Жаңалықтар

«Кипр Республикасына тиесілі». Депутат Майқайың кеніне қатысты тың деректі атады

«Кипр Республикасына тиесілі». Депутат Майқайың кеніне қатысты тың деректі атады
Фото: parlam.kz 17.01.2024 13:15 993

Павлодар облысындағы апаттан кейін «Шанхай» шағын ауданының тұрғындарына қауіп төнді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, Павлодар облысындағы Майқайың аумағында жердің астында бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Ал, техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді.

Кентте тұратын «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары алаңдап отыр. Оған себеп шағын ауданның асты да шахтаға айналып кетуі. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан. Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек «Майқайың Алтында» мыңнан астам жергілікті тұрғындар еңбек етеді, - деді мәжілісмен.

«Майқайың Алтын» ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген.

«Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген. Ал, енді осы Акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан «Rence Enterprises LTD» компаниясына тиесілі. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі. Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадалауға алады, - деді депутат.

Осы мәселеге байланысты Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы өз ұсыныстарын айтты.

Бірінші. Комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру керек.

Екінші. Осы маңдағы барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау керек.

Үшінші. Шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру қажет.

Төртінші. Елімізідің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға Заң жүзінде қатаң шаралар қолданылып ескерту жасалуы қажет.

Бесінші. Орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға Прокуратура әділетті бағасын беруі қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға