Жаңалықтар

Холокост құрбандарын еске алды

Холокост құрбандарын еске алды
13.04.2018 02:10 1849

Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Мерказ» еврей этномәдени бірлестігі өкілдерімен кездесу өтті.  ЖОО жанындағы Қазақстан халқы Ассемблеясы кафедрасы мен «Бірлік» студенттік ассамблеясы мұрындық болған шара Холокост құрбандарын еске алуға арналды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында еврей халқына жасалған қастандық, осынау тарихи кезеңнің алғышарттары мен тарихи ерекшеліктері туралы сала мамандары, сарапшылар мен еврей этномәдени бірлестігінің мүшелері айтып берді.

«Бұл кезең тұтас бір халықты жаппай құрту ғана емес, геонцид құрбандарын жасырған адамдардың ерлігі екенін ұмытпауымыз керек. Бұл - адам болып туу ғана емес, адам болып қалу туралы тарихи сәт», - деп атап өтті «Мерказ» бірлестігінің белсендісі Даниил Колесников.

Жиналған қауым алдында сөз алған «Мерказ» еврей этномәдени бірлестігінің құрметті мүшесі, педагогикалық еңбек ардагері Хана Лобченко бүгінгі таңда жас буын өкілдерінің басым бөлігі Холокос ұғымын түсінбейтінін атап өтті. Хана Лобченко жастарға осы тарихи кезең және адамдардың тағдыры туралы кеңінен әңгімеледі.

Сонымен қатар, бүгінгі күні Қазақстанда ғана емес, көптеген әлем елдерінде ұлттық геноцид құрбандарын еске алу бойынша маңызды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта ЭМО-та «Немереме айтып беремін» атты бағдарлама жүзеге асырылуда. Орталықтың жастары аға буын өкілдерінің әңгімелеріне қанық болып, өздеріне қажетті мағлұмат алады.

Жиын соңында азаматтар Холокос тақырыбы еврей халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін маңызды деген байламға келді. Ендігі мақсат – осындай жағдайдың орын алуына жол бермеу.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға