Жаңалықтар

Халық қолдаған ұлт жоспары

Институт ғалымдары «Ұлт жоспарының» маңызы мен мәніне жете үңілді
03.08.2015 12:00 4510

Халық қолдаған ұлт жоспары

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының қатысуымен Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» жоспарын талқылауға арналған жиын өтті. Институт ғалымдары «Ұлт жоспарының» маңызы мен мәніне жете үңіліп, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мәселесі бойынша түрлі пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:

– Мемлекеттік дамудың жаңа қазақстандық жолын айқындап берген Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қазіргі заманғы мемлекет құрудың 5 институционалды бағыттарын айқындаған «100 нақты қадамы» ел өміріндегі ерекше саяси оқиға болды. Бұл көптен күткен реформа екенін әркім жүрек елегінен өткізіп, өткір сезініп отыр.

«Нұрлы жол – болашаққа жол» бағдарламасы енді «100 нақты қадаммен» толықты. Қоғамдық дамудың оң да, теріс те мысалдары көріне бастады. Сондықтан да ол мәселелерді сылап-сипап қана қоймай, кесел ретінде жұлып тастау қажет. Қоғам да тірі организм дегеніміз осыдан шығады. Ол үшін бес бағыттағы 100 нақты қадам жасау қажет болды. Оны неден бастау керек?! Әрине, кез келген мемлекеттің халқы өз мемлекетіне, заңына, индустриялық қуаты мен экономикалық өсіміне, біртектілік пен бірлігіне және халық алдында жауапты мемлекетіне берік сенуі қажет. Сонда ғана бұл бөлінісі ортақ, құндылығы бір, қуатты мемлекетке айналады. Осының бәрі қазіргі таңда Қазақстан халқының ғана емес, әлемдік қоғамдық ойға қозғау салды. Қазақстанның жаңа даму жолына бағытталған 100 қадам әрі таңданыс, әрі қолдау тауып жатыр. Міне, Президенттік дамудың жаңа бағыттарын саралап, сараптау жасау осыдан туындап отыр.

Президент жариялаған 5 институционалды бағыттың Біртектілік пен бірлік саласы жалпы идеология саласына, соның ішінде, әдебиет пен өнер, оқу мен ғылымның интеграциясына тығыз байланысты. Соның ішінде «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі біз үшін өте-мөте жақын. Осыған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инситутының ұжымы «Ғасырлар үні» («Созвучие столетий») атты 100 томдық авторлық әдебиетті шығаруға дайын. Бұл 100 томдық «Бабалар сөзінің» заңды жалғасы болмақ. Егер «Бабалар сөзі» фольклорлық мұралар болса, «Ғасырлар үні» – тарихта аты қалған жырауларымыздың, сал-сері, би-шешендеріміздің мұрасы.

Нұрдәулет АҚЫШ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы:

– «100 нақты қадамның» кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тарауындағы 11-қадамда «Шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сектордың жекелеген мамандарын, халықаралық ұйымдардың мамандары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу» делінген. Осы арада мені, шынымды айтсам, шетелдік менеджерлерді мемлекеттік қызметке жіберу деген ұсыныс сақтандырады. Неге?

Өйткені шетелдік менеджерлер ертең кіріп алғаннан кейін өзінен төменгі лауазым иелеріне дұрыс талап қоя ала ма, өзі азаматы болып табылатын басқа мемлекеттің мүддесін қаузап кетпей ме? Әр адамды өз Отанының патриоты деп есептейтін болсақ, шетелдік біздің мемлекеттің ісіне араласқан жағдайда ондай теріс құбылыстың орын алуы, соның салдары мемлекетіміздің тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан тигізуі әбден мүмкін. Оның үстіне шетелдік менеджердің қазақ тілін біле қоюы екіталай. Өзіміздің қара көздеріміз меңгермей жүрген қайран тілімізді мұқиттың ар жағынан келгендер іс қағаздарын жүргізу деңгейінде меңгеріп алып кетеді дегенге сене аламыз ба? Күлбілтелемей айтсақ, олар да, өз ішімізде жүрген жат пиғылдылар да қазақ тіліне пысқырып та қарамайды, қазақ халқын менсінбейді.

Сонда біз қалайша шетелдік аза­матқа өз тағдырымызды, мемлекет ісін қалайша сеніп тапсыра аламыз? Бұндай пікірді айтқызуға мәжбүр етіп тұрған тарихымыздың осы уақытқа шейінгі бұрынғы кезеңдерінде басымыздан өткен ащы шындықтар. Тарихтың ауыр нәубеттері есі дұрыс, жаны сергек халыққа қашанда сабақ.

Гүлжаһан ОРДА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы:

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ел дамуындағы бес институционалды реформаны жүзеге асыру үшін «100 нақты қадам» жоспары қазақ халқының жарқын болашағын аңсаудан туғаны анық. Мемлекетімізді нығайту, көркейту жолындағы мұндай жобаларды кезінде алаш арыстары да ұсынған болатын. Бүгінгі әңгіме сол жобаларды бір ғасырдан бері қаншалықты деңгейде жүзеге асыра алғандығымыз жөнінде болмақ.

85-қадамда «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу» атап айтылған. Мемлекеттігіміздің мәңгілік болуының алғы шарттарының бірі – ұлттығымызды сақтау болса, сол ұлттығымыздың қайнар бұлағы болып табылатын рухани мұраларымызды сақтау, оларды насихаттау, ел игілігіне жарату осы сала қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі болып саналмақ.

«Мәңгілік ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу» барысында осыдан бір ғасыр бұрын ұстанған «Алаш» партиясының ұстанымдарын жадымызда ұстағанымыз абзал. Ол не? Ол – Ә.Бөкейханның төмендегі ұстанымдары.

Біріншісі, «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді», – деген ұстанымы.

– Жобаны әзірлегенде табиғаттың бір бөлшегі болып табылатын жер мен суды, ауаны Алла тағаланың жаратқанын, оған екіаяқты пенделердің әмірі жүрмейтінін ұмытпағанымыз абзал.

Серікқазы ҚОРАБАЙ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі:

– Еліміз бойынша қызу талқыланып жатқан Елбасының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Біртектілік пен бірлік», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты өте ауқымды бес реформасы заң баптарындай нақты етіп, айқын жазылған 100 қадам ойдағыдай орындалатын болса, Қазақстан шынында да алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналады.

Ел дамуының осы өте ауқымды жоспары бедерленген реформаның төртінші қағидаты «Біртектілік пен бірлік» деп аталады. Бұл төртінші реформаның 85-қадамы соңғы 2-3 жыл шамасында айтылып келе жатқан, қоғамда үлкен серпіліс туғызған «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің жобасын әзірлеудің бүкіл халқымыз үшін мәні зор. Нағыз отансүйгіштік, елдік тұрғыдағы ізгі қасиеттер мен рухани-мәдени құндылықтар қамтылатын бұл ұлттық жобаны әзірлеу ісіне отандық гуманитарлық ғылымдар, соның ішінде, әдебиеттану, өнертану ғылымдары өкілдері де өздері зерттейтін салалар бойынша кең ауқымды ізденістер жүргізіп, белсене қатысуы тиіс.

Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы:

– Елбасының «100 нақты қадам» атты мегажобасы замана алдымызға тосқан сан сынақты еңсерудің жүйесі мен жолдарын көрсетіп берді деуге негіз бар. Өйткені, аталмыш жоспарда кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың тетіктерінен тартып, есеп беретін мемлекетті қалыптастырудың әдістеріне дейінгі жайттар қаузалған. Мақтаулы істеріміз көп дегенімізбен, әттеген-айлы тұстарымыз да аз емес екен. Соның бірі – ғылым саласына жастардың дұрыс тартылмауы. 64-қадамда аталған алдағы уақытта әзірленетін Заңда жас ғалымдарға ерекше назар аударылса екен дейміз. Өйткені, Қазақстан интеллектуалдық потенциалы аса жоғары жастарын өз деңгейінде пайдалана алмай келеді. Мысалы, бір ғана «Болашақ» бағдарламасымен бітіріп келген 8000 түлектің тек 6 пайызы (384) ғана мемлекеттік қызметте еңбек етуде. Басым бөлігі нарықтық заманның ыңғайына көніп, басқа да түрлі салаларда жұмыс істеп жүр. Біздіңше, шетелдің озық ғылыми мектептерінде тәрбие алған білікті жастарды ғылымға тартуды ойластырған жөн секілді.


Айнұр АХМЕТОВА

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға