Жаңалықтар

"Халықтық киноның хас шебері"

18 қараша күні 88 жасқа толған әйгілі экран суреткері Эльдар Рязанов туралы.
19.11.2015 09:45 4591

Шығармашылығы түгелдей халық өмірімен тұтасып кеткен тұлғалар өнердің қай саласында да, оның ішінде кинода да аса көп емес. Сондай біртуарлардың бірегейі – күні кеше ғана (17 қарашада) 88 жасқа толған әйгілі экран суреткері Эльдар Рязанов.

"Халықтық киноның хас шебері"

Жұртқа ұғынықтылық һәм жоғары көркемдік

Көпшілік көретін кино дегенде, менің ойыма бірден өзіміздің «Қыз Жібек» (Сұлтан Қожықов), «Тақиялы періште» (Шәкен Айманов), «Гауһартас» (Шәріп Бейсембаев), «Ақырғы аманат» (Амангелді Тәжібаев), «Өтелмеген парыз» (Серік Жармұхамедов), кеңес дәуірінде түсірілген Владимир Меньшовтың «Махаббат және көгер­шіндер», Глеб Панфиловтың «Валентина», Георгий Дане­лияның «Афоня», Василий Шукшиннің «Қызыл бүрген», Самсон Самсоновтың «Жалғызбастыларға жатақхана беріледі» секілді фильмдері оралады. Осылардың қай-қайсысы да – кәсіби, бірақ қай-қайсысы да – қарапайым. Яғни, халыққа ұғынықтылық пен жоғары көркемдік – біздің кей режиссерлер түсініп жүргендей, өзара кереғар емес, керісінше, бірін-бірі толықтырып тұратын ұғымдар.

Қарапайым адамның қалауын ұққан психолог

Рязановқа қайта оралайық. «Бұрынғы КСРО аумағын­да өмір сүрген адамдардың бірнеше буыны осы экран суреткерінің туындылары арқылы тәрбиеленді» деп жазды кинотанушы Наталья Свиридова. Расында да, Рязанов фильмдері көрерменді абзал ізгілікке үндеді, асқақ адамгершілікке жетеледі, ар-ождан, әділдік, адал достық, асыл махаббат тәрізді қастерлі ұғымдарды қадірлей білуге шақырды. Былайша қарасаңыз, қызға қызметте өсу үшін қырындаудың азаматқа лайық қылық еместігі («Қыз­меттестер хикаясы», 1977), ұжымнан жинап алынған мүшелік жарнаның ұтқан лотереясын жеке иемденудің жексұрындық екені («Сәттілік бұралаңы», 1968), сүйеуі, тіреуі бар адамдарға тиіспей, ең қорғансыз деген жандарды гараждан үміткер­лердің тізімінен сызып тастау барып тұрған арамзалық екені («Гараж», 1979) бәрімізге онсыз да мәлім жайттар сияқты. Алайда режиссер мұның бәрін нақты өмірде болатын ойнақы сюжетке қиюластырып, жарқын мінездермен көмкеріп, ұмытылмас диалогтармен ұштастырып жібергенде, әрі өміршең, әрі шынайы, әрі тосын дүние болып құлпырып шыға келген.

Рязанов фильмдерінің дені кеңес заманында түсірілсе де, ол ешқашан партия тапсырмасына, билік талабына сай жұмыс істеуге, сөйтіп, атқамінерлердің назарына ілігіп қалуға тырысқан емес. «Керісінше, менің фильмдерімнің цензура қайшысына ілінбегені кемде-кем» дейді режиссердің өзі бір сұхбатында. Ол қашанда өз дүниетанымына, өмір туралы ұғым-түсінігіне дөп келетін, адамдар арасындағы қарым-қатынастың сан қатпарлы құпияларын ашуға талпынатын еңбектер жасауға тырысты. Және жасады да. Ол көрермен көңілін жылы лирикамен аулай отырып, астарлы сатира уытын да аңғартады («Гараж» немесе «Шағым кітабын беріңіз», 1965). Ара-тұра оқиғасы шапшаң өрбитін эксцентрикаға да барып қойғанымен («Итальяндықтардың Ресейдегі адам сенгісіз хикаялары», 1973), негізінен Э.Рязанов байыпты кинобаян стиліне әуес: «Карнавал түні» (1956), «Автомобильден сақтан» (1966), «Шатақ шалдар» (1971), «Тағдыр тәлкегі немесе Жеңіл буыңызбен!» (1975), «Вокзалдағы екеу» (1982), «Қатыгез романс» (1984), «Ұмыт қалған сыбызғы сазы» (1987) және т.б.

Ең бастысы, әйгілі суреткер қарапайым адамның жан-дүниесі нені қалайды, нені аңсайды, экраннан не көргісі келеді, соны дөп басып, көрермен жүрегіне жол таба білген. Яғни, Рязанов фильмдері мен миллиондаған киносүйер қауым арасында көзге көрінбейтін нәзік көпір, өзара тығыз байланыс жібі ешқашан үзілген емес. Сондықтан да оның туындыларына деген халықтың ықыласы әрдайым ыстық.

– Мен жалғандықты, жасандылықты, жәдігөйлікті жек көрем, – депті Эльдар Рязанов бір сұхбатында. – Ондайларды байқадым ба, ешқашан жаныма жолатпауға тырыстым. Ал нағыз шығармашыл адамдармен үнемі жақсы араластым, өйткені, олардың талантын қадірледім, өнерінің алдында бас идім… Қазір мен кино көруді мүлде сиреттім. Себебі, ұнамайды, жанымды толқытпайды, жүрегімді тербемейді. Мен өз көрерменімді сүйетінмін, ал бүгінгі режиссерлердің көпшілігі көрерменді жақсы көрмек түгілі, сыйламайтын да сияқты, небір көргенсіздіктерге барады. Солар тіпті өздері сомдайтын кейіпкерлерді де жек көреді-ау, шамасы… Онда не үшін кино түсіреді? Түсінбеймін…

«Тағдыр тәлкегі…» – өмірден алынған оқиға

Жаңа жыл мерекесінің шырша немесе шампан тәрізді тұрақты атрибуттарының біріне айналған «Тағдыр тәлкегі немесе Жеңіл буыңызбен!» фильмінің шыққанына да 40 жыл толғалы отыр. Фильм идеясы қалай туған? Бұл туралы өзінің «Түйінделмеген қорытындылар» атты кітабында Эльдар Рязанов былай деп жазады:

"Халықтық киноның хас шебері"

– Кімнің айтқаны есімде жоқ, біреуден естіген бір хикаям бар еді. Өмірде болған оқиға. Бірнеше дос бірігіп, әлдебір қуанышты атап өтеді. Моншадан шығып барған біреуі отырыс соңында қатты мас болып қалыпты. Қалжыңбас достарының бірі оны Мәскеу – Киев бағытына жүргелі тұрған пойызға алып келіп, жолсеріктің қолына 10 сом қыстырып, ес-түсін білмейтін әлгі бейшараны вагонға салып жіберіпті. «Моншаға барам» деп шыққан адамда не зат болсын, бейбақтың қалтасында көк тиын ақшасы да жоқ екен, көзі бозарып, бейтаныс қалаға барып түскенде, мұны кімдердің қалжыңы екенін бір-ақ түсінеді.

"Халықтық киноның хас шебері"

Маған осы оқиға қызық көрінді де, драматург Эмиль Брагинский екеуміз оған басқа да эпизодтар қосып, толыққанды пьеса жазып шықтық. Ол «Жеңіл буыңызбен!» деп аталды («Тағдыр тәлкегі» деген сөз кейіннен қосылды). Театрларда біраз қойылған соң, одан кинофильм жасау туралы ой туды. Дәл сол кезде Брагинский қатты ауырып қалып, біраз уақыт шығармашылық жұмыстан қол үзуге мәжбүр болды. Амал жоқ, сценарийді өзімнің жазуыма тура келді. Бірақ спектакль мен фильм сюжетінде пәлендей айырмашылық болмағандықтан, Эмильдің соавторлық құқығын сол күйі сақтадым.

"Халықтық киноның хас шебері"

Қас қылғанда, түсіру жұмыстарына енді кірісеміз деп отырғанда, «фильмнің уақыты тым ұзақ, қысқартыңдар!» деп, Мемкино қырсығып қалды. «Комедия жанрына соншама «километраждың» қажеті қанша? Қайдағы бір мас дәрігердің басынан кешкен хикаялары кімді қызықтырады?» деген де әңгімелер айтылды. Рас, бүкіл сюжет бір ғана тәуліктің ішіне сыйғызылған соң, фильм оқиғаларының баяу өрбитіні рас. Бірақ бір эпизод қысқарса-ақ туынды өзінің тұтастығынан айырылары анық еді. Ал мен міндетті түрде екі серия жасағым келді. Қойшы, не керек, ақыры кино өндірісі басшылығымен келісе алмадық. Сөйтіп, фильм телевидениеде түсірілді.

Фильмде Рязанов кеңес қоғамының жұртты әбден жалықтырған теңгермешілдік саясатын әжуалайтыны ғажап. Картинаның ең басындағы 5 минуттық мульти­пликациялық пролог есіңізде ме? Бір-бірінен аумайтын көпқабатты қорап-үйлер секунд сайын көбейіп бара жатады. Мұндай кіріспеден және Александр Ширвиндт оқитын автор түсіндірмесінен кейін басты кейіпкердің жоқ жерден жаңылысып, басқа қаладағы «өз пәтерін» оп-оңай тауып, оған кіріп алғанына аса таңқала қоймайсыз. Бұл жерде ре­жиссер комедиялық оқиға арқылы кеңес қоғамының инкуба­тор­лық сипатын көрсетіп отыр: үйлер де бірдей, кілттер де, жиһаздар да, көшелер де, адамдар да, тіпті олардың ойлары да бірдей… болуы керек. Ешкімнің ешкімнен бөлектенуіне, асып кетуіне, өзгеше ойлауына рұқсат жоқ.


Авторы: Сәкен Сыбанбай

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға