Кэри-Хироюки Тагава: "Қазақ халқына қатысым болғандығына мақтананамын"
Қазанның 23-інде «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында «Әлем барысы», қазақ күресінен болатын әлемдік додаға қатысушы балуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтті. Кеште 35 елден келген балуандар мен қоса, «Mortal Kombat» фильмімен аты шыққан Кэри-Хироюки Тагава да болды. Жарысты көруге арнайы мұхиттың ар жағынан келген қонақтан, «El.kz» эксклюзивті сұхбат алды.
- Тагава мырза, қазақ күресі жалпы Қазақстан жайлы не ойлайсыз?
- Мен Қазақстанның әлемдік жетістіктеріне ризамын, және қазақ халқына қатысым болғандығына мақтананамын. Сіздердің тарихтарыңыз бен көне мәдениеттеріңізді ұмытпай, замануи өмірмен қатар алып келе жатқандарыңыз өте қуантады.
Жапондықтар мен қазақтардың қандары бір-біріне жақын деп ойлаймын. Сондықтан Қазақстан менің екінші үйім. Қазақстанға байланысты кез келген іс-шараға қатысуға дайынмын, әсіресе спорттық жекпе-жектерге байланысты шараларды ұнатамын.
- Сіз сахнада қазақ мәдениетін қатты ұнататындығыңызды айттыңыз. Сол қазақ мәдениетінің сізге нақты қай жері ұнады?
- Мен ешқашан бір орында отырмайтын, көшпенді адаммын. Өмір бойы қозғалыста болдым. Ішімде әрқашан қозғалыста болғанымды талап ететін бір сезім бар. Сондықтан мен қазақ мәдениетінің осы жағын өте жақсы түсінемін. Қарап отырсаңыз әлемде табиғатты түсінетін, онымен тығыз байланыста өмір сүретін мәдениеттер бар, және керісінше, оны аса керек етпейтін де мәдениеттер бар. Солардың бірі - қазақ халқы. Адамдардың табиғатқа жақындығы, онымен байланысы, және құрметі менің де жүрегіме жақын. Қазақ мәдениетінің тағы бір қатты ұнайтыны – адамдардың бір-біріне деген сый-құрметі. Көршілерге, келген қонаққа деген қонақжайлылығыңыз, ақкөңілдіктеріңіз қатты ұнайды. Ақкөңілсіз, ашық жүрексіз адамдардың іші бос болады. Сол себепті, қазақ халқына айтатын алғысым зор.
- Қазақстанға толығымен көшіп келер ме едіңіз?
- Толығымен көшіп келу дейсіз бе? Мен көшпендімін, бір орында отыра алмаймын (күліп). Бірақ жиі-жиі келіп тұрғым келеді. Өз түбірімді әрдайым есте сақтау - мен үшін өте маңызды.
- Сұхбатыңызға рахмет, Тагава мырза!
Айта кетерлік тағы бір жайт, Кери Тагаваның имиджі жарысты жарнамалау үшін толыққанды қолданылмаған сияқты. Естеріңізде болса, «Mortal Kombat» фильмінде Кэри Тагаваның кейіпкері әлемнің барлық бұрышынан ең мықты деген жауынгерлерді жинап, «жан шыққанша төбелес» ұйымдастыратын. Фильмнің сол үзіндісін Тагава мырзамен «Әлем Барысы» үшін де түсірсе болар еді деген ой келеді.
Сұхбаттасқан - Нұрғазы Абжанов