Жаңалықтар

ҚХА қолжазбалар және сирек кітаптарды зерттеу мен зерделеуге қол жеткізді

ҚХА қолжазбалар және сирек кітаптарды зерттеу мен зерделеуге қол жеткізді
16.07.2019 17:19 4613

Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ арасында меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы Айгүл Сәдуақасова мен «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ директоры Жандос Болдықов жоғарғы білім, ғылым мен мәдениет аясындағы тікелей және өзара тиімді ынтымақтастықты орнату, ұлттың мәдени және жазба мұрасын сақтау саласында келісімге келді.

ҚХА қолжазбалар және сирек кітаптарды зерттеу мен зерделеуге қол жеткізді

Жалпы ынтымақастық құру мақсаты қос тараптың мүмкіндіктері мен ғылыми-зерттеу қызметтерін тиімді пайдалану, мәдени мұраны сақтау, елдің тарихына, мәдениетіне және тұрмыс жағдайына қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптардың құндылығын анықтау, аудару, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу; кітап жәдігерлерін қалыпқа келтіру, оларды каталогтандыру, цифрлық жүйеге көшіру, қолжазбалардың цифрлық көшірмелерінен микрофильмдер жасап, сақтау салаларында ғылыми тәжірибе алмасу. Сонымен қатар қолжазба баспалары, литография, беттік баспа, цифрлы көшірмелер мен қолжазбаларды қолдану және қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысу болып табылады.

Іс-шараға қатысқан ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев бұл тарихи сәт қоғамдық келісім мен жалпыұлттық халық бірлігін нығайтудағы Қазақстанның ғылыми-сараптама қауымдастығының жұмысын жаңа белестерге шығаратынын атап өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚХА ауқымды ғылыми-ағартушылық жобаны жүзеге асырып отыр, онда бірқатар жекелеген жобалар қамтылған. Атап айтқанда, «Қазақтану», «Болашақ үшін естілік», «Жібек жолындағы әңгіме» жобалары жалпыұлттық шоғырландырушы тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған», – деді Ж. Түймебаев.

ҚХА қолжазбалар және сирек кітаптарды зерттеу мен зерделеуге қол жеткізді

Бүгінгі таңда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын айта кету керек. Сондай-ақ елімізде ұлттық кодтың дамуы мен нығайуына үлкен мән берілуде. Осыған орай Хатшылық меңгерушісі: «2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-демографиялық және этносаралық салалардағы ғылыми жұмыстардың жиынтық жоспары шеңберінде Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық қауымдастығы 72 ғылыми жобаны, оның ішінде тарихи тақырыптарды жүзеге асыратын болады. Осы жұмыстардың барлығы көне қолжазбаларға жүгінуді қажет етеді», – деп ҚХА жоспарымен бөлісті.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында тарихымыздың киелі артефактілері жинақталған. Оған Қазақстан халқына байланысты тақырыптық зерттеулердің барысында құнды дүниелердің арқау болатыны сөзсіз.

ҚХА қолжазбалар және сирек кітаптарды зерттеу мен зерделеуге қол жеткізді

Қазіргі уақытта ҚХА Өзбекстан Ұлттық Академиясының Беруни атындағы Шығыстану институтымен, Өзбекстан Халықаралық Ислам Академиясымен және осы саладағы басқа да мекемелермен байланыс орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Біз шетелден Қазақстанға қатысы бар көне қолжазбалардың көшірмелерін ала отырып, ғалымдарымыз бен оқырмандарымызды қуантамыз деген үміттеміз», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар келісім-шарт аясында ұзақ және қысқа мерзімді тағылымдамадан, оқу-өндірістік және ғылыми тәжірибеден өту және зерттеушілермен кәсіби (өндірістік, зерттеу) іс-тәжірибелермен алмасу көзделген.

Қос тараптың ынтымақтастығы шеңберінде ғылыми еңбектерді әзірлеуде және оларды баспадан шығаруда ғылыми кеңес беру, ғылыми жетекшілік ету үшін әрі ғылыми консультанттарды тарту арқылы ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға