өзенінің маңында орналасқан. Тарих беттерінде «Жекен Шайық» және «Жекен Саяқ» деп аталатын екі кейіпкер кездеседі. Жалпы, ол екеуі бір адам. Бір жерде Жекен Шайық қасиетті, әулие, емші ретінде көрсетілсе, кейбір деректе Жекен Саяқты жауға қарсы шапқан батыр, қолбасшы делінеді.

Бұл кісі туралы ақпарат Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» айтылатындықтан, оның өмір сүргенін уақытын ХІ ғасыр деп дәл айтуға болады. Ол Ұлы жүздің Дулат руының Жанысынан шыққан екен. Өзі ескіше хат танитын, ақылды, дана, діндар жан болған. Ғұмырының соңына дейін Жетісу жерінен Арыстан бабтың алдына арнайы келіп, Түркістанға да табан тіреп отырыпты. Осындай сапарлардың бірінде (алтыншы сапарында) Арыс өзені бойында қайтыс болыпты. Тағы бір әңгімеде Жекен Шайықтың қызы әкесінің жар маңында бір шақырым жерде жан тәсілім еткенін естіп, «айдалада атаусыз қалмай, басына белгі қояйын» деп алыс жолға шығыпты. Сол маңға таяй бере өтіп бара жатқан керуеннен әкесі бір кісінің кейпіне еніп тоқтатыпты. Сонда қыз: «Әкемнің басына өз қолыммен белгі қоямын ба десем, менен де өткен тектінің ұрпақтары бар екен ғой, енді өзім де белгісіз қалатын болдым-ау» дей бере, күтпеген жерден жардан аяғы тайып, мерт болыпты. Олардың басына қойылған еш жерде белгі кездеспейді. Тек Жекен Шайық әулие қайтыс болған орын ғана көрсетіледі.

Ишан базар (Ақмешіт) мешіті

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Аққойлы ауылында орналасқан мешіт ХІХ ғасырдың аяғында бой көтерген. Тарихи сәулетті ескерткішті салуға Мағзұм әулетінен шыққан, Бұқара қаласынан арабша ілімді меңгеріп келген қари атағын алған Мәдіқараның өзі ат салысыпты. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, күмбездің  басында ат басындай күмістен айшық болған. Сол айшықтың күн батқанда шашқан сәулесі келесі ауылға дейін жетіпті. Шашқан сәулесінен кейбір кісілер «батыстан күн шықты» деп те ойлайды екен. Алыстан менмұндалап көрінетін ғимарат Арыс бойындағы көне Ишан базарда орын теуіпті. Отырықшы қазақтардың сауда мекені абад деген атақ алған. «Абад» парсыдан аударғанда «құнарлы», «көгалды», «шаруаға жайлы» деген мағынаны білдіреді. Ақмешіт сол жерді мекендеген қара халықтың өз күшімен бой көтерген. Оның құрылысы елімізде некен-саяқ ұшырасатын намазғах типтес мешіт екенін аңғаруға болады.

Әбдел Әзіз баб кесенесі

Кесене Сайрамнан Белқақпа дарбазасынан шыға беретін тұста орналасқан. Кесенені ХІХ ғасырда қайта тұрғызыпты. Әбдел Әзіз баб біздің жерімізге Ысқақ баб басшылығымен 771 жылы болған жорық құрамында келіп қалған. Әскердің ту ұстаушысы болған ол соғыста ерен ерлік көрсеткен. Оның білімділігі, даналығы, парасаттылығы, табандылығы, пайғамбар ісіне адалдығы бірден байқалыпты. Тарихи жазбаларда: «Хазрет Абдел Әзіз баб ишан әділетті де абзал жан еді. Оның игі ісін жалғастырушылар Сайрамда да бар болатын. Ал олардың барлығының нұсқаушысы Ысқақ баб болған. Әзіз баб ишан шариғатқа шын берілген, дуагөй адам еді» делінеді. Бәле-жаладан аластататын адамды халық «бәлегердан» деп атап кетіпті. Міне, сондай атақ осы Әбдел Әзіз бабта болыпты. Ел арасындағы аңызда оның емшілігі туралы көп айтылады. Ол алдына дертпен келгендерді құм арқылы емдеп, жазған. Кез келген ауруға шипа тауып, құлан таза айықтырған екен. Аңыз-әпсаналарда әр жұма сайын әулие-әмбиелер мен машайық-дәруіштер жиналып, мәжіліс өткізетін, бас қосатын Түркістан маңындағы Текеге сапар шегетініні айтылады. Расында сол ауылдың тұрғындары көне заманда Теке қасиет қонған адамдардың бас қосатын орны болған дегенді айтады. Олар сол өңірде болып жатқан оқиғаларды ортаға сала отырып, бір шешімін табуға тырысыпты. Сөздікте «сопылар мен дәруіштердің халықтан таса, оңаша отыратын жерін Теке деп аталады» деген анықтама бар.

«Жәми» Шыңғысбай қажы мешіті

Ферғаналық ұсталар махала мешіті ретінде салған «Жәми» мешіті – ескі сәулеттік ғимараттардың бірі болып табылады. Оның құрылысы  ХІХ ғасырға жатқызылады. Тұрған орны – Шымкент қаласы, Амангелді көшесі.  Ол мешіттің Ферғана, Ташкент сәулет дәстүрімен салынғаны бірден аңғарылады. Мешітті салушы Шыңғысбай қажы Дәуітұлы болыпты. Алла үйінде барлығы он мұнара кездеседі. Сол сияқты ол шәкірт оқытатын медресе ретінде қызмет атқарған. Орталық Азия қалаларындағы көптеген алқалы мешіттер ие болған «Жәми» атағы бұл киелі орынға да берілген екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға