Жаңалықтар

Әкім Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

Әкім Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады
01.05.2018 03:59 1707

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Орталық алаңдағы салтанатты шара барысында өңір тұрғындары мен меймандарын 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

 - Бірлік - еліміздің басты қазынасы. Барлықтарыңызды маңызды мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіз. Елбасымыз атап өткендей, бәріміздің мақсатымыз бір, ол - ортақ Отанымыздың өркендеуі. Біз барша ұлттың басын қосып, бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатырмыз. Күні кеше Наурыз мейрамының нүктесін қойып, жұрт болып атап өттік. Бұл да - біздің бірлігіміз бен берекеміздің тамаша үлгісі. Қазақ елінен құт береке кетпесін, бірлігіміз бекем, тірлігіміз көркем болсын деп тілеймін, - деді Болат Бақауов. 

Орталық алаңда өткен шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Павлодарда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің этномәдени бірлестіктері шеру жасап, өз ұлттық тағамдарын қалың қауымның назарына ұсынды.

Аймақ басшысы өз кезегінде Орталық алаңда бой көтерген киіз үйлерді аралап, түрлі ұлттардың мәдени өмірімен танысып қайтты.

Павлодарда Орталық алаңда өтіп жатқан Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде түрлі ұлт өкілдері Достық биін биледі.

Белгілі қазақстандық режиссер, продюсер Алтынбек Рахметовтың айтуынша, алғаш рет түрлі ұлттардың биі әр халықтың өзінің ұлттық әнімен сүймелденді. Әндер өнер көрсеткен этностың тілінде орындалды.

Павлодар облысындағы 24 этномәдени бірлестік өнер көрсеткен бұл нөмірде 60-тан астам биші өнер көрсетті. Достық биін қазақ ұлтының өкілдері аяқтады.

Қатысушылардың ұлттық киімдері жаңадан арнайы тігілген.

Айта кетейік, Орталық алаңдағы бас сахна маңында 10 метрлік Достық дастарханы жайылған. Оған түрлі ұлттардың тағамдары қойылды.

Концерттік шара отандық эстрада жұлдыздарының ән шашуымен жалғасын тапты.

Бас сахнадада 100 павлодарлық бала «Отаным менің» композициясына қатысты.

Бұл қойылымда оқушылар сарайы мен Естай атындағы мәдениет сарайының би ұжымдары өнер көрсетті.

Айта кетейік, Астана көшесі бойында балаларға арналған «Бүлдіршіндер алаңы» бой көтерген. Мұнда да жас балалар өнерлерін көрсетіп, асық атудан, тоғызқұмалақтан және асфальтқа сурет салудан сынға түсті.

Оқушылар сарайының көркемдік тәрбие бөлімінің меңгерушісі Ирина Карпованың айтуынша, «Бүлдіршіндер алаңындағы» концертке 120-ға тарта бала қатысты.

- Бүгін үш вокалдық, үш хореографиялық ұжым би билеп, ән шырқайды. Домбыра оркестрі кешеден бері ұлттық күйлерді тартып, көрермендерді тамсандыруда. Біздің балалар барлық билерді жаңадан дайындады. Оны тіпті, ата-аналары алғаш тамашалап жатыр. 120-ға тарта қатысушымыздың 40 пайызы - өзге ұлт өкілдері. 4-17 жас аралығындағы балар қазақ және өзге тілдерде де ән шырқады, - дейді Ирина Карпова.

 Сонымен қатар, балалар асық ату мен тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойын түрлерінен сынға түсті. Бір топ бүлдіршін асфальтқа суреттерін салды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға