Жаңалықтар

Халықтың қоғамдық институттарға деген сенімі артты

Халықтың қоғамдық институттарға деген сенімі артты
16.10.2019 20:06 3718

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Ассамблея Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапарын өңір активімен кездесуде қорытындылады. Орал қаласының Достық үйінде өткен шарада Жансейіт Қансейітұлы өңірде қызмет ететін қоғамдық-азаматтық институттардың жұмысын сарапқа салды.

«Батыс Қазақстан облысының Ассамблеясы «Қазақтану» жобасы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуына жоғары деңгейде үлес қосып отырғанына көз жеткіздік», - дейді Жансейіт Қансейітұлы.

Халықтың қоғамдық институттарға деген сенімі артты

Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы ассамблеясының ұйытқы болуымен өңірде Қоғамдық келісім, Аналар кеңестері, Достық клубы, жастар қоғамдық ұйымдары, еріктілер тобы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасауда.

«Батыс Қазақстан Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесін құру туралы бастамасын Елбасының өзі қолдаған болатын. Осы облыста қоғамдық келісім кеңесі бірінші болып құрылды. Ол саяси партияларды, үкіметтік емес ұйымдарды, кәсіподақ мекемелерін, кәсіпкерлерді, жастарды бір арнада тоғыстырды», - деді Ж.Түймебаев.

Санды сарапқа салар болсақ, өткен жылы қоғамдық келісім кеңесіне 1434 тұрғыннан өтініш келіп түскен. Бұл өтініштердің 57 пайызына байланысты мәселенің түйіні тарқатылып, шешімі табылған. Бұл күннен-күнге халықтың қоғамдық институттарға деген сенімінің артып келе жатқанын айғақтайды.

Халықтың қоғамдық институттарға деген сенімі артты

Бүгінде Орал қаласында тұрғын үй ықшамаудандарының дербес қоғамдық келісім кеңестерін құру қолға алынуда. Бұл жаңалыққа байланысты Жансейіт Түймебаев облыстық Ассамблея басшылығына сараптамалық мәлімет ұсынуды тапсырды.

«Жалпы айтар болсақ, қоғамдық келісім кеңестері біздің жұмысымыздың басым бағытына айналды», - деген Жансейіт Түймебаев қоғам мен мемлекеттің ынтымақтастықта жұмыс жасауын қамтамасыз ету керек деді.

Жансейіт Қансейітұлы сондай-ақ, дау-жанжалдардың алдын алу мақсатында құрылған «Медиаторлар Одағының» жұмысына да тоқталды. Орал өңірінде осы мақсатта 143 медиация кабинеті, 7 татуласу орталығы құрылып, жұмыс жасауда. Жұмыс сапары аясында мұндай татуласу орталықтарының бірінде болған Ж.Түймебаев оның халықпен байланыс орнату, мәмілеге келтіру мәселелеріне байланысты жұмысын жоғары бағалаған болатын.

Облыста жалпы саны 53 этномәдени орталық жұмыс жасайды. Олардың барлығы дерлік қоғамдық аккредиттеуден өткен. Ал облыс орталығындағы заманауи техникамен жабдықталып салынған Достық үйі бүгінде барлық этномәдени бірлкестіктердің диалог алаңына айналған.

Сонымен қатар, Ассамблея мүшелері жергілікті мәслихаттар арқылы да қоғамдық жұмыстарға білек сыбанып араласуда.

Халықтың қоғамдық институттарға деген сенімі артты

Жансейіт Қансейітұлы Достық үйінің жанынан ашылған мемлекеттік тілді тегін үйрету курстарының жұмысына қолдау білдірді. «Біздің мақсатымыз – жалпыұлттық қоғамдық диалогты жолға қою», - деді Ж.Түймебаев. Ол Ассамблея өз жұмысында Президент Жолдауында басымдық берілген бағыттарды басшылыққа алуы керек деді. 

«Президент Жолдауы адамдар мен азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бағытында жасалған нақты қадам болды», - деген Ж.Түймебаев, Жолдаудан туындайтын міндеттер Кеңес мүшелерінің таяу уақытта білек сыбанып кірісетін жұмысының негізі болатынын айтты. 

«Бүгінде жастардың денінің еңбек етуге құлықсыз екендігі жасырын емес. Сондықтан еңбек мәдениеті жоғалып барады», - деген Жансейіт Қансейітұлы қолынан кетпені түсе қоймаған кейбір этнос өкілдерінің еңбек нарығына бейімделу жолдарын барлық қазақстандықтарға дәріптеу керек дейді. Сонымен қатар, ауылдан қалаға үдере көшу ауылдың берекесін қашыратынын ескерткен Ассамблея хатшылығының меңгерушісі ауыл тұрмысын жақсарту үшін кәсіп көзін ашуға ниеттілерге көмек қолын созу бүгінгі күннің талабы деді. 

«Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында бүгінде ауылды аяғынан тұрғызуға бағытталып жатқан қаржының қоғамдық келісім кеңестерінің тарапынан бақылауға алынуын тапсырды.

Айта кету керек, үкімет Конституция мен Ассамблеяның 25 жылдығын атап өтуге арналған ұлттық жоспарды бекітті. Бұл тарихи шаралар аясында мерейтойлық медальдар, естелік белгілері, тиындар мен пошта маркілері шығарылатын болады.

Орал өңірінің активімен кездесу кезінде Ж.Түймебаев Ассамблея тарапынан қоғам назарына ұсынылып отырған тағы бір жоба туралы мәлімдеді. «Бұл «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы барлық аймақтар бойынша және шетелдер бойынша жүріп өтетін болады. Жоба Елбасы Н.Назарбаевтың елдің бүгіні мен ертеңі үшін төккен тері, сіңірген еңбегіне арналады», - деді Ж.Түймебаев. Бұл жоба 2020 жылдың қаңтар-шілде айларында жүзеге асырылады деген жоспар бар.

«Қорытындысы астана күнінің қарсаңында шығарылатын болады. Халықтық экспедицияға белсене қатысқандар «Халық бірлігін бекітуге қосқан үлесі үшін» Ассамблея премиясымен марапатталады», - деген Жансейіт Қансейітұлы сондай-ақ, жыл аяғына дейін Ассамблеямен жоспарланған іс-шараларға да тоқталып өтті. Және ҚХА-ның қайырымдылық шаралары бағытындағы жұмыстарына байланысты қараша айында дәстүрлі түрде қайырымды жандар форумы өткізілетінін хабарлады.

Жиын соңында Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының белсенді мүшелерін "Мейірім" төсбелгісімен және Алғыс хаттармен марапаттады.  

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға