Жаңалықтар

КЕСЕ ТҮБIНДЕ ТӨҢКЕРIЛГЕН ФУДЗИЯМА

Соңғы кездерi қазақ суретшiлерiнiң шығармаларына көбiрек зер салуға тырысатын әдет шығарып жүрмiн.
30.06.2014 12:47 3400

Шынайы қызғаныш

Соңғы кездерi қазақ суретшiлерiнiң шығармаларына көбiрек зер салуға тырысатын әдет шығарып жүрмiн. Себебi, қазақ әдебиетi айта алмай жүрген үлкен шындықты осы қылқалам шеберлерi соны мәнердегi бояу тiлiмен бiрiншi болып айтып қоятын секiлдi болады да тұрады. Олардан саф алтындай бағалы әлдененi қызғанатындаймын. Санамның терең бiр түкпiрiнде суретшiлер қауымымен жақсы мағынасындағы шығармашылық бәсекеге түссем, жеңiмпаз болып шықсам деген құлшыныс жатқан сияқты сезiледi.

Бәрi неден басталып едi?

Иә, иә, Борхестiң әңгiмесiнен. ХХ ғасырдың шын мағынасындағы Гомерi атанған ұлы жазушының жапон қаламгерi Акутагава жайлы бiр ауыз пiкiрiнен. Дәлiрек айтқанда, Борхестiң пiкiрi Акутагаваның бiр ғана әңгiмесi туралы болатын. Әрине, бұған қарап Борхестi Акутагаваны терең оқымаған деп айтуға болмайды. Оқымаса мойындамас, бiр әңгiмесiн өз жинағына кiргiзбес едi ғой. Борхес Акутагаваны керемет жақсы бiлген, талантын мойындаған, тiптi қызғанған десе де болады. Бiрақ Толстойдың Шекспирдi түкке алғысыз етiп, быт-шыт қылғанындай ат құйрығын шарт кесiстi әрекеттерге бармағаны және анық. Дегенмен бәрiбiр Борхестiң Акутагаваның осал тұсын iздеп табуға әбден-ақ ынталы болғаны аңғарылады. Талант иесi, өзiнiң әрiптесi ретiнде бiр тұқыртып алғанды жөн көрген. «Ұлы Акутагава! Сенiң де қайдан, қалай тамыр байлап шыққаныңды, кiмдерден үйренгенiңдi бiз бес саусағымыздай жақсы бiлемiз» деген әңгiменi айтқысы келген. Және айтқан да.

Абыз Борхестiң ұлы Акутагаваның ешқандай да аспаннан түспеген, үйренгенi, iзденгенi бар кәдiмдi жұмырбасты қарапайым талант иесi екендiгiн айғақтауына нендей жайт себепшi болды дейсiз ғой? Бар болғаны, бiр әңгiменiң мазмұны ғана.

Акиро Куросаваның «Расемон» деп аталатын атақты фильмi есiңiзде ме? Мiне, осы фильмнiң негiзiнде Акутагава Рюноскэнiң «Расемон қақпасы» және «Орманда» деп аталатын атақты әңгiмелерiнiң желiсi жатқаны белгiлi. Егер есiңiзге түспесе айта кетейiк, бұл екiншi шығарма орман iшiнде болған бiр қылмысты iстi оған куә болған кейiпкерлердiң өз дүниетанымы, адами болмысы тұрғысынан әрқилы етiп суреттейтiнi жайлы шытырман оқиғалы психологиялық әңгiме.

Мiне, Куросава ғажайып кинотуындыға айналдырған осы классикалық әңгiменi Борхес Акутагаваның өз қиялынан тудырмағанын, небары Американың ХIХ ғасырда өмiр сүрген ортанқол бiр жазушысының шығармасының мазмұнынан ары қарата дамытып алып кеткенiн айтады. Акутагава жауһарының негiзiнде Америка рухани-әдеби iзденiсiнiң қол жеткiзген табысы жатыр деген тұжырымды алға тартады. Ғажап! Қайда да Америка бiрiншi болуы керек! Тiптi гуманист Хорхе Луис Борхес үшiн де! Не деген менмендiк?!

Егер отыз бес жасында өлiп қалмағанда, көзi тiрi болса Акутагава Рюноскэ Борхестiң осы айыптауларына (Борхес Акутагаваны мәдени түрде плагиатшылығы үшiн айыптап отыр ғой) нендей жауап қайтарар едi? Қайтарса, ол жауап қандай болуы мүмкiн-дi?

Әрине, Акутагаваның өз жауабы жоқ. Болмайды да. Дегенмен Акутагава үшiн ол қайтаруы мүмкiн жауаптың бiрнеше нұсқасын бiздiң жасап көруiмiзге болады. Әңгiменi көп созбас үшiн, қазiрге сол жауаптардың бiреуiнiң ғана нобайын мысалға келтiрсек те жеткiлiктi ғой деп ойлаймыз.

Бiздiңше, Акутагава Рюноскэ Эрнест Хемингуэйдiң «Менiң өзiмнiң жазу мәнерiмдi қалыптастыруыма Поль Сезанн суреттерiнiң, оның бояуды пайдаланудағы ыждаһатты iзденiстерiнiң тiкелей әсерi болды» деген пiкiрiн жапонша дамытқан болар едi.

Ол Борхеске «Бауырым Хорхе, рас, мен әлем әдебиетiнiң көптеген ұлы туындыларымен жақсы таныспын. Маған Гомер де, Бальзак та, Достоевский де жат емес. Бiрақ сенiң менi интеллектуал ретiнде мақтай отырып, мақтамен бауыздамақ әрекетiңнiң еш қисыны жоқ. Иә, мен әңгiмемнiң қалыбын бiреуден алдым. Бiрақ, ол америкалықтiкi емес-тi.

Иесi өзiмiздiң қайталанбас бiрегей суретшiмiз Кацусика Хокусай болатын. Сенбесең, оның «Фудзидiң 36 көрiнiсi» және «Фудзидiң 100 көрiнiсi» атты суреттер топтамаларына қарағын. Егер Хокусай қасиеттi тауымыз Фудзияманы әртүрлi тараптардан әрқилы көрiнiсте бейнелеуге тырысса, мен, бар болғаны, бiр оқиғаны бiрнеше кейiпкердiң аузымен әңгiмелеп беруге ұмтылдым. Әсiлi, сен менiң тек жазушы, ақын, эссешi ғана емес, сурет өнерiнiң де бiлгiрi екенiмдi ұмытпағаның жөн. Иә, Акутагава қажет болып жатса, суретшiлерден де үйренедi» дер-дi.

Сосын Борхестiң алдына Хокусайдың бұлттар арасындағы Фудзиiнiң, теңiз бетiнде толқынмен тербелген Фудзиiнiң, ақыр соңы маскүнемнiң кесесiнiң iшiнде қонақтаған Фудзиiнiң көрiнiстерiн тастай салар едi.

Акутагаваның осал жерiн табуға дәмеленген Борхес, осылайша, оның ең мықты шығармашылық қасиетiмен танысар-ды.

Иә, мен соңғы кездерi қазақ суретшiлерiнiң туындыларына көп үңiлем. Себебi, өзiмнiң Хокусайымды тапқым келедi. Қазақ Хокусайын. Өйткенi, ақын-жазушыға қарағанда суретшi қауымның бiлiмдi екенiн, суретшi ағайынның iзденгiш келетiндiгiн жақсы бiлемiн. Олар ешқандай уақытты, ешқандай құрлықты, ешқандай «измдердi» жатырқамайды.

Тағы да «измдер»

Амал қанша, бұл тарауша да суретшiлер жайлы болмақ, олардың адам баласының рухани-мәдени iзденiстерiнiң көшбасында жүретiндiгiн дәлелдеуге арналмақ. Бәлкiм, дәлелдеу арқылы бейнелеу өнерiн ұлықтауға.

Бұл бағыттағы ой ағысы неден басталып едi, өзi?

Иә, Оразбек Сәрсенбаев ағамыздың «Қазақ әдебиетi» газетiнiң сауалнамасына берген жауабынан.

Ол кiсi «ешқандай «измiңiз» әдебиеттiң анықтауышы бола алмайды, символист, футурулист, имажинист дегендерiңiздiң бәрi де бос сөз, әдебиеттi тек дарындылар ғана жасайды» деген-дi. Дәл болмаса да, айтпағының ұзын-ырғасы осындай.

Бiз бұл жерде қаламгер ағамыз кез келген «изм» уақыт өте келе тоқырауға ұшырайды, өнерде тек таланттылар ғана қалады деген пiкiрдi жалау қылып көтергiсi келген болса, ол ұстанымымен еш қарсылықсыз келiсемiз. Ал егер «изм» атаулының өнердiң, әдебиеттiң дамуына қосар үлесi барлығын мүлдем жоққа шығарғысы келген болса, ондай тұжырымына айтар дауымыз бар.

Әңгiмемiздiң басын ашып алайық, жалпы өнердегi, әдебиеттегi «изм» дегенiмiз не? Оның табиғаты қандай?

Бiздiңше әдебиет пен өнерге келiп-кетiп жатқан «измдердi» қарапайым мысалмен айтқанда, уақыт өте келе қайта жаңғырып, толыса дамып отыратын адам баласының киiм киюдегi сән үлгiлерiмен салыстыруға болады. Мұндай жаңаша түлеуге деген ынтызарлықты ХIХ ғасырдың басындағы Еуропа өнерi мен әдебиетiнен жақсы байқай аламыз. Сөзiмiзге дәлел ретiнде бiр ғана оқиғаны айтайық, әбден тозығы жеткен классицизмдi жақтаушылар мен Гюго бастаған романтиктердiң арасында Парижде кәдiмгiдей төбелес болғаны белгiлi, төбелеске романтиктердiң сапында қатысып, денсаулығына бiршама нұқсан алғандардың арасында ұлы Бальзак та бар болатын.

Мұндай жаңашылдыққа, өмiрдi бұған дейiн белгiсiз болып келген тараптан суреттеуге, ұмтылыстар тек әдебиет емес, бейнелеу өнерiнде де қатар, бәлкiм бiрiншi болып жүрiп жатты. Егер сурет өнерiнде романтизм белең алмаса, классицизм барлық iзденiстердi өзiнiң темiр құрсауында мықтап ұстап отырса, мысалы Эжен Делакруаның әйгiлi жалау ұстаған омырауы ашық әйелi дүниеге келер ме едi?

Ал «Барикададағы бостандық» деп аталатын осы сурет көне грек пен римнiң бейнелеу өнерi һәм скульптурасында қалытасқан үрдiстердiң жаңғыра, осы заманғы өмiрге барынша жақындата дамыған жаңа көрiнiсi едi. Бейнелеу өнерiн де, бар болғаны, ортағасырлық дәстүрлi әйел құдайдың бейнесiнiң орнына кәдуiлгi ет пен сүйектен жаратылған әйел келдi, адам болмысының қырлары боямасыз ашық көрiнiс тапты. Бiрақ бұл қазiр айтқанға жеңiл болғанмен, ол кездерi үлкен құрбандықты қажет ететiн әрекет-тi. Жиырма жыл бойы суретшiнiң шеберханасында ешкiмге керегi болмай шаң басып жатқан осы дүние бүгiнде бүкiл Францияның мақтанышы, ал ондағы ашық омыраулы әйел француз демократиясы мен дүниетанымының символы болып саналады.

Жалпы, бiздiң бiлуiмiзше, әдебиет пен өнердегi осы «изм» дегендерiңiздiң қазекем басын ала қашатындай ешқанай құбыжықтығы жоқ, аудара қалсаңыз кәдуiлгi қарапайым ғана сөздер болып шығады. Осы ретте «импрессионизм» атауының дүниеге қалай келгенiн тiлге тиек етiа өтсек те болады.

1874 жылы Парижде бағыттас, мұраттас бiр топ суретшiнiң көрмесi ашылды. Осы көрменi тамашалаушылардың арасында сыншы Луи Леруа деген де бар едi. Оған көрмеге қойылған суреттер ұнамады. Әсiресе Клод Моненiң «Әсер. Күннiң шығуы» атты картинасы қытығына тидi. Кейiн, газеттегi мақаласында, осы сурет туралы «Мұндағы теңiз пейзажынан гөрi суреттiң астарындағы дайындық жұмыстары анағұрлым сәттi көрiнедi» деп кекете жазды. Ал суретшiлер тобына «әсершiлдер», яғни, «импрессионистер» деген атты таңып жiбердi. Ендi айтыңызшы, табиғат көрiнiсi немесе адам бейнесiнен аңғарған алғашқы әсерiңiздi жоғалтып алмай, кенеп бетiне түсiруге ұмтылғанның несi айып? Қазекемнiң өзi де «алғашқы әсер алдамайды» деп ой түйедi емес пе! Ал модернизм деген сөздiң астарында «жаңашылдар» деген мағына жатыр. Фовизм деген сөзiңiз «асау, жабайы» дегендi бiлдiредi. Бейнелеу өнерiндегi осы ағымның негiзiн қалаған француз Анри Матисстiң өзiнiң мәнерiн Шығыстың орта ғасырлық миниатюраларынан алғанын әңгiмелегенi бар. Тiптi өз мәнерiн қалыптастыруда парсы мен түркiнiң кiлемдерiн зерттеуге дейiн барғанын да жасырмаған. Амедео Модильянидiң ұзын мойын арулары болса байырғы Африка мүсiндерiнiң дамытылған нұсқасы болып табылады.

Иә, әдебиет пен өнердегi ешқандай «изм» тақыр жерден пайда болмайды. Қай-қайсысынң да тарихы тереңде, қайсыбiреулерiнiң әлi тас үңгiрлерде жүрген бағзы бабаларымыздың сұлулыққа ынтығып, оны бейнелеуге ұмтылған алғашқы талпыныстарынан да бастау алуы мүмкiн. Ал сiз сол бабаларыңызды өзiңiзден Құдай берген дарыны жағынан кем едi деп айта алмайсыз ғой.

Солай, «измдер» туралы сөз қозғайтын болсақ, айтылатын әңгiме көп. Ақын Сергей Есенин Низами Ганжауи поэмасымен танысқаннан кейiн, «әттең, бұл ақынды кеш бiлiп қалдым, әйтпесе бiздiң бағыт имажинизм емес, низамизм деп аталатын болар едi» дептi. Поэзиясы орыс рухының қастерлi туына айналған Сергей ақынның осы сөзiне бiз де қосыламыз. Өйткенi, көргенi көп көненi, қасиеттi, киелi бағзыны қайта жаңғыртып, адамзат игiлiгiне жаратудың ешқандай сөкеттiгi жоқ. Шынайы, табиғи өнердiң даму жолы да осы. Тек пейiл, ниет дұрыс болса болғаны.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға