Жаңалықтар

«Кімнің мүддесін қорғайды?». Депутат зейнетақы қорындағы қаржыға акция сатып алуға қарсы шықты

«Кімнің мүддесін қорғайды?». Депутат зейнетақы қорындағы қаржыға акция сатып алуға қарсы шықты
Фото: instagram.com/muratabenov 20.02.2024 14:22 980

Ұлттық банк Air Astana акцияларын сатып алу үшін қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы 25 миллиард теңгеге жуық қаржысын пайдаланған. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов азаматтардың зейнетақысына қол салу үлкен қателік екенін айтып, әлеуметтік желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен Air Astana АҚ акцияларының бастапқы IPO-ға қатысқанын хабарлады.

14 ақпанда Ұлттық банк Air Astana АҚ акцияларын сатып алғанын мәлімдеді.

Ресми деректерге сүйенсек, 1  акция құны 1 073,83 теңге. Жалпы сомасы 24,9 миллиард теңгеге компанияның  23 168 975 дана акциясы сатып алынған. Бұл компанияның шығарылған акцияларының 6,5 пайызына тең.

Мәжілісмен Мұрат Әбенов өз пікірінде, «миллиондаған қазақстандықтар үшін мұндай шешімді кім қабылдаған?» деген сұраққа жауап таппағанын жазды.  

Неліктен БЖЗҚ басшылығы да, Ұлттық банк те, ең алдымен біздің азаматтарымызға компанияның иесі кім екендігі жөніндегі мәліметтермен және біз аз білетін ақпараттармен бөліспеді?  Питер Фостер кімнің мүддесін қорғайды? Оның Назарбаевпен қарым-қатынасы қандай? Бұл күмәнді келісімнің негізгі бенефициары кім? Өйткені, мемлекет қазірдің өзінде «Самұрық-Қазына» арқылы оның акциялардың жартысына жуығын иеленіп отыр. Сондықтан мемлекет кез келген кірістің жартысына ие. Сонда біз не аламыз? Тіпті әуе кемелерінің паркі де авиакомпанияға жатпайды және жалға алынған. Сонда не сатып алдық? Жаңа Қазақстанда азаматтарымыздың ақшасы осылайша шетелге шығарылатын болғаны ма?, - дейді Әбенов.

Ол халықтың ақшасына жауапсыздықпен қарап, жоғалып кетпеуіне де кепілдік жоқ екенін жеткізді.   

Бұл сатып алуда біздің жинақтарымызға қандай қауіп бар? Бұл шешімді кім қабылдады? Бірыңғай зейнетақы қорындағы ақшамыз тиісті табыс әкелмей, Әзірбайжандағы банкке салынған зейнетақы ақшасы сияқты жоғалып кетсе, кім жауап береді? Сондықтан мен қарсымын. Мен шығу тегі күмәнді авиакомпанияның ақшамды басқарғанын қаламаймын. Оның үстіне Питер Фостер басшылықта отырғаны осы жылдар аралығында Қазақстан азаматтарының мүддесін  ойлайтын көшбасшы бейнесін жасамаған. Оларға қалай менің зейнетақы жинақтарымды сеніп тапсыруға болады?, - дейді мәжілісмен.

Депутат Ұлттық банк пен Air Astana АҚ арасындағы келісімнің ашық өтпегенін атап өтті.

БЖЗҚ-да миллиондаған Қазақстан азаматтарының ақшасы бар. Өкінішке орай, бұл шешімді қабылдағандар бізге оны түсіндіруге де әуре болған жоқ. Тіпті, көріп отырғанымыздай, оларға халықтың пікірі де қызық емес. Оларға бұл шешімнің дұрыс емес екенін естеріне салуымыз керек. Кімнің, қалай шешім қабылдағанын зерттейміз. Процедуралар қаншалықты ашық өтті және заң бұзушылықтар бар ма? Миллиондаған азаматтардың алдына шығып, қабылданып жатқан шешімді және халықтың миллиардтаған ақшасын бір компанияның акцияларына жұмсағысы келетінін түсіндіруі керек еді. Неліктен мұндай шешім қабылданғанын және оны кім қабылдағанын білу маңызды, - деп жазды Мұрат Әбенов.

Айта кетейік, Питер Фостер 2005 жылдан бері  Air Astana әуекомпаниясының президенті қызметінде жұмыс істейді. IPO басталғалы бері бир­жа­лардағы сұраныс ұсыныстан асып түскен. «Air Astana» тобы – акциялары бір мезгілде үш бир­жада (LSE, KASЕ мен AIХ) орна­лас­тыр­ған алғашқы қазақстандық компания. Жария орналастыру аясында акция сатушы үш тарап: «Самұрық-Қазына» АҚ, BAE Systems PLC және компанияның өзі 370 млн доллар қаржы тартыпты. Сөйтіп, «Air Astana» 15 ақпан күні IPO-ны аяқтады.

Air Astana АҚ-мен келісімнен кейін Ұлттық банк: 

Қазақстанның жоғары сапалы эмитенттерінің жай акцияларын сатып алу БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық порт­фелін әртарап­тан­дыруға ба­ғытталды және ұзақ­мер­зімді перспективада оның кірісін арт­тыруға ықпал етеді. БЖЗҚ зей­нетақы активтерін «Air Astana» АҚ-ның жай акцияларына инвести­ция­лау туралы шешім тұрақты қар­жы­лық көрсеткіштерге, сондай-ақ болашақта тұрақты дивидендтер төлеуге мүмкіндік беретін компания қыз­метінің жоғары рен­табельділігіне негізделді, - деп мәлімдеді.

IPO барысында компания құны шамамен 847 миллион долларды құрады. 120 миллион доллар қаржы өсім­нің келесі кезеңін жеделдету мақ­сатына жұм­сал­мақ.  

IPO барысында әуе компаниясы акцияларының 58%-ы – қазақстандық нарықта, 42%-ы халықаралық нарықта орналастырылған. Қазақстан нарығындағы жалпы сұраныс 483 миллион доллардан асты. Жеке инвесторлар жалпы сомасы 216 миллион долларға 60 мыңға жуық өтінім беріп, сұраныстың шамамен 53 %-ы қанағаттандырылған.  

Компания акцияларына деген сұранысты 38%-ын қамтамасыз еткен институционал инвесторлар арасында БЖЗҚ-ның үлесі басым. Ал халықаралық инвесторларға жалпы сұ­раныстың 25 пайызы тиесілі. 1 жаһан­дық депозитарлық қолхаттың бағасы – 9,5 долларды, ал 1 жай акция үшін 1 073,83 теңгені құраған.

Бұған дейін Еуропалық қайта құру және даму банкі «Air Astana» акция­сының 5 пайызын сатып алып, акционер атанған еді. Олар IPO шең­берінде қазақстандық әуе тасы­мал­даушысының бағалы қағаз­дарына 41,99 миллион доллар инвестиция құйған.

IPO қорытындысы бо­йын­ша, әуе ком­­паниясындағы «Самұрық-Қазынаның» үлесі 51-ден 41 пайызға, ал BAE Systems PLC-тің үлесі 49-дан 15,3 пайызға төмендеген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға