Алматы қалалық мәслихатының VIII шақырылымының кезектен тыс XXIX сессиясында депутаттар қала әкімі Ерболат Досаевтың Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай ардагерлерге берілетін біржолғы төлем мөлшерін 5 миллион теңгеге дейін ұлғайту туралы бастамасын бірауыздан қолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік қолдау шарасы тек Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне қатысты. Сонымен қатар, мәслихат депутаттары Ерболат Досаевтың тыл еңбеккерлеріне берілетін төлем мөлшерін 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін арттыру туралы ұсынысын да мақұлдады.
Әкімнің тапсырмасына сәйкес, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшері арттырылады: 21 ҰОС ардагеріне – 1 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін, 6 149 тыл еңбеккеріне – 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін төлем жасалады, – деп түсіндірді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Аталған төлемдер қаланың аудан әкімдіктері арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша екінші деңгейдегі банктердегі шоттарына берілген тізімдер негізінде, өтініш талап етпей аударылады.
Бүгінгі таңда Алматы қаласында 21 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 6 149 тыл еңбеккері тұрады. Бұл бастама ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілетін құрмет пен қамқорлықтың маңызды көрінісі болмақ.
