Жаңалықтар

Кино мамандары пайда табу үшін құны мен мазмұны арзан фильмдер түсіріп жүр - Қасым-Жомарт Тоқаев

Кино мамандары пайда табу үшін құны мен мазмұны арзан фильмдер түсіріп жүр - Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Akorda.kz 17.06.2023 13:58 1716

Екінші рет өтіп жатқан Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы киноны дамыту мәселесіне тоқталып, оған қолдау көрсету туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі заманда ел боламыз десек, экранды да түзеуіміз керек. Себебі, кино қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал етеді. Елімізде кино өндірісі жақсы дамыған деп айту қиын. Жаңа ғана белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды кино саласын дамыту туралы тұшымды ой айтты. Мен қолдаймын. Расында, бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кетті. Бірнеше келеңсіз мысалдар бар. Қазір кинотеатр иелері отандық фильмдерді экраннан көрсету үшін қомақты қаржы талап етеді. Билеттен түскен қаржының едәуір бөлігі тағы да кинотеатрлардың және жеке компаниялардың қалтасына кетеді. Бұған қоса, киногерлер фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмайды. Қысқасы, киноға бүкіл білімін, күш-қайраты мен уақытын сарп еткен мамандарға табыстың аз ғана бөлігі тиеді. Кино мамандары пайда табу үшін өте арзан фильмдер түсіруге мәжбүр. Сондықтан, құны арзан, мазмұны арзан фильмдер пайда болуда, - деді Президент.

Сөз сөйлеу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев кино саласының дамуы туралы келелі сөз қозғады.

Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек. Мысалы, киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуге болады. Мәдениет және спорт министрлігіне жуық арада осы жүйені дайындап, қолданысқа енгізуді тапсырамын. Жалпы, киноиндустрияны экономиканың жеке тармағы ретінде қарастырып, мәселелерді нақты шешкен жөн. Әсіресе, киногерлер мен кинотеатрлардың арасындағы қарым-қатынаста екі жақтың да мүддесін теңдей ескеру қажет. Сонда жаңа кейіпкер, тарихи қаһарман, маңызды оқиғалар жайлы фильмдерді тек «Қазақфильм» емес, жеке компаниялар да түсіреді. Өскелең ұрпақ шетелдің кейіпкеріне емес, өз батырларымызға қарап бой түзейтін болады, - деді ол.

Киноөнер саласында классикалық туындылар түсіру қажеттігін атаған Мемлекет басшысы реформалауды да алға тартты.

Кезінде шыққан «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық фильмдер түсірілуі керек деп санаймын. Сол кезде шығармашылық еркіндік, мол қаражат және компьютерлік графика да болған жоқ. Дегенмен, фильмдер түсірілді, әлі күнге дейін халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алады. Шынын айтуымыз керек, соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек, - деді Мемлекет басшысы. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға