КЕСЕ ТҮБІНДЕ ТӨҢКЕРІЛГЕН ФУДЗИЯМА
Әтеш үшiншi рет
шақырғанда...
Соңғы кездерi бүгiнгi қазақ кiтап оқымайтын болды деген пiкiр жиi айтылып жүр. Ара-тұра бұл ұлттық рухани құлдырауымыздың басы деген де көрiпкелдiк ой бой көтерiп қалады.
Әдебиетшiлерiмiздiң осылай бар кiнәнi халыққа арта салуы «сезiктi бұрын секiрер», «беймаза жеңедi, бейшара көнедiнiң» керi емес пе екен?
Бәлкiм, оқырманның жоқтығына жазушымыздың өзi кiнәлi болар немесе оқырман бар да оның талабына жауап бере алар кiтап жоқ шығар?
Зиялы қауымның, оның iшiнде әдебиетшiлерiмiздiң ұлт болашағы алдындағы жауапсыздығына қарапайым халық қашанғы кiнәлi бола бермек?
Осындай сауалдарға жауап беру арқылы, бiз төмендегi мақалада мәселенi керiсiнше қарастырдық. Бұл жерде жазушы оқырманға емес, оқырман жазушыға сын айтады.
«Киелi хабардағы» жазуға қарағанда әлдебiр кештегi жиында Иса Мәсiх Петр сахабаға: «Таңға дейiн әтеш үш рет шақырады, оған дейiн сен менен үш рет безiнiп үлгеретiн боласың», дептi-мыс. Сонда сахаба: «Бұлай болуы еш мүмкiн емес. Сiзге Тәңiр хабары түскен алғашқы күндерiңiзден серiкпiн. Тәңiрге, Тәңiрiнiң ұлы Сiзге кәмiл сенемiн. Бұл сенiмiмнен ажал алдында тұрсам да бас тарта алмаспын» деп жауап берген көрiнедi. Одан кейiнгi оқиғалар дамуы барысында Иса мәсiхтiң айтқаны расқа шығып, пайғамбар басына зұлмат шақ туғанда, Петр сахабаның үш рет безiнiп үлгеретiндiгi де, тек әтеш үшiншi рет шақырғаннан соң ғана санасы оянып, сенiмi қалпына келетiндiгi де, сонда Иса мәсiхтiң айтқан көрiпкелдiгi есiне түсетiндiгi де сол әлде Лұқа, әлде Жоһан жазған «Киелi хабарда» тағы да тәпсiрленiп баяндалған-ды. Пайғамбар сөзiне күпiрлiк жасап, күнәға батқанына қорланған Петр сахаба сол сәт шыдай алмай еңкiлдеп жылап жiберiптi-мiс. Кiм бiледi, рухы iбiлiс тiлiне ерiп, осал тартқандығына iшi қан жылаған болар. Бiздiң ұлттық әдебиетiмiздiң қазiргi хал-күйi Петр сахабаның бас аяғы бiр түнде басынан кешiретiн осы сана сергелдеңiне ұқсайтын сынды.
Құдайдың бiр аты ар болса, әдебиет сол ардың iсi. «Өлеңге әркiмнiң-ақ бар таласы» деп ұлы Абай айтқанымен, Құдайдың жердегi шаруасымен екiнiң бiрiнiң айналыса беруге құқысы жоқ. Iшкi дайындығы, рухы да жетпейдi. Мұхаммед пайғамбар әлдебiр поэзия туралы әңгiмесiнде «Ақын болмысы Алланың қазынасы» деген екен. Демек, ақынның бүкiл шығармашылығы, тыныс-тiршiлiгi көктегi сол тылсым жаратылыстың жетегiнде жүрмек. Оның аузына «Хан емессiң, қасқырсың, қас албасты басқырсың. Достарың келiп табалап, дұшпаның сенi басқа ұрсын» деген бет қаратпас сөздi де, «Мен осынау Аспани құдiретiммен, пайғамбарлық етемiн жерге түгел» деп айтқызып, рухын асқақтататын да осы құпия құдiрет.Тiптi Құранның өзi керемет ақ өлең үлгiсiмен жазылғандығын неге ұмыта беремiз. Мұхаммед пайғамбардың өзi де өмiр бойына асылзада поэзияның шын жанкүйерi болып өткен деседi. Әттең, бүгiнгi мұсылман қауымы «Құранның» Мұхаммед арқылы көктен түсуiне поэзияға қаншалықты қарыздар екендiктерiн бiр сәт сезiнсе ғой. Олар Мұхаммед рухының биiк, жанының таза болғандығын ғана бiледi. Ал осы тазалыққа ол кiсi қалай жеттi, ол жағында шаруалары жоқ. Жан қысылғанда боқтық түрiнде болса да шындық айтылады дегендей, осы жағына назар аудара алар өресi болса, молдасы бар, басқасы бар бүкiл мұсылман әулетi нағыз өлеңқұмарлар әулетi болып шыға келер едi-ау. Бұл жағынан Иса үмбеттерi бiзден көш iлгерi. Олар поэзия қадiрiн бiлмесе де, сөз қадiрiн жақсы бiледi. Өйткенi, Иоаннан қалған «Киелi хабар» «Басында Сөз болды, Сөз Тәңiрiде болды, Сөз Тәңiрiнiң өзi едi»,– деп басталады. Демек, Құдайдың бiр аты Ар болса, бiр аты Сөз. Бiр кездерi «Сөзбен Күндi тоқтатып, қамал бұзған» құдiрет иелерi екi аяқты пенде бiздiң арамызда да болған дейдi ескi аңыздар. Өзiмiз кешегi күнге дейiн мойындамай келген бақсылар поэзиясы осындай тылсым күшке ие. Қалай дегенмен де, бақсылықтың практикасына үңiлетiн болсақ, бiр кездерi поэзия адамның жаны ғана емес, тәнiн емдеуге де, тұрмыс-тiршiлiгiне қарасуға да қолынан келгенше ат салысқандығының куәсi боламыз. Ендiгi жерде поэзияны трансцендентальдық деңгейде түсiндiруден оның жердегi нақты жағдайына қайта оралатын болсақ, осындай рухани мұраға ие ақындарды да соңғы уақыт iбiлiс иектей бастағандығы аңғарылады.
Сахаба Петрдi бiр түнде үш рет сүрiндiрген iбiлiс ақындарымызды күнiге отыз үш рет сүрiндiретiн сияқты. Осындайда есiңе ой алыбы Бальзактың «Идея фактыдан әрдайым жоғары тұрады» деген қанатты сөзi ерiксiз оралады. Таза поэзияның, оны жасайтын шабыттың құдiретпен тiкелей байланысы бар екендiгi анық, оған мысал келтiрдiк. Поэзия болмысы трансцендентальдық қасиетiнде пендеуи түсiнiктен қаншалықты жоғары тұрғанымен, төңiрегiндегi күрес-тартыс, одан өрбитiн нақты оқиғалар басқаға мегзейдi.
О бастағы көтерер туы Аспани болғанымен, поэзия және Ақын саясаттан, қоғамның өмiрiнен, ортаның әсерiнен ешқашан бейтарап қала алмақ емес. «Ақын жаны кiрпияз, жамандыққа төзе алмайды». Кешегi Кеңес өкiметi тұсында ар-намысы үшiн жекпе-жекте атысып мерт болған екi ақын өмiрбаянын орыс әдебиетi оқулығынан жата-жастана оқып, жатқа айтып өстiк. Екеуiн де құртқан Патша мен оның тоғышар шенеунiктерi екен. Бейнебiр олардан кейiнгi ақындардың бәрiнiң өмiрi сәттi аяқтала берген сынды. Сөйтсек, Кеңес өкiметi де тiкелей ақын рухы мен сүйегiнiң үстiнде құрылған болып шықты...
Поэзияның жаратылыспен тiкелей байланысы бар екенiн құлаққа сiңiрумен өткен Александр Блок суық бөлмеде аштықтан бұратылып жатып қайтыс болады. Ал, осыдан екi аптадай уақыт кейiн адамзаттың алтыншы сезiмi оянар сәттi аңсаумен өткен Николай Гумилев әлдебiр түрменiң ауласында атылған болатын. Обалы не керек, куә болғандар қорқақ есiнен танып, қайсардың буыны қалтырайтын осы сәтте ақын өз жендетiнiң бетiне жымия қарап тұрды деседi. Әттең, Достоевскийге берiлген кешiрiм оған да жасалса, бiз бен сiз небiр керемет рухани дүниелердiң куәгерi болар ма едiк. Бiр ғажабы, осы екi ақын да өздерiн бiр кезгi қысық көз ғұндардың ұрпағымыз деп есептеген. Осы арада Николай Гумилевтiң баласы Лев Гумилевтiн түркi тарихын қалпына келтiрудегi ыждағатты, қаһармандық еңбегiн бiр сәт еске ала кетсек жетер. Ал жиырмасыншы ғасырдың Дон Кихоты Велимир Хлебников подвалда жан тапсырғанда, қасында мына қайыршы кезбеге не болды деп әуестенген жас балалар ғана болған көрiнедi. Өлеңдi есеп жүйесiне салу арқылы ғаламның құпиясын ашсам ба деген осы ақын арманының қасында бәрiмiз аласа тартарымыз анық. Ал Кеңес өкiметiмен көңiл қосқысы келген В.Маяковский атылып қалса, Сергей Есенин мойнына қыл арқан салды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елiмде ұлтан болғаным дұрыс» деп Отанына оралған Марина Цветаева – бұрын-соңды жер бетiнде өткен әйелдердiң рухы ең өрi, әлдебiр ақсаусақтардың күнә мен қылмыс иiсi күңiрсiген кiр-қоңын жуып, тiршiлiк етедi. Ақыр соңында темекiге тиын-тебен таба алмай мұқтаждықтан қысылған ақын әйел өз өмiрiн өзi үзуге мәжбүр болған. Шiркеу кешегi күндерi ғана әйел ақынның өр рухын азалап, жанын жайландыруға рұқсат бердi. Мiне, сiзге әйел образындағы Никколо Паганини...
Әттең, бiздiң қазақы түсiнiгiмiзге адамды, оның жан-дүниесiн зерттеудiң психоанализдiк әдiстерi әлi сiңiсе қойған жоқ. Болмаса аты дардай талай әдебиетшi ағаларымыздың сырты бүтiн, iшi түтiн жан дүниесiн жалаңаштап беруге болар едi. Бiрақ бұл жалаңаштау «Кiл құдайлардың iшiнде құдай емесi iнiсi» деп бiр ақын ағамыздың ауылдасының әдебиет пен әдебиетшi жайлы қазақы сәби түсiнiгiн зiлсiз ажуалағанындай болып шықпас едi. Оның үстiне бiзде шығармашылық адам өмiрiнiң биографиясын психологиялық иiрiмдермен жазу iспеттi әдебиеттiң танымдық ең келелi жанрларының бiрi де әлi күнге өз дәрежесiнде дамымай келе жатқандығы қолбайлау...
Әңгiменi орыс әдебиетi өмiрiнен мысал келтiруден бастауымыздың әртүрлi объективтi, субъективтi себептерi бар. Бұл үшiн орысшыл, батысшыл деп кiнәлау дұрыс бола қоймас. Өйткенi, оның тарихында Пушкин, Лермонтовтай ақыны, Толстой, Достоевский сынды ұлы жазушылары болған. Өйткенi, бұл әдебиет орыс ұлтын әлем халқына қазан төңкерiсiне дейiн танытып үлгерген. Орыс ақыны айтқандай, «Поэт в России больше-чем поэт». Ал бiздiң әдебиет бұл кездерi Абай поэзиясы қажет пе, қажет емес пе деген сәби сауал төңiрегiнде таласып жатқан-ды. Бұл айтыстың ақыры Мағжан, Сәкен, Iлияс, Бейiмбет... есiмдерiн санап жату әбестiк болар, жалпы әдебиет киесiн, поэзия қасиетiн iбiлiс қаруының ұңғысына байлап берумен аяқталғаны белгiлi. Петр сахабаны бiр түнде үш рет сүрiндiретiн қанатты құс қазақ әдебиетiнде осы кезде бiрiншi рет шақырған-ды. Бiз оны байқамадық. М.Әуезов, Ғ.Мүсiреповтер жасырын рухани майданға кеттi. Қазақ әдебиетi үшiн Әуезов шығармашылығы қаншалықты бағалы екенi белгiлi, өмiрiнiң соңында «Тазалауды Авгийдiң ат қорасынан бастайық» деген Ғ.Мүсiрепов өмiрiн Петр сахабаның өмiрiмен байланыстыруға, рухани параллель жүргiзуге бола ма? Әбден болады. Шiркеу және бай-манаптар Иса iлiмiнiң қағидаларын өз қажеттiлiктерiне қалай бұрмаласа, қазақ әдебиетiндегi «жаңа рухани патриархтар да» осы нәрсенi жасағысы келдi. Өйткенi олар үшiн әдебиет киеден жұрдай күнделiктi күнкөрiстiң құралы ғана-тын. Олар өз iзбасарларын да осындай рухта тәрбиеледi. Әдебиет ауылына тарихи философияға тiсi батпайтын, Тәңiрiнiң өзiн көшеде тiрi кездестiре қалса тепкiлеп кететiн дiлi дүмбiлез «дарындар» қаптай бастады. Өлең былай тұрсын, прозаның өзiнiң ой жүгiртер алаңы тым тарылып кеттi. Бұл кезеңдегi қазақ прозасының оқиға өрбiсi «бiр ағаш, бiр ай, екi адам, тағы бiраз уақыт өткенсiн бiр ағаш, бiр ай, бiр адам» төңiрегiнде немесе парторг пен директор тартысы ауқымында ғана болатын десек, қателеспейтiн шығармыз. Шығармашылық iзденiс күрт құлдырап кеттi. Әрине, бұл шығармашылық интуициясына сүйенiп, әдебиет басқашалау болуы керек-ау дегендер табылмады деген сөз емес. Ондайларды аяқтан сын шалса, төбеден социалистiк идеология тоқпақтады. Екi жақты майданға шыдай алмай бұлардың көбiсi жүректен кеткенi жасырын емес. Әдебиет тек өткендi жазу емес, белгiлi бiр дәрежеде болашақты болжаудың да құралы екендiгi ұмытылып қала бердi. Тарихи оқиғаларға параллель жүргiзу, жеке адам түсiнiгiнiң қатпарларына саяхат жасау, кеңiстiк пен уақытта еркiн қозғалу сынды әлемдiк әдебиеттiң ең соңғы әдiс-тәсiлдерiнен мақұрым қалған қазақ тiл өнерi ендiгi жерде құр жалаң қызыл сөздiлiкке айналып бара жатқандай... Жазушылар одағына 600-ге тарта жазушының тiркелуi де қазақ үшiн жазушылықтың науқандық кәсiпке айналғандығына айғақ болса керек. Ақыр соңы көш бастар әдеби сынымыз плагиат әдебиеттен шын шығармашының өзiндiк iзденiс қолтаңбасы бар туындысын ажыратып алуға қабiлетсiз болып қалды. Аруағы кешiрсiн, бүкiл өмiрi қазағым деп шырылдап өткен әлдебiр сыншы ағаның Олжас Сүлейменовтың «Қыш кiтабын» мансұқтағаны әлi есiмiзде. Құдайым-ау, тарихқа, әдебиетке, дiнге талдама жасай бiлетiн болсақ, бiздiң әдебиетiмiзге, қазақы түсiнiгiмiзде нақты пародия осы поэма емес пе?! Қазақ атының тұяғы қай жердi баспады, ауыздығымен алысып тұрып қай өзеннен су iшпедi? Елбасымыз Ишпақай, ақынымыз Көтен болса, бiзге емес, екi аяқты дүмшенi арқалаған атқа обал болғаны да!
Қазақ жазушысы өзiне Кеңес үкiметi тұсындағы жетпiс жылда салауатты оқырман дайындай алмады. Қазақ кiтапқұмарлығы стихиялық ыңғайдағы баянсыз кiтапқұмарлық болып шықты. Бәлкiм, науқаншылық сипаттағы кiтапқұмарлық едi десек те қателеспейтiн шығармыз. Олай болуының да әртүрлi әлеуметтiк, психологиялық себептерi бар. Өз алдына әңгiме етудi қажет ететiн өзектi тақырып болғандықтан, бұл жерде оған тоқталып жатуды жөн көрмедiк.
Жалпы, қазақ әдебиетiнде шу шығарып, оқырман сүйiспеншiлiгiне бөленген шығармалардың денi желiсiн халқымыздың өткен тарихынан тартатын шығармалар. Өткендi жазған дұрыс шығар, бiрақ сол өткенiмiз бүгiнгi күнмен жең ұшынан жалғасып тұруы тиiстiгiн жазушыларымыз жадынан шығарып алды. Болмаса, кешегi даланы жазып жүрiп, бүгiнгi қалада сол қазағына мола қазылып жатқандығын iштей сезбедi ме, сездi. Сонда әрекетсiз отырып қалғандықтарын қандай себептермен түсiндiруге болады?
Жоқ, әдебиет болмады емес, болды. Бiрақ, сол әдебиет социалистiк реализм тонын жамылған романтикалық сарындағы әдебиет едi. Мысалы Оралхан Бөкеев кейiпкерлерiне тұтасымен елiктей алатын бiр жан тауып бере аламыз ба? Дау жоқ, мықты жазушы. Бiрақ... оның туындылары ешкiмдi де психологиялық дайындықтан өткiзе алмайды. Қала мен дала ортасында жүрген бүгiнгi қазаққа басқа әдебиет керек. Сол әдебиет болмай қазақ кiтап оқымақ емес.
Ақын ағам айтады: Алпысыншы жылдар. Ауылдағы кiтапханаға «Махаббат, қызық мол жылдардың» төрт данасы түстi. Бүкiл ауыл болып оқыдық. Кiтап оқуға да халық кезекке тұратындығын осы кезде байқадым. Ақыр соңы өмiрiнде бiр кiтап оқымаған жеңешем де үйдiң жұмысынан қолы қалт босай қалған сәтте құнттап жүрiп оқып шыққаны әлi есiмде.
Тағы да сол ағам айтады: «Махаббат, қызық мол жылдар» соншалықты керемет туынды емес. Алматыға келiп көргенiммен кiтаптан оқығанымның арасында жер мен көктей айырмашылық бар.
Ауыл жастары қалаға әлi де сол «Махаббат, қызық мол жылдар» әсерiмен аттанады. Бейнебiр ауылда да, қалада да уақыт тоқтап қалғандай. Жазушыларымыз әлi күнге 45-жылдардың рухани атмосферасын алға жылжыта алмай жатқандығы жанға батады.
Сексенiншi жылдардың жастары жата жастанып жатып оқыған тағы бiр шығарма М.Мағауиннiң «Көк мұнары» едi. Дәл қазiр осы эгоист Едiгенiң қашама аспиранттың көз жасына қалғандығын кiм санап бере алады. Бұл жас қазақтың бiлiмi болғанымен, бас тiгер идеясы жоқ едi. Ақыры әлдеқайда қаңғып кететiнi де сол идеясыздықтан. Бәлкiм, жазушы рухани бүлiкшi образын жасауға талпынған болар. Солай болса да бұл талпыныс сәтсiз талпыныс.
Сексенiншi жылдардың өлеңге таласы бар жастары әдебиетке «Мұқағали арақ iшкен, бiз де iше аламыз» деп келдi. Сәби түсiнiк пе, сәби түсiнiк. Мұқағали тағдыры сонда қала қақпасының ұстынына дарға асылған Франсуа Вийон өмiрiнен аянышты ма, әлде түрмеде өмiрiн өткiзген Комоэнс тiршiлiгiнен бейшара ма? Түсiнiксiз. Франсуа Вийон корольге тiл тигiзген адам. Ал санасын арақ улаған жаңағы перiлер бас аяғы айналдырған он жыл iшiнде рухани күреске қабiлетсiз мүгедек болып қалды. Әттең, осыларға француз символисi Артюр Рембоның поэзияға адалдығын берсе, киелi әдебиет ауылының ауасы көңiрсiген иiстен сәл де болса арылған болар едi-ау. Өйткенi, бұлар әдебиеттi жасаған жоқ, әдебиетпен әуестендi. Құмарын басты. Тәндiк ләззат алғанымен, рухани ләззат сезiну биiгiне көтерiле алмады. Ендiгi әдебиет үшiн қысылтаяң сәтте олардың денi әдебиет майданын тастап кетiп жатыр. Әдебиет – рухани майдан алаңы. Рухың мықты болмаса тәнiң, жан-жүйкең таяқ жейдi. Бұл жағынан алғанда әдебиетшi де спортшы секiлдi, жақсы көрсеткiш байқатуға тырысады. Бiрақ, спортшыға жақсы көрсеткiш байқатамын деп тәнге есiрткi егу қаншалықты зиян болса, әдебиетшiге де жалған елiктеу – солықтаудың тиiмсiздiгi соншалықты айқын. Бiр Мұқағалидың аруағы риза болар, ал Данте, Шекспир, Лермонтов аруақтары ше? Жеке ақын шығармашылығына, ақын өмiрiне көз жұмып табыну қажет еместiгiн осы мысалдар-ақ дәлелдер. Шығармашылықтағы осы жеке басқа табынушылық дертi әдебиетiмiз өресiн әлi күнге өсiрмей келе жатыр. Қазақ әдебиетiнiң бiр адам шығармашылығына тән ойлау шеңберiнде қалып қоя беруi, бүкiл адамзаттық ой кеңiстiгiне шыға алмауы – бұл да ғаламдық поэзия рухының, әдебиет рухының алдындағы әлсiздiк.
Қысқасы, тоқсаныншы жылдар ұрпағы әтештiң екiншi шақырғанына, Петр сахабаның өз сенiмiнен екiншi рет безiнуiне куә болуда.
Кешегi кемi жүз мың оқырманы бар жазушы бүгiн халқына ренiштi көрiнедi. Солар ертеңгi оқырманның арасынан он оқырман таба алар ма екен, осыны неге ойламайды. Бiз бұл арада прозаны бекер тiлге тиек етiп отырғанымыз жоқ. Ақын ерте көктемде табиғаттың тылсым күшiмен ағаш бұтағын жарып шығатын бүртiк болатын болса, прозашы сол бүртiктi жаңбырсыз алты ай күтiп, бағып, жемiсiн күз болғанда халыққа ұсынатын еңбекқор бағбан.
Бұл сөзiмiзге дәлел ретiнде арыға бармай-ақ, әлеуметтану, саясаттану, психоанализ сынды бүгiнгi қоғамды, адамзатты зерттеу iлiмдерiнiң бастауында Шекспир, Бальзак, Достоевский прозалары тұрғандығын айтып өтсек те жетер...
Әлем әдебиетiне үңiлсек, Эдгар Аллан По жынданып өледi, Хэмингуэй атылып қалады. Джек Лондон, Акутагава Рюноскэ дәрi iшiп өлген. Мисима харакири жасаған. Достоевский жалаңаш жүйкесi қысымға шыдай алмай жарылып өлдi. Толстой үйiнен қашқан. Егер жаратылыста қайта туылу заңы шынымен бар болатын болса, Будданы тағы да бiр рет «Ясная Полянада» туылып, қайтыс болып едi деп айтуға болатын шығар. Бұлардың бәрi рухани жан дүниесi мазасыз iзденiсiнiң құрбаны болғандар. Айтпақшы, Эдгар Аллан По бүгiнгi ғылыми криминалистиканың негiзiн қалаушы. Олардың тiршiлiгiн ұстап тұрған да осы адамзатқа керек-ау деген әлдебiр iшкi жан-дүние iзденiсiнен туындаған идеялар едi. Олар өздерiн әдебиетке алып келген сол идеяға өмiрлерiнiң соңына дейiн адал болды, рухтары көкке кеткенше қызмет еттi.
Ал бiздiң кейбiр жазушымыз, адамзатқа, қала бердi өз халқына берер ешқандай идеясы болмаса да, әдебиет деген киенiң жағасына жармасуын әлi қояр емес. Әйтпесе, жандарынан идея шығара алмаса, өздерi «сенiммен» қызмет еткен кешегi социализм күйрегенде неге бiр жазушымыз харакири жасамады?! Өйткенi олар халыққа әдебиет арқылы қызмет жасамақ түгiл, сол халықтың болашағына да сенбейтiн едi. Осы бiр қорқыныш бейнесiндегi iбiлiс олардың санасының бiр қыртысында соңғы 50 жыл бойы маза бермей жатып алғандығы анық. Әйтпесе, ертеңгi күнi ең бiрiншi оқырманы болатын туған баласын шала қазақ қып тәрбиелеуiне не себеп? Өз баласының бойына себе алмаған Рухты халқының бойына еге алатындығына сонда, осы әдебиетшiлерiмiз қалай сендi екен? Маргинал қазағымыз «оригинал орыс» болып кете жаздағанына да осы зиялы қауым кiнәлi.
Әттең, халқымызда «көпке топырақ шашпа, өзiңе тиедi» деген сөз бар. Қалай дегенмен, бүгiнгi әдебиетшiлерiмiздiң халыққа ренжитiн жөнi жоқ. Керiсiнше, халық әдебиетшiлерiне ренжiсе құба құп.
Бiз, тоқсаныншы жылдардың ұрпағы, әтеш екiншi рет шақырған сәттiң куәсi болдық. Қазiр түн жарым. Ұзамай таң атарын хабарлап әтеш үшiншi рет шақырмақ. Бiз де сенiмiмiзден безiнiп жүрмейiк. Құдайдың екi аты – Ар мен Сөз бiзден осыны талап етедi.
«Киелi хабардағы» көрiпкелдiк ендi қайталанбаса екен. Халық даналығы «екi рет алдансаң, кiнә мынанiкi, ананiкi, ал үшiншi рет алдауға мүмкiндiк берсең, айыбы өзiңнен болмақ» дейдi.
1996 жыл.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»