Жаңалықтар

Хан жолы

Абылай жолы / Хан жолы – Талас және Шу бойын мекен еткен қазақтардың Бетпақдала арқылы жаз жайлауға көшетін жолы.
20.08.2014 03:51 10077

Абылай жолы / Хан жолы – Талас және Шу бойын мекен еткен қазақтардың Бетпақдала арқылы жаз жайлауға көшетін жолы. Ертеректе керуен жолы болған. Шығыстанушы В.В.Бартольд араб және парсы деректеріне сүйене отырып, Ертістің солтүстігіндегі Қимақ даласына баратын екі жолды көрсеткен: бірі – Сырдарияның төменгі жағалауларынан басталса, екінші жол – Талас өңірінен бастау алады. «Бұл жолдармен ертеде және орта ғасырда Талас пен Шу аймағын Ертіс өңірімен, Батыс Сібір өлкелерімен жалғастырып жатқан сауда керуендері жүрген» деп жазды В.В. Бартольд. Мұндағы екінші жол бойымен тарихи сын кезеңде Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының басын қосу мақсатында қолдарын бастап хан Абылай жүріп өткен кезден бастап, ел арасында «Хан жолы» немесе «Абылай жолы» деп аталған.

Хан жолы

Абылай жолының жүру бағыты төмендегідей: Арқа өңірі – Мамай көлі – Итемген көлі – Моншақты таулары – Ертіс өзені – Ақмола – Майбалық көлі – Нұра өзені – Құлан өлмес – Алқалық таулары – Ескеней таулары – Сары су өзені – Манақ өзені – Ақтас Егінбұлақ құдығы – Төлеген құдығы – Дубашы сор – Бұлан таулары – Қатын су құдығы – Бөртке тіккен құдығы – Ажар құдығы – Тасжарған құдығы – Байғара таулары – Бетпақдала Құрманның құмдары – Шу өзені – Талас өзені – Алатау Хантау (Мұндағы Хантау атауын 1753 жылы хан Абылайдың ат басын тіреуімен байланыстырады).

Бұл бағыт кейін Шу бойындағы қазақтардың Арқаға қарай бойлық (меридиан) бойлап жайлауға шығатын, қысқа қарай қайта айналып құмға, Жетісуға қарай ойысатын көш жолына айналды. Бұл жол ХХ ғ.-дың бас кезіне дейін маңызы артып, кең қолданыста болған. Бұл жолдардың оңтүстік өлкедегі жұрттарды Ертіс бойымен, Батыс Сібір аймағымен байланыстыруда маңызы өте зор болды. Хан жолына Ақмола уезі мен Қарқара уезі шекарасынан Шу өңірінен бастау алатын Шағайлы жолы түйісіп, одан әрі бір жолды құраған.

Әдеб.: Катанаев Г.О. Еще раз об Ермаке и его сибирском по- ходе // ЗЗСОИРГО. Кн.ХV. Вып.2. Омск, 1883; Чермак А. Оседлые киргизы и земледельцы на реке Чу // ЗЗСОИРГО. Книжка ХХVІІ. Омск, 1900; Карта Киргизского края. Сост. А.Н. Седельников // В кн.: Полное географическое описание нашего отечества. Т.ХVІІІ. СПб., 1903; Бартольд В.В. Киргизы. Исторический очерк // Сочинения. Т.ІІ. Ч.І. М.: Восточная литература, 1963; Маргулан А.Х. Древние караванные пути через пустыню Бетпак дала // ВАН КазССР. 1949, №1.

Хан жолы

Абылайша. Шыңжан, Алтай. Белбұлақ күзеуі, 2008 ж. ҚР МОМ материалынан; ОМЭЭ материалдарынан

 

Абылайдың қара қосы – жаугершілік заманда әскери жорықта, үдере көшкенде пайдаланылатын уақытша баспана түрі. А. құрылымдық жағынан шаншыма қосқа өте жақын: сырықтары қара қостағыдай байланыстырылмай, кішігірім шаңыраққа кигізіледі; керегесі болмайды, ал пошымы киіз үйге ұқсас, киіз жабыны түндік пен үзіктен тұрады, туырлығы болмайды, киіз есігі бар. Шаңырақтың тоғынында сырықты өткізетін қаламдық тесігі қиғаштау тесіледі. Жерге шаншылатын түзу уықтарында иіні жоқ, әрі ұшына қарай сыптығыр (жіңішкелеу), әрі ұшталған қаламы бар, ал жерге шаншылатын жағы жуантық келеді. Шаншыма қостан айырмашылығы уық орнында жүретін сырықтары ұзын болғандықтан еңсесі биік, шаңырақ тоғынының шеңбері үлкенірек болғандықтан көлемі де үлкен болып келеді (толығырақ қ. Шаншыма қос).

 

 Хан жолы

Абылайша. Реконструкция. Ө.Жәнібековтің еңбегі бойынша суретті салған Е.Даубаев

 

Киіз үйдің байырғы дәуірдегі прототипі болып табы- латын уақытша баспананың бұл түрі Абылай тұсындағы жаугершілікпен байланысты қайта жаңғырып, яғни абы- лайша аталған көрінеді. Жортуыл – жорық кезінде мұндай үйде сардарлар тұрған. Қазақ тарихының сынға түскен кезеңінде шешуші міндет атқарған қостың бұл түрі кейінгі кезеңде ерекше құрметке ие болған, ел қамы үшін қызмет етіп, қарекет етіп жүрген жандар тұтынуы оған қатысты өзіндік норманы қалыптастырған. Яғни мұнан кейінгі уақыттарда кез келген жолаушы иен далада қос кезіксе «Абылай тіккен қара қос, Абылайдың қосын аттамайық», – деп, міндетті түрде бұрылып ат басын тіреп, сәлем беріп (толығырақ қ. Шаңыраққа сәлем беру), ас-суынан ауыз тиіп, өзінің алып жүрген қоржынындағы жол азығынан сыбаға қалдырып кететін болған. ХХ ғ.-дың ортасынан бастап А.-ның да, шаншыма қостың да маңызы азая баста- ды. Дегенмен, мал шаруашылығының экстенсивті түрімен шұғылданатын қазақтар арасында ішінара сақталған.

Әдеб.: Муканов М.С. Казахская юрта. Алма-Ата: Кайнар, 1981; Жәнібеков Ө. Жолайрықта. Алматы: Рауан, 1995.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға