Жаңалықтар

«Хабар» арнасында жаңа бағдарлама: Нүкте

Күздің басталуымен елдегі тіршіліктің үдейтіні бәріне мәлім: оқушылар мен ұстаздар мектепке барады, ауылында жүрген студенттер қаладағы жоғары оқу орындарына оралады, ал Парламент депутаттары біршама үзілістен соң жұмысқа шығады.
05.09.2014 11:39 9960

Күздің басталуымен елдегі тіршіліктің үдейтіні бәріне мәлім: оқушылар мен ұстаздар мектепке барады, ауылында жүрген студенттер қаладағы жоғары оқу орындарына оралады, ал Парламент депутаттары біршама үзілістен соң жұмысқа шығады. Бұлардан басқа күзгі маусымға ерекше дайындалатын тағы бір қауым бар, ол – журналистер қауымы. Жыл сайын күз келгенде журналистер, телеарналар өздерінің жаңа жобаларын таныстырып жатады. Биыл да осы дәстүр жалғасын тауып бірқатар мемлекеттік арналар өз көрермендерін тың бағдарламалармен таң қалдыруда. Сондай бағдарламалардың бірі – «Хабар» арнасынан жарық көретін «Нүкте» бағдарламасы.

«Хабар» арнасында жаңа бағдарлама: Нүкте

«Нүкте» бағдарламасының түсіру алаңы, кейіпкерлердің ортағы шығу сәті

Жаңа телеарналық бағдарламаны жасаушы – осыған дейін бүкіл халықты шулатқан «Шіркін Life» жобасын әзірлеуші, тәжірибелі продюсер Толқын Сейдоллақызы.

Толқын Сейдоллақызының айтуынша, бұл бағдарламаның телеарна кеңістігіндегі өзге жобалардан өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, мұнда «массовка» болмайды, оның орнына басты назар айтар ойы мен пікірі бар сарапшылар мен түрлі жағдайға тап болған кейіпкерлерге аударылады. Ең басты ерекшеліктердің бірі – бағдарлама эфирге шығару үшін кәсіби журналистер шағын зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде қызықты сюжеттер әзірлеп отырады. Қажет болған жағдайда кейіпкерлер шетелден де шақырылуы мүмкін, ал келу мүмкіндігі болмаған skype секілді заманауи құрылғылар арқылы тікелей онлайн байланыс орнатуға болады.

 «Хабар» арнасында жаңа бағдарлама: Нүкте

«Нүкте» бағдарламасының продюсері Толқын Сейдоллақызы, монтаж жасау сәті.

Бағдарлама авторының пікіріне сәйкес, «Нүкте» жобасында қоғам назарынан тыс қалған тың әлеуметтік тақырыптар көрсетілмек. Ал осы күнге дейін талқыланған тақырыптар болса, оларға жаңа идеялар қосылып, өзгеше тұрғыдан эфирге шықпақ.

«Нүкте» – әлеуметтік жанрдағы ток-шоу және мұндай шоулардың сәтті шығуы оны жасаушы журналистерге тікелей байланысты. Сол журналистердің бірі – Мейрамбек Таубалдиев. 

«Хабар» арнасында жаңа бағдарлама: Нүкте

Мейрамбек Таубалдиев журналистік зерттеу жүргізуде

Мейрамбек, журналистік зерттеу сізді несімен қызықтырды?

– Бұл - менің махаббатым, мен журналистік зерттеудің фанатымын. Осыны көп жылдар армандадым, қайнаған қайшылықтың ортасында сұмдықтан шындық іздеу мені шабыттандырады. Продюсер Толқын Сейдоллақызы үміт артып, сенімін білдірді. Бала күнгі арманымның ақиқатқа айналуына себепкер болғаны үшін алғысым зор. Бұл танымалдылыққа ұмтылу емес. Бұл - отандық журналистикада назардан тыс қалған журналистік зерттеуді жандандыру деп білем. Шындығы керек, алдын ала дайын сценарийге негізделмегендіктен, қиындық көп болды.

Бағдарламаны жасау барысында қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?

– Кейіпкерлердің сеніміне кіру, олардың өз әлеміне ену үшін көп уақыт керек болды. мақсатымызға жету жолында аянбадық. Өтірік сөйлеуге мәжбүр болдық, қыруар қаржыны жұмсадық.  Көшеде қайыршы болдым. Құзырлы орындардың қарсылығына, көлеңкелі бизнес өкілдерінің өктемдігімен арпалыстық.  30 минутта 2000  теңге жинадық. Біз елеусіз көрінетін кәсіптің ерекше тұстарын анықтадық. Шындығы керек, біз көп дүниені экранға шығара алмадық. Себеп көп… Бастысы, мақсатымызға жеттік.

 

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үңгіртас ауылында тұратын «Бифатима-апа» есімді емшінің өзіндік салт жорасын жүргізу сәті

 

«Нүкте» бағдарламасы аптаның әрбір сейсенбісінде «Хабар» арнасынан жарық көреді. Мұндай әлеуметтік бағдарламалардың болуы өте маңызды. Себебі, біздің қоғамда түрлі әлеуметтік мәселелер бар және оларды жасырмай, қоғамдық деңгейге шығару қажет. Тек сонда ғана біз оларды шеше аламыз.

 

Дархан Өмірбек

«el.kz» интернет-жобасы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға