Киокушинкай каратэмен айналысатын қазақтар туралы не білеміз?
Каратэнің кәсіби ортада танымал, бірақ көпшілік үшін беймәлім бір тармағы бар және ол «киокушинкай каратэ» деп аталады. Қазақстанда бұл спорт түрі біршама кең тараған. Мәселен, әрбір облыс орталығында, республикалық деңгейдегі ірі қалаларда аталмыш спорт түріне арналған секциялар бар. Сондай секциялардың бірі Қарағанды облысы, Жезқазған қаласында орналасқан. Ел.кз редакциясы секцияның тыныс тіршілігімен танысу мақсатында жаттығу залына арнайы барып, тәлімгерлер мен жаттықтырушыдан сұхбат алды.
Жанат Саменов
Киокушинкай каратэден Қарағанды облысы бойынша бас жаттықтырушы
Сұхбат
- Каратэнің бұл түрі өзгелерден несімен ерекшеленеді?
- «Каратэ» сөзі «бос қолдың жолы», ал «киокушинкай» сөзі «асболюттік ақиқат қоғамы» («кио» - ақырғы, шектік; «шин» - ақиқат, шындық; «кай» - қоғам, одақ) деген мағына береді. Алайда Киошинкай сөзінің мағынасы бұдан да терең болуы мүмкін. Каратэнің осы түрімен айналысушылардың пікірінше, бұл сөздің мағынасын түсіну үшін тек рухани ізденіспен шектелмей, көптеген жаттығулардан өту керек.
Каратэнің түрлері көп: Сетокан, Годзю-рю, Вало-рю, Сито-Рю және т.б.
Киокушинкай негізінен ұпай жинау бойынша ерекшеленеді. Мұнда қорғана жүріп жеңіп кетуге болмайды. Мәселен, бокста бірінші ұпай алсаң, ары қарай қорғанып жүріп-ақ жеңіп кетуге болады. Сондай-ақ, өзге спорт түрлерінде соққы тисе болды ұпай беріледі. Ал киокушинкайда соққының тиімділігіне көп мән беріледі, жай ғана соққыға ұпай берілмейді. Бокс тілімен айтқанда, нокдаун бұл жарты ұпай, ал нокаут бүтін бір ұпай. Бір ұпай алған адам жеңген болып саналады.
- Киокушинкай каратэсінің философиясы қандай? Ұрыс өнерінен бөлек балалаларға не береді бұл спорт түрі?
- Ең алдымен сыртқы көріністің жинақылығы, біздің кимономыздың түсі ақ және ол ылғи жинақы тұруы тиіс. Мұның артында тәртіп жатыр.
Сондай-ақ, біз спортшыларды қайсар мінезді, жігерлі болуға тәрбиелейміз. Спортта сен соққы алсаң да, тоқтамай күресесің, жекпе-жегіңді жалғастырасың. Бұл өмір соққыларын қабылдауға көмектеседі. Бір жаттығуды қайталап жасату арқылы төзімді болуға үйретеміз.
- Кейде кәсіби спортшылар қорғансыз азаматтарға қол жұмсап жатады, мұның себебі неде деп ойлайсыз?
- Соққыны берген адам емес, соққыны қабылдап, төзе білген адам мықты. Біз спортта идеяны насихаттаймыз. Сұраққа келсек, рас, кейде осындай жағдайлар болып жатады. Мен 90-жылдары білім алдым және жатақханада тұрдым. Ол кезде мұндай оқиғалар жиі болатын. Қазіргі, қуанышқа орай әлімжеттік көрсету әлдеқайда азайды. Менің ойымша бұл адамның мәдениеті мен тәрбиесіне байланысты. Бұл жерде тәрбие тек жаттықтырушыға ғана байланысты емес, саналы тәрбиенің болуына ата-ана да, қоршаған орта да қатты әсер етеді.
Сондай-ақ, әлеуметтік статуста осындай оқиғалардың болуына белгілі бір деңгейде әсер етеді. Менің секцияма балалалар үйінің тәрбиеленушілері де қатысады. Кейде олар өзгелердің ұялы телефондарын, бағалы заттарын тартып алып қойып жатады. Мен барып, мәселенің анық-қанығына жетіп, оларды аман қалуға тырысамын. Одан кейін бәрі саябырсағаннан кейін сөйлесемін. Ешқандай жағдайда ұрыспаймын, тек әңгімелесемін. Мен оларға «Ақыр осы жолды таңдасаң, сенің барар жерің біреу ғана және ол түрме» деп айтамын.
Сондай-ақ, жеке адамның мәдениеті мен тәрбиесіне қоғам да қатты ықпал етеді. Мәселен, Жапонияда ұрлау, тонау немесе қол жұмсау жоқ қой?!
- Жас балалар, кішкентай кезінен спортпен айналысуды бастап, кейін оны тастап кетіп, адвокат, қаржыгер, банк қызметкері атанып жатады? Мұның себебі неде?
- Иә мұндай мәселенің бары рас. Бүгінде спорт саласының шешілмеген түйіндері өте көп, сол себепті балалалар спорттан кетіп жатыр. Мәселен, бізде кішкентайынан спортпен шұғылданамын деушілерге Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі (көп адамдарға ДЮСШ ретінде танымал) бар. Бірақ ол жерде балалалар 18 жасқа дейін ғана ұстайды. Ары қарай спорттық карьераны жалғастыру қиынға соғады. Әрине, спорт академиясы бар, колледждер бар, бірақ олар өте аз, шынайын қажеттілікті өтемейді.
Екінші мәселе, ақша табуға келіп тіреледі. Қоғамның өзге мүшелері секілді спортшылар да жақсы жалақы алғысы келеді. Өкінішке орай, тек спортпен айналыса жүріп, көп қаражатқа кенелу қиын, егер сен олимпиялық ойындардың жеңімпазы болмасаң әрине.
Үшінші мәселе – спортпен айналысудың қымбаттылығы. Бізде әдемі-әдемі спорт кешендері бар, бірақ ол жерге кіру ақылы. Сондай-ақ жаттықтырушының қызметі де ақылы. Егер спортпен айналысқың келсе міндетті түрде жаттықтырушы қажет.
Жарайды, үлкен қалаларда өмір қымбат және барлық нәрсе үшін төлеу керек. Бірақ жергілікті деңгейде, ауылдарда бұл мәселені шешуге болады ғой?! Мысалы, барлық мектептерде спорт кешендері бар және олар көбіне бос тұрады. Менің ойымша, спортпен айналысқысы келетін жастар үшін сол спорт кешендерін кешкі уақытта ашып қою керек сияқты. Ол үшін дене шынықтыру пәнінің мұғалімін жауапты етіп бекітуге болады.
- Бірақ бұл дене шынықтыру мұғаліміне қосымша жұмыс сағаты емес па?
- Иә, құқықтық тұрғыда сіз дұрыс айтасыз. Алайда, біз, кәсіби жаттықтырушылар көбіне идея үшін жұмыс істейміз, егер балаларды түнде жаттықтыру қажет болса, түнде барып жаттықтырамыз. Бәлкім, жаттықтырушының дене шынықтыру мұғалімінен басты айырмашылығы да осы болар.
Біз қазір ақшаға қатты сүйеніп қалмай, идея үшін жұмыс істеуіміз қажет. Егер біз сол идеяны жүзеге асыра салсақ, пайда болған мақтаныш сезімін ешқандай ақша алмастыра алмайды.
Бұл ауылдық жерлер үшін әсіресе өзекті. Қалада түсінікті, ақшаң болмаса қиын, ал ауылда ше?! Ол жерде адамдардың бос уақыты көп, ауылда адамдар сағаттап көлік кептелісінде, кезекте тұрмайды (күлкі). Ал бірақ сол ауылда тәрбиеленген бала республикалық, халықаралық жарыстарды жеңіп жатса, керемет емес пе?!
- Бүгінгі дене шынықтыру мұғалімдерін қалай бағалайсыз?
- Әрине, бес саусақ бірдей емес, кәсіби спортшы мұғалімдер жоқ емес. Дегенмен, біліктілігі төмен мамандар да аз емес. Өз балаларым мектепке баратындықтан, өзім кәсіби спортшы болғандықтан, көп жағдайда осы дене шынықтыру мұғалімдеріне қынжыла қараймын. Допты беріп, көшеге шығарады да, қыдырып қайтыңдар деп айтады. Мұндайды қою керек. Мектеп директорлары дене шынықтыру пәніне салмақтылықпен қараса деп ойлаймын. Дене шынықтыру маңыздылығы жөнінен физика, математика, ағылшын тілі секілді пәндерден еш кем емес. Сол үшін мектеп директоры дене шынықтыру пәнінінің мұғалімдігі дұрыс адамдарды қоюы керек. Ақыры жалақы алған соң, оны 100 пайыз ақтау керек қой.
- Рахмет.
Жанат Саменовтың ерекше ықыласпен даярлайтын 4 тәлімгері бар. Ол бұл спортшыларды әлемдік деңгейдегі жарыстарға дайындауда. Дәл осы күндері Жапонияның астанасы Токиода киокушинкай каратэден әлем біріншілігі өтуде. Жанат өзінің осы 4 тәлімгерімен осы жарыста жүр.
Шариппулин Бейбіт. 12 жаста. 7 сыныпта оқиды. Каратэге 5 жыл бойы қатысуда. Соңғы Республикалық жарыстың жүлделі үшінші орын иегері. Киокушинкай каратэсін техникасы мен тарихына қызыққандықтан таңдаған екен.
«Арманым - әлем чемпионатында бірінші орын алу, онымен тоқтап қоймай, олимпиада чемпионы атану»
Жансая Есіркепова. 18 жаста. Жезқазған гуманитарлық педагогикалық колледжінде 4-курста оқиды. Спортпен 5 жыл бойы айналысуда. 2012 жылы спорт шебері атанды.
«Қыздар клубқа барғанша спортпен айналысса, табиғи әдемілік өзі-ақ келеді»
Сергей Крыльцов. 18 жаста.
«Мен үшін каратэ ең алдымен салауатты өмір салты, өзімді қорғай алатындығыма сенімділік»
Мейрамгүл Телесова. 23 жаста. 8 жасынан бастап каратэмен айналысып келеді. Қара белбеу, бірінші дан иегері, ҚР спорт шебері, әлем чемпионатының 4-орын иегері. Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы.
«Мен үшін каратэ - өмірімнің мәні»
Дархан Өмірбек
Астана - Жезқазған - Астана