Жаңалықтар

ҚХА - татулық пен тұрақтылық құралы

ҚХА - татулық пен тұрақтылық құралы
13.05.2019 00:00 2770

Елдегі қоғамдық ұйымдардың ішінде халықтың ішкі татулығына, өзара сенім мен сыйластығының тереңдеуіне, әсіресе қазақ халқына деген құрметтің артуына, этносаралық тұрақтылықтың нығаюына қызмет ететін ең басты құрал - Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ассамблеяның түрлі этностардан сайланған белсенділері жалаң насихатпен емес, шын жүректен Қазақстанның өздері мен ата-бабаларына, әке-шешелеріне жайлы қоныс болғандығын, ал қазақ халқының оларды қалай жылы қарсы алғандарын жиі айтып жатады.

Өткен күндерде Ассамблеяның XXVII сессиясы өтті. Ал алдымыздағы жылы оның 25 жылдық мерейтойын атап өту міндеті тұр. Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда ҚХА төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевты қабылдағандағы сөзінде: «Келесі жылы біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтуді жоспарлап отырмыз. Ассамблеяның мерейтойын орталықта да, барлық өңірде де жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Келісім, тұрақтылық, халықтар достығы, түрлі этникалық топтар, діни конфессиялар арасындағы өзара құрмет мемлекетіміздің және дамуымыздың негізі болып саналады. Жоспарланған іс-шараның негізі де осы болуға тиіс», – деген еді.

Осыған орай этносаралық қатынастарды үйлестірудің бірегей құралы ретінде ҚХА-ның атқарған қызметтеріне қысқаша шолу жасап кетпекпіз. Алдымен ҚХА-ның осы бағыттағы қызмет тәжірибелері шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары баға алғанын айтып өткіміз келеді. Мәселен, БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы болып 2007 жылдың 1 қаңтарынан 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін қызмет атқарған Пан Ги Мун былай деген еді: «Қазақстан халқы Ассамблеясының принциптері Біріккен Ұлттар Ұйымының ұстанымдарымен үндесіп жатыр. Достық бейбітшіліктің, өркендеу мен қауіпсіздіктің іргетасы болып табылады, ол құрмет, толеранттылық және төзімділік құндылықтарынан бастау алады».

Ал Чех Республикасы Парламентінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Ян Гамачек былай деп жазды: «Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында құрылған тетіктерді таңғаларлық нәтиже деп бағалауға болады. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстандағы барлық этностық топ өкілдері белгілі бір салмаққа ие болып, ел дамуына қатысты саясатты айқындауда әрқайсының дауысы ескерілетіні сөзсіз. Бұл өте маңызды мәселе». Әрине мұндай пікірлерді өте көп келтіруге болады. Осындай мойындаулардың нәтижесінде көпэтносты қоғамды идеялық тұрғыдан біріктірудегі Қазақстанның тәжірибесі қазір әлемдік қауымдастықтың зерттеу нысанына айналып отыр.

Теориялық тұрғыдан жоғары баға алған бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделі болып отырған ҚХА-ның қоғамдық келісімді нығайту жолында атқарып жатқан кейбір нақты шараларына да тоқтала кетейік. Олар Ассамблея құрылғаннан бергі 24 жылда сансыз көп рет өткізілді. Сондықтан біз тек соңғы жылдары ғана өткізілген іс-шараларды ғана ауызға аламыз.

Ассамблеяның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар бойынша мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету арқылы этносаралық келісім мен толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуде де, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға да көмек көрсетеді. Сонымен қатар Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді. Өзінің осы міндеттерін Ассамблея түрлі құрылымдары арқылы жүзеге асырады. Мәселен, соның ішінде 2014 жылы құрылған «Қоғамдық келісім» РММ рөлі зор. Ол ҚХА қызметін қамтамасыз ету және оның іс-шараларын өткізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыру мақсатында құрылған коммерциялық емес ұйым. Ол барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында құрылған.

Ассамблеяның негізгі тірегі -этномәдени бірлестіктер. Шу дегенде ҚХА-ның өзі осы бірлестіктердің жұмысын үйлестіруші ретінде танылған. Қазір елімізде олардың саны еселеп артқан. Бүгінгі таңда 27 мыңға жуық адам қатысатын 29 республикалық, 176 мыңнан адамды қамтитын 331 облыстық, 85 мыңнан артық адамы бар 76 қалалық, 51 мыңнан артық адам қатысатын 88 аудандық этномәдени орталықтар бар. Олар 2018 жылы 3542 іс-шара өткізді. Соның ішінде 114 республикалық, 2342 облыстық, 476 аудандық, 283 қалалық іс-шаралар. Миллиондаған адамдар қатысқан бұл шараларда Қазақстандық біртектілік идеялары, отандық патриотизм мұралары, татулық пен толеранттық үлгілері насихатталып, халықтың өзара тығыз жақындасуына септігін тигізді. Мәселен, былтыр Орал қаласының Жеңіс алаңында ҚХА облыстық филиалының бастамасымен «Тарихи тағылым – өткенге тағзым» атты үлкен іс-шара болып, ол Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерін еске алу акциясымен басталып, Сырым ауданында орналасқан Сырым Датұлының кесенесіне тағзым етумен жалғасты. Сондай-ақ осында Алашорда үкіметінің басшылары Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов және т.б. сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды еске алу ұйымдастырылды. Осы ауданның Жымпиты ауылындағы Алаш саябағында тарихшы ғалымдар, саясаттанушылар Бүркітбай Аяған, Дос Көшім сөз сөйлеп, көшеттер отырғызу акциясына қатысты. Ал «ҚХА: 20 игі іс» аясындағы қайырымдылық акциясы бойынша «Қоғамдық келісім» РММ басшысы Наталья Калашникова мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Нұр-шуағы» балалар үйіне келіп, бөбектерге түрлі сыйлықтарын тапсырды.

Облыстық және аудандық ҚХА бөлімшелерінің бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастырудағы рөлі зор. Олардың өткізіп жатқан шаралары халықтың негізгі бөлігінің қолдауына ие болып, үнемі мақтаулы бағалар алып жатады. Мәселен, жуырда ғана Алматы қаласында қалалық ҚХА шекара қызметі академиясымен бірлесіп әскери-патриоттық бағытта тамаша іс-шара өткізді. Оған қатысқан аға-ұрпақ өкілдері жастарға тағылымды ойлар айтып, үлгі болар оқиғаларымен бөлісті. Іс-шара барысында қару-жарақ пен техника көрмесі, әскери үрмелі оркестрдің өнер көрсетуі, этномәдени бірлестіктер мен курсанттардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Осы іс-шараға талай адам өздерінің ризашылықтарын білдірді.

ҚХА жұмысын жетілдіру бойынша үнемі жаңа бастамалар қолға алынып, жаңа құрылымдар енгізіліп отырады. Қазір оның құрылымында депутаттық топ, қоғамдық қор, ғылыми-сараптамалық орталық, қоғамдық келісім, аналар мен медиа кеңестері және т.б. жұмыс істейді. ҚХА-ның негізгі міндеттерін сапалы, инновациялы, кәсіби деңгейде жүргізуде әр құрылымның атқарар өз қызметтері бар. Мәселен, медиа кеңестің мақсаты қоғамдық келісімді қамтамасыз ету үшіна медиация институтын дамыту болып табылады. Оның міндеттері қатарына медиация бойынша стратегиялар әзірлеу, ҚХА құрылымдарының қызметін үйлестіру, жүйелеу және ақпараттық, әдістемелік қамтамасыз ету т.б. жатады. Қазір облыстық және қалалық Достық үйлерінде 17 медиация кабинеті жұмыс істейді. Ал аудандар мен ауылдардағы олардың саны 829, ҚХА медиаторларының жалпы саны 722 адам. 2018 жылы медиа кеңеске 22 мыңнан артық өтініш түсіп, оның 10 мыңнан артығы кеңес беру деңгейінде шешілген, ал 12 мыңнан артығының шешімі медиациялық келісім арқылы табылған.

Әрине этносаралық қатынастардың өзара төзімділігі мен татулығын сақтау тетіктерін табу басқа да мемлекеттердің ішкі саясатында орын алған. Мәселен, экономикасы жоғары деңгейде дамып, «Азияның төрт жолбарысының бірі» атанған Сингапурде де ол дұрыс жолға қойылған. Алты миллионға жуық халқы бар бұл ел жыл сайын 25 мыңға дейін сырттан келгендерге азаматтық береді. Этникалық құрамы жағынан ел халқының 70 пайызы қытайлықтар, 13 пайызы малайлар, 9 пайызы үндістер, 3 пайызы еуразиялықтар. Этноқұрылым осындай ала-құла болса да халықаралық сарапшылар мұнда біртекті сингапур халқының құрылғанын айтады. Қазіргі кезде стратегиялық жоспарлар сингапурлықтардың «ақылды ұлтқа» айналып келе жатқанын айқындаған. Оның мәнісі сол – бұл елдің азаматтары цифрлық технологияны жетік меңгеру арқылы толыққанды өмір сүретін ортақ қоғам құруға ұмтылуда. Халықты жаңа дәуірге шығаратын «ақылды ұлт» деген бастаманы өкіметтің өзі енгізіп отыр. Оның мақсаты халықтың тығыз тұруына қарамастан  инновациялық технологиялар енгізіп, бәрінің де өмір сүруіне жоғары сапалы жағдай туғызу.

Сол сияқты этносаясаттың озық үлгісімен дамып келе жатқан Қазақстан да бір кезде барлық халқының жоғары сапалы өмір сүру деңгейіне қол жеткізер деген үміттеміз. Елбасы Н. Назарбаев ҚХА 15-ші сессиясында сөйлеген сөзінде: «Тағдырдың жазуымен, тарихтың талқысымен қазақ жерін паналаған түрлі этнос өкілдерімен бірге ортақ Отанымызды көркейту жолында аянбай тер төгудеміз. Олар біздің қиын кезеңде, сын сағатта көрсеткен қамқорлығымызға риясыз алғысын айтып келеді».

Сол ортақ Отанымызда «ақылды ұлтқа» айналсақ – бұл біздің ортақ жетістігіміз болмақ.

Жақсыбай САМРАТ,

Егемен Қазақстан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға