Жаңалықтар

Киелі мекен

Киелі мекен
02.07.2018 12:43 5161

Киесі ұрады дегенді естуіңіз бар ма?

Жалпы кие деген не? Қиялдан жасалған қасиет пе, әлде құндылық жасырылған тылсым ба?

Киелі шөп — адыраспан, киелі құс — аққу, киелі аң — ақбөкен, киелі жануар — жылқы, киелі аспап — қобыз... Осылайша киелі дүниелер тізбегі кете береді? Сонда қалай? Осынау дүниелердің дәрежесін ұлықтайтындай не күш, не құдірет?

Ал, туған жерді неге киелі деп білеміз? Расында да, құдіретті күш пен айрықша қасиетке тұнып тұрса, неге бәз біреу отанынан безіп, шетел кезіп кетеді?

Әңгіменің әлқиссасын өзімнен бастағаным жөн-ау.

Жалпы, өзім Албанның қызымын, Райымбек ауданында дүниеге келгем.

Бала күнімнен анамның жеті шелпек пісіріп, дастарханға құран оқытатыны есімде қалыпты. Және жадымда қалған бір нәрсе бар, ол — әкем Алматыға жол жүрген сайын, бабамыз Райымбек батырдың басына тәу етіп барып, құран оқытып қайтатын еді. Әмиянында үнемі Райымбек атамыздың суреті жүретін. Және әкемнің ылғи жатар алдында ертегі оқып беретін әдеті болған. Ауық-ауық Райымбек батырдың ерлігі мен әулиелігі жайлы да сөз қозғаушы еді. Мұқабасы қара түсті Райымбек батыр жайлы кітап та сөреде тұратын. Райымбек батыр найзасын жерге қадағанда, сол жерден Құдайдың құдіретімен жарып шыққан қайнар бұлақ жайлы да естігем. Қайран қалғам. Қалай? Не үшін? Шынында да, Райымбек батыр алланың сүйген құлы болған ба?

Ал, Кеңес дәуірі тұсында бабамыздың мазарын бульдозер трактормен қырып тастамақ болған ғой. Сонда тракторлар батырдың жатқан жеріне беттей алмай, аударылып кете берген екен. Тіпті, тоғыз жолдың торабынан орын алып, ұрпағының көз алдында зираты тұрарын батыр көзі тірісінде білді дейді. Осының бәріне таңғалдым, сүйсіндім, үлгі тұттым, қасиетіне бас идім. Затым қыз болса да, батырдың ерлігіне тәнті болып, әлдебір жауынгерлік рух мені демейтіндей, өзімді өжет сезінетінмін. Және қайбір кейіпкердің қасиетіне табан тірегенде, үнемі қайсар мінезі мен ерлігін бағалайтынмын.

Райымбек батыр менің жебеуші ұлы бабам болып келді.

Әлі есімде, батырдың басына алғаш зиярат етіп барған кезім. Мектепті ойдағыдай үздік тәмамдадым. Жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрмін. Жұма күні әкем: «Қызым, киін, жүр, екеуіміз бабаңның басына барып қайтайық. Қазақта “өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бар. Райымбек атамыздың батасын алып қайтайық», — деді. Қуанышым қойныма сыйсашы. Жүрегім лүпілдеп, әлдебір тылсым сезімнің жетегімен Райымбек атаның басына келдім. Әкем құран оқыды. Күмбезіне көз салып, іштей тебіреніп отырғанмын. Кенет... Көзімнен ыстық жас төгіле жөнелді. Ағыл-тегіл жыладым. Не үшін екенін өзім де білмеймін. Әйтеуір солқылымды баса алмай, ұзақ егілдім. Әкем: «Қызым-ау, не болды, қой, ентігіңді бас. Көз жасыңды төккенің не?» деп, менің тосын мінезіме таңырқап қалды. Мен де не үшін жылағанымды түсіне алмадым. Бұл — менен тыс күш болатын. Бірақ, әлдебір жеңілдікпен кері қайтқаным есімде.

Содан не керек, оқуға түстім, өз басым, бабамның батасына сендім. Содан студент кезімде қалт етсе, Райымбек атамның басына барып, құран оқытып қайтуды әдетке айналдырғам. Ол кезде намаз, мешіт дегеннен тіпті бейхабармыз ғой. Бір күні курстас қызым радиоға сұхбат алғысы келетінін айтты. «Не жөнінде?» деп сұрап қоямын. «Сол, сен Райымбек атаның басына зиярат етіп барып жүрсің ғой, сол туралы» деп қысқа қайырды. Ризамын. Бірден келісім бердім. Содан біраз уақыт өткен соң өзім жайлы хабарды құлағым шалып қалды. Естідім де, жағамды ұстадым.

«Қазір құдайды қойып, әураққа табынатындар шықты. Ширк қосып жүр. Тозақтық. Өлген қу сүйек қалай көмек береді? Ал, олар өзін өзі құтқара алмайтын әруақтарға сыйынатынды шығарыпты. Адасқан, астапыралла, күнәһар Баян» деген түйін шығарған екен.

Өзіммен бірге бір бөлмеде жатып, бір табақтан ас ішкен досымның жасаған хабары. Адасып жүрген Баянға жаны ашыған түрі ғой, күллі жұртшылыққа хабар жазып, таратып жіберіпті.
Ал, мен сол сәттен бастап бабамның басына баруымның дұрыс-бұрыстығын ажырата алмай, дүдамал күйге түскенім бар. Күнәһармын ба сонда? Бабалар киесі деген жоқ болғаны ма сонда?

Хош, сонымен мен де жайлап мешітке бет бұрып, бабалардан алыстап кеткен екенмін.

Ал, сол сәттен бастап киелі батадан, бабабалар рухының туыстығынан да ажырағанымды енді ғана түсініп отырмын.

Білесіз бе, мен не түсіндім?

Сонымен, Кие деген не деп ойлайсыз?

Райымбек атаның мазары ма? Әлде мешіт пе? Қайсысы киелі? Мешіт?
Мешіт те, жай ғана ғимарат қой, ол неменеге киелі бола қалады? Мешіт кірген адамды тазартып жіберетіндей кірпіштері бейіштен әкелінген асыл тас па сонда?

Құдайға бет бұрып, құлшылық қылғандықтан киелі деймісіз?

Аражігін ажыратайықшы. Демек, мешіт емес, адамның жүрегі киелі ғой. Ықыласы, дұғасы, тілегі, қасиеті мен бойында жасырылған құндылығы киелі ғой. Ал, мешіт — ол жай ғана құндылықты ақтаратын орын. Солай ма?

Тоқтаңыз, міне, гәп қайда жатыр.

Біз әу баста осы жерден қателескен екенбіз.

Демек, кие — затта емес, көкіректе, дейді — ЛОГОТЕРАПИЯ.

Демек, менің көкірегім бабамның құндылығына бас иіп, содан үлгі алып, нұрланып тұр емес пе?

Бабамды киелі қылған — сол кісінің бойындағы құндылығына тәнті қылған менің КӨКІРЕГІМ. Түсінесіз бе, менің жаным сол кісінің нұрлы құндылықтарын қалайды. Сол кісінің басына барған сайын кеудем сырға, нұрға толады.

Ал, орыс не кәріс сынды ұлты мен танымы жат бөтенге Райымбек атам киелі адам емес. Өйткені, оның көкірегі түкті де сезбейді. Арабқа да менің атама деген құрметім мен құндылығына деген құштарлығым жат әрі күлкілі.
Ал, көкірегімдегі құштарлық өзіме ғана аян.

Ананың жаулығын киелі дейміз. Ол да қарапайым жаулық қой. Бір жапырақ орамалды ұлықтатып тұрған ананың берген махаббаты емес пе? Анаң көз жұмып, топырақ жастанса, «бітті, ол қу сүйек, ол маған емес, өзіне көмектесіп алсын, керек болса» деп, жүрегіңнен қиып тастасаң, адамдығыңнан не құн?
Ананың бойындағы құндылыққа құштарлық, махаббатына бас ию — ол тек сенің жүрегіңнен шыққан сезім. Сен ғой, сол анаң тірі болса да, бақилық болса да, кие тұтатын.

Демек, кие — адамның жүрегінде. Және сол жүрекке ұлық қасиетімен енген әлгі анаңда.

Атаң да, бабаң да, дәл солай, жүрегіңде ұлық қасиетімен қалды.

Сен мазарына бақыт тілеп бармайсың! Құдайдан безіп, әруақтан пана тілеп бармайсың.

Сағынышың, құштарлығың жетелейді, құндылығын өне бойыңнан өткізіп, әлдебір күш алу үшін барасың. Адамды адаммен жалғайтын осы құндылық. Мейлі, ол адам өлі болсын, тірі болсын.

Естисің бе, кие — сенің көкірегіңдегі ізгілікке құштарлық.

Ал, біле білсең, қазақтың бабалары құндылық пен қасиеттің қайнар бұлағын тұла бойына сіңіргендер. Сол үшін киелі. Әйтпесе, жатқан жерін қопарудан қорғап несі бар Құдайдың? Тілегін қабыл қылып, қара жерді қақ жарып, бұлақ шығарып не керек?
Демек, алла разы болған адамдарды біз кие тұтамыз. Сол аллаға сүйікті болған қасиеті үшін. Өйткені, Жаратушы өзі панасына алып, кие берген. Біз де, сол қасиеттің шарапатын көргіміз келеді.

Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат деген сөз бар емес пе?

Мұнда да дәл солай.

Қазақ елі де, қаны қазақ, жаны қазақ үшін киелі мекен.

Мекке мен Мединеден басқа киелі жер жоқ дейсіз бе?

Не себепті Медине киелі? Ол да жай ғана жер, арабтар мекен еткен ел.

Пайғамбар келгендігі үшін бе? Ізгілік шамы сол елде жағылғаны үшін бе?
Ендеше, қазақ жеріне де, талай сахабалар табан тіреген, талай әулиелер ізгіліктің отын жаққан.

Атап айтсақ, Түркістан да киелі. Себебі, Арыстан бабта сахабаның сүйегі жатыр. Ол ол ма, күллі түркі жұртының шамшырағына айналған Құл Қожа Ахмет Яссаиу де қазақ жерінде.

Не үшін Яссауи киелі дейсіз бе?

Негізі, бұл сұрақ қазақтан басқаға таңсық емес те шығар.

Өйткені, жылына осы бір қасиетті мекенге, дәлірек айтсақ, түркі ғұламасының басына зиярат етіп, бір миллионнан аса адам келеді екен. Ал, біз мұны «ШИРК» деп шырылдап жүрміз.

Сөздің шыны керек, осы күнге дейін құдайды қойып, әруаққа сыйынған атам қазақты көрмеппін. Көрсем көзім шықсын.

Ата-бабаға деген құрметті жалынып-жалбарынумен шатастырып, былықтырып жүрген кімдер екенін де түсінбедім.

Мейлі, менің атам да, апам да көз жұмды делік. Әлдекім үшін олар қара жер қойнында жатқан қу сүйек шығар, ал, мен үшін мәңгі бақи киелі адамдар болып қала береді. Мұны да ширк дейсіз бе? Күлкілі.

Қазақ та, қазақ жері де, қазақ жерін мекендеген халық та киелі. Себебі, осы елді мекен еткен әйгілі тұлғалардың ізгі қасиетіне құдайдың көзі түскен.
Және менің көкірегім осылай дейді. Менің елім — киелі мекен!

Тоғыз сөздің тобықтай түйінін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен түйіндейін:

«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол тәуелсіз Қазақстан. Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!
Көптеген елдерді араладым. Табиғаты ғажайып талай өлкенің сұлулығына көз құмарымды суардым. Бірақ, бәрі де өзім туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған үш қоңыр төбеге жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы сонда екен…»

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға