Жаңалықтар

ҚХА «Қайырымдылық керуені» акциясы жыл бойы өтетін болады

ҚХА «Қайырымдылық керуені» акциясы жыл бойы өтетін болады
08.01.2019 05:00 3628

Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға бағытталған 2019 жылға арналған «Қайырымдылық керуені» атты қайырымдылық іс-шаралары бастау алып, өңірлерде жалғасын табуда.

«Мейірімділікпен бірлікке!» ұранымен бастау алған қайырымдылық акциясы бір жылға созылып, ай сайын қазақ ұлтының әдет-ғұрыптарымен ұштастырылатын болады. Қаңтар айында «Сарқыт» атауымен өтіп жатқан қайырымдылық іс-шарасы ақпанда – «Сыбаға», наурызда – «Шашу», сәуірде – «Асар», мамырда – «Қамқор», маусымда – «Тоқымқағар», шілдеде – «Ерулік беру», тамызда – «Жылу», қыркүйекте – «Көрімдік», қазанда – «Бата», қарашада – «Бес жақсы», желтоқсанда – «Кәде» деп аталып өткізілетін болады.

Аталған салт-дәстүрлерге сайып келетін іс-шаралар «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын танытуға да зор үлесін тигізбек. Жалпы аталған жобаның өткен жылы тұсауы кесіліп, мақсатты түрде жұмысын бастап кеткен болатын.

ҚХА 2015 жылдан бастап қайырымдылық іс-шараларын үздіксіз өткізіп келеді. Бұл үрдіске халық арасынан шыққан жомарт жандар мен меценаттар өз үлестерін қосуда.

Сарқыт – қуанышқа, жақсылыққа жайылған дастарқандағы дәмнен сыйлы, құрметті қариялардың жолын берсін деген ниетпен әжелер балаларға алатын базарлығы. Бұл ғұрыптың тәрбиелік мәні зор – адал асты ысырап етпей, жақыныңмен жақсылықты бөлісуді білдіреді.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға