Кешірімге лайық кешігу
23 мамыр күні шымкенттік шекарашы Мақсат Рысдәулетов жұмысқа жарты сағат кешігіп келді. Басшылық тарапынан оған ауызша ескерту жасалды. Бірақ, алғашында оның не себепті кешіккенін ешкім білген жоқ.
Сол күні түс әлетінде Мақсат әдеттегіше үйіне түскі ас ішуге бара жатқан болатын. Кенет ол көпқабатты үйдің төртінші қабатынан түтін шығып жатқанын байқайды. Есік алдында көршілер жиналып қалыпты. Олар «үйде екі бала қалды» деп жанұшыра айғайлайды. Терезеге қараған сәтте мұның жүрегі зырқ ете қалды. Бүлдіршіндер кішкентай әлсіз қолдарымен жатын бөлменің терезесін ашуға тырмысып жатыр екен. Ар жағы көк түтіннен көрінбейді. Дәл осы көрініс Мақсаттың көзсіз әрекетіне себепші болды ( өзі – үш бірдей бүлдіршіннің әкесі).
Майор дереу бесінші қабатқа көтерілді. Батпандай ауыр темір есік жүз рет итерсең де ашылар емес. Сондықтан, бұл көршінің балконы арқылы төртінші қабатқа түсті (Айтпақшы, бұған дейін де көрші жігіт балкон арқылы кіруге талпынған екен. Бірақ, оның әрекетінен түк шықпапты. Қанша дегенмен, әскери адамның физикалық дайындығы жоғары). Қою түтіннің арасынан бүлдіршіндерді балконға шығарып, оларды суланған сүлгімен орап тастады. Артынша, қызыл жалынға оранған кілемге су шашып, отты өшірді.
Балконда өрт сөндірушілердің келуін күтіп тұрғанда кішкентай Богдан кіш еткісі келетінін айтып, Мақсат ағасын тағы бір састырды. Амал жоқ, Мақсаттың бетіне сулы шүберек басып, үйге қайта кіруіне тура келді. Еңбектеп барып, Богданға қажет ыдысты алып келді.
Бір кезде үйге құтқарушылар мен балақайлардың анасы Ольга да келіп жетті. Қос құлынын уайымдаған Ольганың өңі қашып кеткен. Коммуналдық төлемдерді төлеуге шығып кеткені сол еді. Артынша мынадай оқиға болады деген нәрсе үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Төрт жасар Богдан әпкесі Анжеланың айтқанына құлақ аспай, сіріңке жағып ойнапты. Одан арғысы белгілі, сіріңкенің шоғы жерге түскен де, кілем өртене бастаған...
Ең қызығы, №2024 әскери бөлімінің майоры Мақсат Рысдәулетов өзінің бұл ісін ерлік деп санамайды. Өрт ауыздықталған соң, ол балаларды анасына тапсырып, өзінің аты-жөнін де айтпастан, асыға басып, жұмысына кетіпті.
– Мен оның артынан «ең құрығанда есіміңізді айтыңызшы» деп айғайладым. Бірақ, әскери формадағы азамат тіпті бұрылған да жоқ. Кейін мен оны әскери бөлімнен іздеп таптым.
Қазір Мақсат – Анжела мен Богданның кіндік әкесі. Егер, ол дәл сол сәтте біздің үйдің жанынан өтпегенде, не болар еді?! Балаларым қандай күйде болар еді?! Ойлаудың өзі қорқынышты!.. Мақсатқа аналық зор алғысымды білдіремін. Мен оның бұл көмегін ешқашан ұмытпаймын, – дейді Ольга Павлова.
Ал, Мақсат болса, «бұл – ерлік емес, әр азаматтың міндеті. Мен –шекарашымын. Қиын күн туғанда, бейбіт тұрғындарға көмектесуді өзімнің міндетім деп санаймын» дейді.
Мақсаттың екі балақайды өрттен алып шыққаны туралы әңгімені әріптестері кейінірек естіген. Содан бері оны «құтқарушы» деп атайды. Әсілі, майорға сол күні ескерту емес, алғыс берілуі тиіс еді. Ол жұмысқа бекер кешікпеген екен...
Роза ӘРЕН