Жаңалықтар

«Кеттің бе – қайы­рыл­ма». Мемлекет басшысы қосарланған билік жайлы ойын айтты

«Кеттің бе – қайы­рыл­ма». Мемлекет басшысы қосарланған билік жайлы ойын айтты
Фото: Akorda.kz 03.01.2024 09:26 2040

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Диқан Қамзабекке берген сұхбатында қосарланған билік жүйесі жайлы ойын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Себебі Тоқаев 2019 жылы президент лауазымына сайланғаннан кейін кейбіреулер біздің саяси жүйемізді Иранның, Сингапурдың жүйесімен салыстыра бастады.

Конституцияға сәйкес, президент еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларын, Қарулы Күш­теріміздің жоғары басшылығын тағайын­дайды және оларды қызметі­нен босатады. Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы еліміздің Жоғарғы Бас Қол­бас­шысы саналады.

Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді, - деді Тоқаев.

Президент сонымен қатар дәл осындай әрекет қаңтар оқиғасына себеп болғанын да алға тартты.

Дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым, - дейді президент.

Мемлекет басшысы бұл жағдай алдағы уақытта билікке келетін азаматтарға да сабақ болсын деп отыр.

Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайы­рыл­ма!» Болашақта ел тізгінін ұс­тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауы тиіс.

Өкінішке қарай, ішкі саяси дағ­дарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, олардың кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болды, - дейді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жайттар елімізде Қатар оқиғасы Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру ауадай қажет екенін көрсетті дегенді айтады. Ал бұл қиындықтан шығуға бірлік пен батыл әрекет көмектескен.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтеме бойынша оқыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға