Кіреуке және кіреуке сауыт
Кіреуке – пiшiмi қысқа жеңді жейде түрiнде жасалып, дөңгелек металл шығыршықтардан өрiлген торлы сауыт. Қазақ тiлiнде кіреуке сөзi селдiр, торлы деген мағынаны бiлдiредi.
Кіреуке сауыт көшпелі халықтарда І мыңжылдықтың басынан, ғұн-сармат заманынан қолданыла бастаған. Түркі заманында кіреуке сауыт көшпелілер жауынгерлерінің қорғаныс жарағының негізгі түріне айналды. Орта ғасырда көшпелі халықтарда кіреуке өрімін жасау технологиясы жетілдірілуімен бұл сауыттың көптеген үлгілері пайда болды. Тамаша техникалық және қорғаныс қасиетiне байланысты кіреуке – шығыс жауынгерлерінің ең көп қолданған сауыт түрi. Қазақ жауынгерлері кіреукені қорғаныс жарағы ретінде ХІХ ғ.-ға дейін қолданып келді, бұл кезеңде от қаруының кең қолданысқа енуімен кіреуке сауыт қолданыстан шықты.
Кіреуке сауыттың қорғаныс қасиетiн қалыптастыратын негiзгi конструктивтiк элементi – шығыршық темiр сымнан соғылып жасалып, бiр-бiрiмен тоқылып өрiлдi. Кіреуке шығыршықтарының iшкi диаметрi дәстүрлі халықтық әскери терминологияда көз деп аталды да, шығыршық көздерiнiң көлемi кіреуке сауыттың түрiн анықтайтын негiзгі типологиялық белгі болды. Қазақтар шығыршық көздерiнiң көлемiне сәйкес торғай көз, шөже көз (яғни, шығыршық тесiгiнiң үлкендiгi торғайдың, шөже балапанның көзiнiң үлкендiгiндей-ақ) және бадана көз деп аталатын үш түрiн айырады. Осындай көздi шығыршықтардан тоқылған Кіреукелер торғай көз кiреуке, шөже көз кiреуке және бадана көз кiреуке деп аталды. Фольклорлық материалдарда қазақ батырларының жарағы ретiнде Кіреукенiң осы үш типi де айтылады. Кіреуке типiнiң алғашқы екеуi (шөже көз кіреуке және торғай көз кіреуке) орыс тiлiндегi «кольчуга» және «панцырь» (кiшкентай шығыршықтардан өрiлген кіреуке) деп аталатын кіреукенiң екi түрiне сәйкес келедi. «Бадана көз кiреуке», «бадана көздi сауыт», «бадана сауыт», «бадана» үлкен жалпақ соғылған шығыршықтардан тоқылып жасалды, сондықтан, кіреукенің бұл түрі өте берiк болды, ауыз әдебиетiнде де бұл бадана сауыттың берiктiгi баса айтылады. Бұл кіреукеде шығыршық көзiнiң көлемi «бадана» атты өсiмдiк пиязшығының көлемiндей болғандықтын осылай аталған.
Шығыршықтардың жасалу әдісі тұрғысынан келсек, кіреукелер өрімінде, әдетте, шығыршықтардың үш түрі қолданылды. Шығыршықтың бірінші түрі – ұштары шегемен бекітілген шығыршықтар, екінші түрі – ұштары тікеншемен бекітілген шығыршықтар, бұл шығыршықтар, көбінесе, овал формалы болып келеді. Кіреуке шығыршықтарының үшінші түрі – темірден тұтас шабылып алынған дөңгелек шығыршықтар, кіреукелер өрімінде шығыршықтың тек бір түрі немесе екі-үш түрі қолданып өрілген.
Музейлік коллекциялардағы шөже көз кіреукелер диаметрі 1,2-1,25 см шығыршықтардан тоқылған, ал торғай көз кіреукелер диаметрі 0,7-0,9 см кішкентай шығыршықтардан өрілген, бадана кіреукелер диаметрі 1,3-1,4 см және 1,5-1,6 см ірі шығыршықтардан өріліп жасалған. Кейбір кіреуке сауыттарда кіреуке жейденің әр бөлігінде әртүрлі типті шығыршықтар қолданылды. Бұл әдісті қолдану арқылы шеберлер кіреукенің беріктігі мен жеңілдігінің өзара тең қатынасын сақтап отырды.
Әзірлеген: Досжан Мейірім