Жаңалықтар

Кез келген легионер жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі – Тоқаев

Кез келген легионер жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі – Тоқаев
Фото: Ақорда 27.08.2024 12:54 426

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт резервін әзірлеу ісінде Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері негізгі рөл атқаратынына назар аударып, олардың жұмысын жүйелеу жөнінде мәселе қозғады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде 500-ден астам Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар. Бірақ олардың қызметінде түйткілді мәселелер аз емес. Осындай мектептердің бағдарламасына кірген 162 спорт түрінің тек 52-сі ғана олимпиадалық спорт түріне жатады. Сондықтан олимпиадалық спорт түрлерінің резервін толықтыратын қабілетті балалар жетіспейді, сайып келгенде спорттағы жоғары жетістіктердің нәтижесі нашарлайды. Қаржының дұрыс бөлінбеуінен бюджет ақшасының басым бөлігі «желге ұшады», – деді Президент.

Бұл ретте мемлекет басшысы спорт саласына жоғары білікті мамандарды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау керек екенін атап өтті.

Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің тхэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты.

Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн,– деді мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға