«Киелі мекен»: Астанада «Жас сарбаздар» экологиялық акцияға қатысты
Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бұл апта «Киелі мекен» ұранымен өтіп, тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын абаттандыруға арналған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің, мәслихат депутаттарының, оқушылар мен студенттердің, спортшылардың, «Жас сарбаз» қозғалысының студенттерінің, Ауған соғысы ардагерлерінің, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің және тағы басқа бірлескен күш-жігерімен өтіп жатыр.
Экологиялық акция аясында мәдени мұра нысандарының қасбеттерін, ескерткіштер мен іргелес аумақтарды ретке келтіру бойынша тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Сәуірдің 19-ы таңғы уақыттан бастап мәдениет ұйымдарының қызметкерлері мен «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысының студенттері Сарыарқа даңғылында орналасқан Кеңес Одағының батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бегелдиновтің ескерткішіне және айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Асхат Налшыбектің айтуынша, экоакция өскелең ұрпақтың бойына жақындарына деген қамқорлық, құрмет сезімін қалыптастырудың үлгісі болып саналады. Барлығы 50-ден астам жас сарбаз жауынгері қатысуда.
Біз бұл акцияны қаламыздың барша тұрғындарына үндеу ретінде өткізіп жатырмыз. Біз жастарды, еріктілерді және барлық мүдделі адамдарды Астанамыздың аулалары мен көшелерін қоқыстан тазартуға және экологиялық жағдайын жақсартуға шақырамыз. Жұмыс ертең де жалғасады, әр апта белгілі бір тақырыпқа арналады, - деді Асхат Налшыбек.
«Киелі мекен» апталығы басталғалы 40-тан астам ескерткіш тазартылды. Елордада барлығы 117 ескерткіш болса, оның 46-сы – мемлекет қорғауында.
Айта кету керек, Астанада ауқымды экологиялық науқан жалғасуда. Ол бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Бұл апта «Киелі мекен» деп аталады.
«Жасыл аймақ» деп аталатын үшінші апта ағаш отырғызу мен көшеттерді әктеуге арналады.
4 мамырға дейінгі уақыт – «Өнегелі ұрпақ» деп аталады. Бұл апталық ардагерлер тұратын аулалар мен қарттар үйінің аумағын тазалауға және абаттандыруға арналған.
«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы бесінші аптада өзен-көлдердің маңайы қоқыстан тазартылады.
Сурет: Астана қаласы әкімдігі
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында Астанада вандализмге қарсы бағытталған «Тоқта, вандал!» акциясы өтті.
Іс-шараның өтуіне Сарыарқа ауданы әкімдігі, қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы, елордалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері ұйытқы болды. Акция қала мүлкін қорғауға, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға бағытталған. Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Вандализм жасағандар жазасыз қалмайды.
Вандализм қоғамның мүлікке зияны тигізуі ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қауіп төндіретінін ескерген жөн. Бұл акция қоғамдық мүліктің бүлінуіне жол бермеуді, сондай-ақ азаматтардың санасы мен жауапкершілігін аттыруды насихаттайды. Жалпы әрбір азамат қала тазалығына немқұрайлы қарамауы қажет. Әсіресе жастар вандализм әрекеттерінің алдын алып, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға атсалысқаны дұрыс, - деді елорданың Жастар саясаты басқармасының басшысы Самат Ибраев.
«Тоқтал, вандал!» акциясы қалада дәстүрлі түрде волонтерлердің қатысуымен өтеді. Оның аясында қоғамдық орындарда рейд өткізіледі. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сергей Ильиных кеңірек тарқатты.
Саябақтар, аулалар, көшелердегі мүлікті бүлдіретін бұзақылық әрекеттердің алдын алу бойынша тұрақты негізде бас қалада рейд өткізіліп, алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оның барысында сондай-ақ есірткіні жасырын, бүркемелеп насихаттауға тырысатын көше жарнамалары жойылады. Нашақорлардың көбейе түсуіне есірткіні таратушы мен сатушылардың, насихаттаушылардың үлесі мол. Олар билборд, пилон сияқты жарнама құрылғыларын да, граффити сызбаларды да астыртын пайдаланып, «ұн, «тұз», «кір жуу ұнтағын» сатамыз» деп жалған жарнама беретіні анықталып отыр. Аталмыш әрекеттер үшін жарнама берушілер 2019 жылдан бері Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Соңғы кездері оған жасөпірімдер тарапынан қызығушылық байқалады. Сондықтар осындай рейд не акция барысында жастарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оларға есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын ескертеміз, - деді С.Ильиных.
«Тоқта, вандал!» акциясы алдағы уақытта қаланың басқа да аудандарында өткізіледі деп жоспарланған. Оған мектеп оқушылары, студенттер және қаланың өзге белсенді жастары тартылады.
Сурет: Астана қаласы әкімдігі