Жаңалықтар

Киберпол аға жедел уәкілі: «Бір қоңырау — бар жиған-тергеніңізден айыруы  мүмкін»

Киберпол аға жедел уәкілі: «Бір қоңырау — бар жиған-тергеніңізден айыруы  мүмкін»
Фото: Шымкент қ. Полиция департаменті 27.04.2025 12:00 465

Интернет-алаяқтық – заманның өзекті мәселелерінің бірі. Әсіресе әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн платформаларда алданушылардың саны азаймай тұр. Қаскөйлердің айла-тәсілдері күн сайын жаңарып, қарапайым тұрғындарды алдап-соғу оқиғалары жиілеп кеткен. Осы өзекті мәселе төңірегінде El.kz тілшісі Шымкент қалалық Полиция департаментінің киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлішер Айсаевпен сұхбаттасты.

El.kz: Ең алғашқы сұрақты, өзіңіз еңбек ететін киберполиция басқармасының құрылымымен, осы уақытқа дейін атқарған жұмысымен таныстырып өтсеңіз...

Әлішер  Айсаев: Жалпы киберполиция басқармасы – ақпараттық технологиялардың дамуымен бірге күн сайын күрделеніп келе жатқан интернет-алаяқтық, жеке деректерді ұрлау, түрлі қаржы пирамидалары, фишинг, спам-шабуылдар сияқты қылмыс түрлерінің алдын алу және ашумен айналысатын арнайы бөлім. Интернет-алаяқтыққа қарсы қарсы күресті жетілдіру және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында 2023 жылдың 6 маусымында «Киберпол» тобы құрылған болатын. Бұл топта 11 тергеуші, 13 жедел уәкіл және 1 криминалист бар. Топ мүшелері арнайы техникалық құралдармен (Айрис, Аргус, Скриптур, Блур, Кросс) қамтамасыз етілген. Бұл құралдар қылмысты талдауды жеделдетіп, дәлдікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Интернет-алаяқтары тұрғындарды алдау үшін түрлі құйтырқылықтарды шебер меңгерген. Интернет-алаяқтары күн сайын тәсілдерін жаңартып отырады. Әрине, полиция жоғарыда аталған құрылғылардың көмегімен мейлінше қылмысты ашуға тырысады. Бірақ, тұрғындар алаяқтықтардың арбауына түсіп, адал ақшаларынан айрылып қалмас үшін өте сақ болуы керектігін ескертеміз. Карта арқылы қаржы аудармас бұрын әбден тексеріп, мәселенің байыбына барып, түбегейлі тексергені жөн. Бұл бағытта халықтың құқықтық сауаттылықтарын арттыру үшін түрлі кездесулер өткізіп, әлеуметтік желіліерде алаяқтықтан сақтану жолдарын түсіндіріп келеміз.

El.kz: Бүгінде интернет-алаяқтарының қитұрқы әрекеттері туралы халықты ақпараттандыру, сақтандыру бағытында түрлі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Дегенмен ғаламтор ұрыларының арбауына түсетін азаматтардың қатары азаймай отыр. Осы тұрғыда ресми статистика не дейді? Жалпы, Шымкент қаласында бұл қылмыстың түрі азайды ма, әлде әлі де өсім бар ма?

Әлішер  Айсаев: Иә, расымен де қазіргі таңда интернет желісі мен заманауи құрылғыларды қолдану адам өмірін жеңілдеткенімен, оны өз пайдасына теріс бағытта пайдаланатын алаяқтардың саны күннен-күнге артып келеді. Бұл – тек Шымкент қаласына тән емес, жалпы әлемдік деңгейде алаңдаушылық туғызып отырған мәселе. Ал біздің қала бойынша нақты деректерге тоқталар болсам,  өткен жылы Шымкент қаласы бойынша 700-ден астам интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді.   2023 жылы олардың саны - 1000-ға жуық. Былтыр  аталған қылмыстардың ашылу деңгейі шамамен 30 пайызды құрады. Айта кету керек, бұл көрсеткіш республикадағы орташа деңгейден едәуір жоғары. Яғни, біздің қалада интернет алаяқтықпен күрес қарқынды жүріп жатыр деп айтуға негіз бар. Ал биылғы жылдың статистикасына келер болсақ, 2025 жылдың  алғашқы тоқсанында қалада  интернет-алаяқтығына қатысты 167 қылмыстық факт тіркелді. Оның 52-сі бойынша күдіктілер анықталып, қылмыстар ашылды. Салыстыра қарасақ, 2023 жылдың дәл осы кезеңінде 152 қылмыс тіркелген болатын. Демек, өкінішке қарай, биыл интернет-алаяқтық қылмыстарының саны азаймай, керісінше өсім байқалып отыр. Әрине, бұл деректер бізді алаңдатпай қоймайды.

El.kz: Интернет-алаяқтығы бойынша тіркелген қылмыстардың статистикасын білдік. Ал енді жәбірленушілерге келтірілген шығын мөлшері қандай болды? Оның қаншасы қайтарылды?

Әлішер  Айсаев: Интернет-алаяқтарының әрекеті тек моральдық емес, материалдық тұрғыдан да үлкен зардап әкеліп отыр. Өткен 2024 жылдың қорытындысы бойынша интернет-алаяқтық қылмыстары салдарынан жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 1,5 миллиард теңгені құрады. Бұл – аз сома емес, қомақты қаржы. Әрине, алаяқтардың ізіне түсіп, олардың жауапқа тартылуын қамтамасыз ету оңай процесс емес. Дегенмен жүргізілген кешенді тергеу амалдарының нәтижесінде, былтырғы жылы келтірілген шығынның 200 миллион теңгеден астамы жәбірленушілерге қайтарылды.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының деректеріне тоқталсақ, 2025 жылдың үш айының ішінде интернет-алаяқтық фактілерінен келтірілген шығын көлемі 784 миллион теңгеге жетіп отыр. Бұл – небәрі үш айдың ішінде жиналған көрсеткіш. Соның ішінде қазіргі таңда шамамен 55 миллион теңгесі ғана қайтарылды. Осы мәліметтерден-ақ интернет арқылы жасалатын қылмыстардың қоғамға қаншалықты зор қауіп төндіріп отырғанын аңғаруға болады.  

El.kz: Қазір интернет-алаяқтарының түрлі тәсілдермен халықты алдап жүргені туралы жиі естиміз. Олар әдетте қалай әрекет етеді? Қандай әдістерді жиі қолданады?

Әлішер  Айсаев: Негізінде интернет-алаяқтық – ашылуы өте күрделі қылмыс түріне жатады. Бұл жерде басты ерекшелік – жәбірленушінің өзі алаяқтарға ақпаратты, ақшаны немесе тіпті мүлкін саналы түрде және өз еркімен беретіндігі. Сондықтан бұл қылмыс түрін әшкерелеу мен дәлелдеу процесі әрдайым қиындық туғызады.

Интернет-алаяқтар қолданатын схемалардың түрі сан алуан. Солардың бірі – микрокредиттік ұйымдар арқылы онлайн-қарыз рәсімдеу. Яғни, алаяқтар адамның жеке деректерін пайдаланып, оның атынан интернет арқылы несие алады. Бұл қазір алаяқтықтың ең көп тараған түріне айналып отыр. Сонымен бірге үйді жалға беруге байланысты алаяқтық әдісі де кең таралған. Алаяқтар жоқ пәтерлердің фотосуреттерін «OLX» секілді танымал сауда платформаларына орналастырады. Қызыққан азаматтардан алдын ала төлем жасауды сұрайды да, ақшаны алғаннан кейін бірден байланысын үзіп тастайды. Тіпті жоқ пәтерді бір емес, бірнеше рет әртүрлі адамдарға "жалға берген" оқиғалар да тіркелген.

Тағы бір түрі – өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, телефон соғу арқылы адамдарды алдау. Олар түрлі сылтаулар айтып, азаматтардың карталарының артқы жағындағы үш таңбалы кодты, жеке деректерді, шот нөмірлерін сұрап алып, сол арқылы үлкен көлемде несие рәсімдейді немесе ақшаларын қолды етеді. Бұл – халық арасында ең жиі кездесетін сценарийлердің бірі. Тіпті сенесіз бе, кейде қылмыскерлер өздерінің әрекетін барынша сенімді көрсету үшін полицияның жалған куәліктерін, қолдан жасалған мөрлерді, банк бланктерін пайдаланады. Олар адамды психологиялық қысымға алып, тез шешім қабылдауға итермелейді. «Уақыт аз», «Шұғыл әрекет ету керек» деген сылтаулармен жәбірленушінің туыстарымен байланысуына немесе банкке нақтылап хабарласуына мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар алаяқтар халық жиі кіретін сайттар арқылы да әрекет етеді: жоқ тауарларды арзан бағаға ұсынып, алдын ала төлем талап етеді, ал ақшаны алған соң мүлдем жоғалып кетеді.

Соңғы уақытта тағы бір қауіпті тенденция байқалып отыр: WһatsApp мессенджерін бұзып, сол арқылы жәбірленушінің туыстары мен таныстарынан қаржы сұрау фактілері көбейді. Бұл жерде адамдар өз туысының нөмірінен келген хабарламаға сеніп, сұралған соманы аударып жіберетін жағдайлар аз емес.

Қорыта айтқанда, интернет-алаяқтар күн сайын жаңа тәсілдер ойлап тауып, халықты алдау үшін психологиялық айла-шарғыларды шебер қолдануда. Сондықтан барынша мұқият әрі сақ болу қажет.

El.kz: Олар қай тәсілдерді көбірек пайдаланады?

Әлішер  Айсаев: Қазіргі уақытта интернет-алаяқтар желі арқылы жүргізілетін барлық операцияларда мүмкіндігінше жедел әрі жылдам әрекет етуге тырысып жатыр. Сол арқылы құрбандарын шатастырып, олардың қырағылығын әлсіретуге бағытталған әдістерді жиі қолданады.

Интернет-алаяқтықтың кеңінен таралған түрлерінің бірі – фишинг. Бұл әдіс интернет пайдаланушылардың жеке мәліметтерін – яғни логиндері мен парольдерін, банк карталарының деректерін жасырын жолмен қолға түсіруге бағытталған. Алаяқтар әдетте танымал брендтердің, ірі банктердің немесе белгілі бір мемлекеттік ұйымдардың атынан жаппай электронды хаттар таратады. Бұл хаттарда әдетте қандай да бір шұғыл әрекетке шақырады: шотыңыз бұғатталды, төлем жасалмады, қауіп төнді деген сияқты ақпаратпен қорқытып, арнайы сілтемеге өтуге мәжбүрлейді.

Осы ретте маңызды ескерту – электрондық поштаңызға келген бейтаныс мекенжайлардан түскен хаттарды мүлдем ашпаған дұрыс. Егер ашып қойсаңыз да, ондағы сілтемелерге өтпеңіз, көрсетілген сайттарға жеке деректеріңізді енгізбеңіз. Мұндай күдікті хаттарды бірден жойып отырған абзал. Себебі фишингтік сілтемелер көбіне пайдаланушыны шынайы сайтқа ұқсас жасалған жалған беттерге бағыттайды. Мұндай беттерге жеке мәліметтерді енгізу арқылы адам өз қолымен алаяқтардың құрбанына айналады. Сонымен қатар құрылғыларыңызды қорғау үшін міндетті түрде заманауи вирусқа қарсы бағдарламаларды қолдану қажет. Бұл - қауіпсіздіктің негізгі элементтерінің бірі. Вирустарды уақытылы тексеріп, бағдарламаларды жаңартып отыру интернеттегі көптеген қатерден сақтайды.

Айта кету керек, банктер мен байланыс операторлары интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы үнемі ескерту жасап, халықты ақпараттандырып отырады. Әлеуметтік желілер мен ресми сайттарда арнайы хабарламалар жариялайды. Соған қарамастан, өкінішке қарай, алаяқтардың қақпанына түсіп, сан соғып қалғандардың саны әлі де азаймай тұр. Бұл жағдай адамдардың қауіпсіздік мәдениетін күшейту қажеттігін тағы бір рет көрсетеді.

(Фото: ©Pixabay.com)

El.kz: Ғаламтор ұрылары кейде байланыс операторларының атын жамылып, өз құрбандарын оңай арбауына түсіріп жатады дегенді жиі естиміз. Осыған нақты мысал келтіре аласыз ба?

Әлішер  Айсаев: Иә, бұл – қазіргі таңда жиі кездесетін және алаяқтар кеңінен қолданатын қылмыстық схемалардың бірі. Жоғарыда айтып өткенімдей, алаяқтар өздерінің әрекет ету тәсілдерін заман талабына сай үнемі жетілдіріп, жаңартып отырады. Бұған нақты мысал ретінде  ақпан айында болған бір оқиғаны келтіруге болады.

Полицейлер 69 жастағы қала тұрғынынан айтарлықтай көлемде ақша жымқырған екі ер адамды анықтап ұстады. Бұл жағдай былай өрбіген: зейнеткерге өзін ұялы байланыс операторының өкілі ретінде таныстырған белгісіз біреу қоңырау шалады. Қоңырау шалған адам әжейдің SIM-картасының мерзімі аяқталғанын айтып, оны қайта белсендіру үшін келген SMS-кодты айтуын сұрайды. Тосын жағдайдан сескенген және алаяқтың сөзіне сеніп қалған зейнеткер сұралған кодты беріп қояды. Біраз уақыт өткен соң басқа біреу қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады. Ол алдыңғы қоңырау шалған адамның алаяқ екенін айтып, зейнеткердің шотында күмәнді қаржылық операциялар жүріп жатқанын жеткізеді. Жәбірленушінің үрейін одан әрі үдету үшін алаяқтар тез арада есепшотындағы қаражатты "сенімді орынға" уақытша сақтау керек екенін айтып, оны сол әрекетке мәжбүрлейді. Содан зейнеткер бар жиған-терген ақшасын шешіп алып, алаяқтардың айтқан жерге жібереді. Бұл әрекет толық сенімге негізделген, яғни, әжей барлық нұсқауды бұлжытпай орындаған.

Абырой болғанда, киберполиция қызметкерлері шұғыл түрде тергеу жүргізіп, күдіктілердің ізіне түсіп, оларды қолға түсірді. Кешенді және жан-жақты тергеу жұмыстарының нәтижесінде жәбірленушіге келтірілген барлық материалдық шығын толықтай өтелді.

Сот үкімімен екі алаяқтың әрқайсысына 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұл оқиға халықтың сақтығы мен интернеттегі алаяқтық схемаларына қарсы қырағылық танытуының қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдеп отыр. 

El.kz: Айтпақшы, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шымкентте шоколадты құлпынай сатумен айналысамыз деген желеумен интернет-алаяқтары тұрғындарды алдап соққаны туралы ақпарат тараған еді. Сүйіктілеріне сыйлық алып беремін деп алданып қалғандар жайлы не айта аласыз? Құрықталғандар бар ма?

Әлішер  Айсаев: Иә, бұл оқиға көпшіліктің назарын аударған болатын. Киберпол қызметкерлері арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент қаласының жүздеген нәзік жанды тұрғындарын 8 наурыз мерекесінде сыйлықсыз қалдырған интернет-алаяқтық схеманы әшкереледі.

Мерекеге санаулы күндер қалғанда қаскөйлер әлеуметтік желілерде арнайы парақша ашып, онда шоколадпен көмкерілген құлпынай өнімдерін сатамыз деп жарнама жасаған. Жарнаманың сапалы әрі тартымды жасалғаны соншалық, жақындарын қуантуға асыққан тұрғындардың қызығушылығын тудырған. Көптеген азамат анасына, әжесіне, жұбайына немесе әпкесіне арнап тәтті сыйлық жасау мақсатында тапсырыс берген. Алайда олар ақшаны алдын ала аударғанымен, уәде етілген шоколадты құлпынайды қолына тигізе алмағаны. Жедел іздестіру барысында киберпол қызметкерлері күдіктілерді ұстады. Тексеру нәтижесінде бұл алаяқтық әрекеттерді екі жас жігіттің ұйымдастырғаны белгілі болды. Олар оңай әрі тез ақша табу мақсатында осындай қылмыстық жолды таңдаған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды. Құқық қорғау органдары тергеу барысында олардың басқа да осындай алаяқтық фактілерге қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.  

El.kz: Жуырда әлеуметтік желіде шымкенттік кәсіпкер интернет-алаяқтықтың құрбаны болғанын жазып, бір тәуліктен кейін қолды болған дүниесін кибер полицияның көмегімен тапқанын қуана хабарлаған еді. Осы оқиға жайында толығырақ айтып берсеңіз...

Әлішер  Айсаев: Бұл факт жақында тіркеліп  және кеңінен талқыланды. Әлеуметтік желіде Құмарбек есімімен белгілі  шымкенттік кәсіпкер өзінің бастан өткергенін көпшілікпен бөлісті. Ол Алматы қаласынан Шымкентке тауарын жеткізу үшін арнайы жүк тасымалдау қызметтері ұсынылатын  FA-FA.kz және Della.kz  сайттар арқылы жүк көлігіне тапсырыс берген. Осы уақытта дәл сол бағытта жүктерді тасымалдауға дайын жүргізушілер де сайтта хабарлама қалдырады. Осы сәтті оңтайлы пайдаланып, интернет-алаяқтар іске кіріскен. Олар жүк иесі мен жүргізушінің ортасына түсіп, әрқайсысымен жеке байланыс орнатып, өзін біріне – жүргізуші, екіншісіне – тапсырыс беруші ретінде таныстырады. Әбден сенімге кірген соң олар жүкті алдын ала дайындалған базаға бағыттайды. Жүк сол жерде түсіріледі. Алайд  бұл жерде алаяқтар басқа дайын тұрған екі белгісіз жүк көлігін пайдаланып, құны 30 миллион теңгеге бағаланған тауарды белгісіз бағытқа алып кетеді.

Оқиғаның мән-жайын түсінген кәсіпкер бірден полицияға арызданды. Біз жедел әрекет етіп, ең алдымен жүкті бастапқыда тасымалдаған жүргізушіні анықтадық. Ол жүкті қай жерге апарып түсіргенін көрсетті. Бірақ айтқан жеріне барғанда, бізді қарсы алған жалғыз ғана адам – даладағы қойшы болды. Оның айтуынша, сол түні жүкті түсіргеннен кейін белгісіз маркадағы және нөмірі жазылмаған екі жүк көлігі сол маңға кіріп-шыққан.

Біз тергеу жұмыстарын үдете түсіп, әрбір ұсақ деректі мұқият сараладық. Киберполиция қызметкерлерінің шеберлігінің, қырағылығының арқасында бір тәуліктің ішінде қолды болған тауарды Түркістан облысы Түлкібас ауданының шетіндегі бір аймақтан таптық. Тауар түгелдей кәсіпкерге қайтарылды. Әрине, сырттай қарағанда мұндай нәтижеге жету оңай көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде бұл – өте күрделі жұмыс. Интернет-алаяқтардың ізін кесу – шешуі қиын жұмбақтың жауабын табу секілді. Әрбір ізі шебер жасырылған.  

(Фото: Шымкент қ. ПД баспасөз қызметі)

El.kz: Қалай ойлайсыз, әлеуметтік желіде жиі ұшырасатын "50 мың теңге салып, 500 мың аласың" деген секілді ұсыныстарға сенетіндер әлі де азаймай тұрғаны неліктен?

Әлішер  Айсаев: Өте орынды сұрақ. Жалпы интернет-алаяқтардың арбауына түсіп жатқандарды белгілі бір жас ерекшелігіне, қызмет саласына, қоғамдағы мәртебесіне немесе біліміне қарап бөлу мүмкін емес. Бұл жағдай бәрімізге ортақ қауіп екенін түсінуіміз керек. Өйткені бүгінде көпшілік "аз қаржы салып, оны жылдам әрі оңай жолмен еселеп көбейтіп алуға болады" деген иллюзияға сенгісі келеді. Әрине, шынайы инвестициялық жобалар, нақты мүмкіндіктер де бар екені рас. Алайда дәл осындай шынайы мүмкіндіктердің тасасында алаяқтар да тығылып, аңқау жандарды торуылдап жүретінін естен шығаруға болмайды.

Алаяқтар адам психологиясын өте жақсы зерттеген. Олар аз ғана қаржымен үлкен пайда табуға уәде етіп, адамның тез баюға деген табиғи ұмтылысын өз пайдаларына шебер қолданады. Нақты дәлелдер, жалған сертификаттар, оң пікірлер арқылы сенімділікті арттырады. Ал шын мәнінде мұндай ұсыныстардың басым бөлігі – әдемі сөздермен қапталған қулық пен айла.

El.kz: Интернет-алаяқтардың алдауына ең жиі түсетіндер кімдер?

Әлішер  Айсаев: Біздің тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, интернет-алаяқтардың құрбаны болатын адамдардың қатары өте кең. Белгілі бір жас ерекшелігіне немесе кәсіби салаға қарап шектеу қою қиын. Дегенмен, нақтырақ айтар болсақ, жұмыссыз жүрген азаматтардан бастап, білім беру, денсаулық сақтау саласында еңбек ететін мұғалімдер мен дәрігерлерден де бізге арыз-шағымдар жиі түседі.

Жұмыссыз жүрген тұрғындар, әрине, тезірек табыс табуға немесе қаржылық жағдайын жақсартуға ұмтылады. Осындай сәттерді алаяқтар ұтымды пайдаланып, оларға "оңай әрі жылдам ақша табу жолын" ұсынып, тұзағына түсіреді. Ал мұғалімдер мен дәрігерлер секілді қоғамның құрметті өкілдері көбінесе адалдықтарына сеніп, алаяқтардың айласына еріксіз алданып қалып жатады. Олардың көбіне шынайы әрі сенімді көрінетін ұсыныстар арқылы жақындасады.

El.kz: Шыны керек, қоғамда "алаяққа алданып қалғандар өздері кінәлі" деген пікір жиі айтылады. Бұл көзқарасты қаншалықты әділетті деп санайсыз?

Әлішер  Айсаев: Иә, мұндай пікірді естіп жатамыз. Бірақ әр жағдайдың өз ерекшелігі бар екенін ескеру керек. Әрине, егер адам өз іс-әрекетіне толықтай сенімді болса, әр қабылдаған шешіміне терең баға беріп отырса, онда алаяқтардың арбауына түсу ықтималдығы едәуір төмен болар еді. Мұндайда қазақтың "Жеті рет өлшеп, бір рет кес" деген сөзі өте орынды айтылған.

Интернет заманында ақпарат ағымы өте жылдам. Кейде адамдар асығыстық жасап, эмоцияның жетегінде кетіп, шешімдерді тез қабылдап қояды. Осындай сәттерді алаяқтар ұтымды пайдаланып, адамдардың сенімін теріс мақсатта қолданады. Сондықтан қандай да бір күмән тудыратын жағдайда асығыс шешім қабылдамай, алдымен жақсылап ойланған дұрыс. Әрбір қадамды салмақтап барып жасау — киберқауіпсіздіктің маңызды ережелерінің бірі. Сондықтан жәбірленшушілерді айыптаудан бұрын  түсіндіру, ақпараттандыру және әр адамның санасында сақтық мәдениетін қалыптастыру маңызды деп ойлаймын.

El.kz: Алаяқтардың көбінің қандай мамандығы немесе білімі бар?   

Әлішер  Айсаев: Алаяқтардың нақты кім екендігін, олардың мамандығы мен айналысатын қызмет түрін анықтау — тергеушілер мен соттың құзыретіне жататын мәселе. Біз, киберполиция қызметкерлері, көбінесе арыз түскеннен кейін арызда көрсетілген деректер бойынша жұмыс істейміз. Яғни, алаяқтардың қолданған есепшоттарын, телефон нөмірлерін, жеке бас деректерін анықтап береміз. Ал олардың қай сала өкілі екендігін немесе қандай кәсіби білімі бар екені тергеу барысында толық анықталады.  

(Фото: Шымкент қ. ПД баспасөз қызметі)

El.kz: Қарапайым адам интернет-алаяқты бірден тани ала ма? Ол үшін нені басты назарға алған дұрыс?

Әлішер  Айсаев: Ашығын айту керек, алаяқты бірден тану оңай емес. Мысалы, егер қылмыскер өзін банк қызметкерімін деп таныстырса, оны шынайы банк қызметкерінен айырып алу қарапайым адам үшін мүмкін емес деуге болады. Өйткені алаяқтар алдауға өте мұқият дайындалады. Әрбір сөзін, әрекетін алдын ала жоспарлап, "сақадай сай" болып келеді. Ешқандай қобалжу немесе шынайы емес әрекет байқатпайды.

Қазіргі таңда алаяқтар өзін банк өкілі ғана емес, тіпті киберполиция қызметкерімін деп таныстырып, жәбірленушіні сендіру үшін түрлі сценарийлерді қолданады. Олар тіпті "сізді интернет-алаяқтардан қорғаймыз" деген желеумен өздері алаяқтық жасайды. Мұндай кезде әрбір азамат бір маңызды ережені есте ұстауы тиіс: полиция, оның ішінде киберполиция қызметкерлері де, ешқашан алдын ала қоңырау шалып, жеке деректерді сұрамайды және арыз жазылмайынша, ешқандай іске араласпайды. Бір сөзбен айтқанда, әр қоңырауға байыппен, асықпай, ойланып жауап беру керек.  

El.kz: Өзіңіз айтып өткендей, интернет-алаяқтар әдістерін үнемі жаңартып, мейлінше қарапайым тұрғындарды алдап соғуды тоқтатар емес. Маман ретінде мұның алдын алу үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?

Әлішер  Айсаев: Дұрыс айтасыз, өкінішке қарай, интернет-алаяқтардың құрбаны болып жатқандардың саны азаймай тұр. Біздің негізгі міндетіміз – жәбірленушілердің арызын қабылдап, бар күш-жігерімізді сала отырып, қылмыстың бетін ашу, алаяқтардың іс-әрекетін әшкерелеу. Алайда мәселені түбегейлі шешу үшін тек полицияның күші жеткіліксіз. Бұл жерде қаржы ұйымдарымен, әсіресе банктер мен микрокредиттік ұйымдармен бірлесе отырып, заңнамалық деңгейде нақты өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, қаржы ұйымдары өздерінің клиенттерінің жеке деректерінің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуі керек. Банктердің, әсіресе микрокредиттік ұйымдардың қауіпсіздік шараларына қойылатын талаптарды қатаңдату керек, өйткені мәліметтер базасынан ақпарат қаржы ұйымдары қызметкерлерінің кінәсінен жария болады, бірақ оны дәлелдеу қиын. Нәтижесінде жәбірленуші өзінің несие тарихын бүлдірмеу үшін өзіне тиесілі емес қарызды төлеуге мәжбүр болады.

Жалпы банк немесе микрокредит ұйымы тек соттың шешімімен ғана несие төлемінің күшін жоя алады. Ал сот процесі ұзақ уақыт алады: алдымен алаяқтарды тауып, олардың кінәсін толық дәлелдеу керек, одан кейін ғана жәбірленушінің атына тіркелген қарыз жойылады. Бұл – шынымен де күрделі әрі ауыр процесс.  Сондықтан әрбір азамат өз қауіпсіздігі үшін өзі жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Менің ойымша, ақпараттық сауаттылық пен қауіпсіздік ережелерін ұстану арқылы ғана біз алаяқтардың арбауынан сақтана аламыз.

El.kz: Алаяқтықтың құрбаны болмас үшін тұрғындарға нақты нендей кеңес берер едіңіз?

Әлішер  Айсаев: Алаяқтардың арбауына түспеу үшін қарапайым сақтық ережелерін ұстану аса маңызды. Ең алдымен, расталмаған сауда көздерін пайдаланбаңыз. Банк карталары мен шоттарыңыз туралы мәліметтерді ешкімге бермеу керек, әсіресе интернет арқылы байланысқан кезде аса мұқият болу қажет. Егер сізге қандай да бір сілтеме жіберілсе, алдымен оны мұқият тексеріп, акция жүргіземіз деген ұйымның немесе компанияның ресми атауының дұрыстығына көз жеткізіңіз. Толық зерттеп, зерделемейінше, өзіңіз туралы деректерді жарияламаңыз.

Әлеуметтік желілерде өз профиліңіздің дербестік баптауларын дұрыс реттеңіз: жеке және қызметтік телефон нөмірлеріңізді көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Егер бизнес-аккаунтта көрсететін болсаңыз, жеке және жұмыс нөмірлерін ажыратып пайдаланған жөн. Жеке нөмір тек жақын туыстар мен достар үшін арналуы керек.

Банк карталарыңыздың деректерін қорғаңыз. Ол үшін есептік деректерді үнемі тексеріп отырыңыз. Сенімді, көп факторлы аутентификация қолданылатын күрделі құпиясөздер орнатыңыз. Банк картасының сыртындағы үш таңбалы CVV/CVC кодты ешкімге айтпаңыз. Банк жіберетін SMS-кодтарды бейтаныс адамдарға мүлдем жарияламаңыз.

Қоғамдық Wi-Fi желілеріне қосылған кезде сақ болыңыз, ашық желілер арқылы жеке мәліметтеріңізді енгізбеңіз. Жеке куәлік, банк картасының көшірмелері сияқты құжаттардың суреттерін ешкімге жібермеңіз және таратпаңыз. Сонымен қатар интернетте жасалатын күмәнді мәмілелерден аулақ болыңыз. Ол үшін: онлайн сауда жасағанда алдын ала төлем жібермеңіз, белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз, автокөлік немесе қосалқы бөлшектер сатып аларда сатушымен кездесіп, тауарды көзіңізбен көріп, тексеріңіз.

Соңғысы, телефон арқылы бопсалау әрекеттеріне жол бермеңіз – қандай жағдай болмасын, талаптарын орындамаңыз.

Әрдайым есте сақтаңыз: күмән туғызған жағдайда асығыс шешім қабылдамаңыз, ойланып әрекет етіңіз. Себебі бір қоңырау немесе бір қате қадам — бар жиған-тергеніңізден айыруы  мүмкін.

El.kz: Қазір халық интернет-алаяқтықпен күресте сіздерге қаншалықты сенеді деп ойлайсыз?

Әлішер  Айсаев: Біз әр арыз бойынша мүмкіндігінше жедел әрекет етіп, істі ашуға күш саламыз. Алайда, өкінішке қарай, көп жағдайда алаяқтарға аударылған қаржы шетелге шығып кететіні анықталады. Мұндай жағдайда қылмысты ұйымдастырушылардың өздері де Қазақстан аумағында болмауы мүмкін. Сондықтан кейде тергеу ісі күрделене түседі. Соған қарамастан  халықтың бізге деген сенімін ақтау үшін барымызды салып жұмыс істеп жатырмыз.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға