Кей әйелдер жұмыс істемей-ақ зейнетке шыға алады

Мәжіліс депутаттары дипломаттар мен әскерилердің әйелдерінің шетелде тұрған кезеңін жұмыс өтілі ретінде есептеуді ұсынған болатын. Бұл бастама шетелде жұмыс табу қиындығына байланысты қаржылық тәуелділікке ұшырайтын әйелдерді қолдауға бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үкіметтің мәліметінше, қолданыстағы Әлеуметтік кодекске сәйкес, дипломаттар мен әскерилердің жұбайлары белгілі бір шарттарға сай жұмыс өтілі ретінде есептелетін мерзім арқылы зейнетақымен қамсыздандырылады. Егер олар шетелде жұбайымен бірге тұрса немесе кәсіби қызметін жалғастыруға мүмкіндігі болмаса, бұл уақыт еңбек өтіліне қосылады. Сонымен қатар, көпбалалы аналар, мүгедек балаға немесе егде жастағы адамдарға күтім жасаған әйелдер үшін де осындай жеңілдіктер қарастырылған.
Бұдан бөлек, бірлескен отбасылық зейнетақы аннуитеті енгізіліп, ол ерлі-зайыптыларға зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша, дипломаттар мен әскерилердің әйелдері жұмыс істемесе де, зейнетке шығу мүмкіндігіне ие болады.
