Жаңалықтар

Керейт хандығы

Керейт хандығы ІХ-ХІІ ғасырларда Завхан, Тола, Селенгадан Шығыс Моңғол құмына дейінгі сайын даланы қоныс етіп, батысында Найман хандығы, солтүстігінде меркіттер, оңтүстігінде татарлар, шығысында Ся мемлекетімен іргелес жатты.
30.06.2014 04:26 9823

Керейт хандығы ІХ-ХІІ ғасырларда Завхан, Тола, Селенгадан Шығыс Моңғол құмына дейінгі сайын даланы қоныс етіп, батысында Найман хандығы, солтүстігінде меркіттер, оңтүстігінде татарлар, шығысында Ся мемлекетімен іргелес жатты. Ол кезде Керейт хандығы керейт, жиркин, қонхойт, сақайт, тумаут, албат, тункайт-киркун деп аталатын тайпалардан құралатын. Аталған тайпалардың ең ірісі керейлер болды. Керей атауы «керей» - ру, тайпа атауы, «т»- тунгус, моңғолша көптік жалғауы.

Рашид әд-Дин моңғол жазбаларының желісіне сүйене отырып, керейлер ханы (ХІ-ХІІ ғасырлар) 200 мың шамасында болған дейді. Керейлер ХІ ғасырдың 2-жартысында алғашқы хандық билік құрды. Ол кезде керейлерді бұйрық лауазымды тайпабасы билейтін.

ХІІ ғасырда әскери билікке сүйенген ұлыс ел деңгейіне көтерілді. Аталған кезеңде Керей ұлысын Маркуз Бұйрық хан басқарды. Керей хандары алтыннан шатыр (үй орда) тігіп, алтындаған ер-тұрман сайлап, алтын кеседен ас-су ішкені жайлы ортағасырлық жазбаларда айқын жазылған.

Тайпалар мыңдыққа, ішкі рулар жүздікке бөлініп, мыңдықты мыңбасылар, жүздікті жүзбасылар басқарды. Керей хандары мұрагерлік жолмен сайланды. Керей ұлысында айшықты шекара болмағандығымен, орда тігер орны, қыс қыстауы, жаз жайлауы белгілі болған. Олар әйгілі Қарақорымды бас қала етті. Керейлер несториан дінін ұстанған. Оларда жазба заң болмады, әдет заңына жүгінді. Ең ауыр қылмыс – ата жауына сатылу.

Тарихта керейлердің дәуірлеген кезеңі – Уаң хан басқарған тұс. Батыс католиктеріне «шығыстан шыққан пірәдар Иоан» аңызы бойынша жеткен оның Уаң хан аты кезінде Батыс Еуропаны дүр сілкіндіргені белгілі.

Керейлер мен моңғолдар өзара ант су ішіскен түбегейлі достық қарым-қатынаста болды. Бұл достық Тоғырыл және Шыңғыс хан тұсында одан әрмен жалғаса түсті. Шыңғыс хан ең алғаш хан сайланғанда оны қолдағандардың бірі осы Уаң хан еді. Кейіннен Уаң хан Шыңғыс ханның ар намысын қорғау үшін үштік одақ (Уаң хан, Жамұқа, Шыңғыс хан) құрды (1179).

Арадағы достық мәңгілік бола алмады, даңқы арта түскен Шыңғыс хан керейлерді «бейбіт түрде ел болып бірлесуге шақырды». Бірақ керейлер бұл ұсынысты қабылдаудан бас тартты. Сөйтіп екі жақ 1203 жылы ақтық шайқасқа шықты да, керейлер жеңіліп, тарих тұғырынан тайды.

Керейлердің бір тобы ата жұртында қалып, Шыңғыс хан империясына қызмет етті. Енді бір тобы батысқа – Орта Азияға бет бұрды. Мұнда келгендері Жошы, Шағатай ұлысы, Моғолстан билігінде болып кейін көпшілігі Қазақ хандығына бағынып, қазақ ұлтын құрады. Керейлер өзбек, қырғыз халықтары арасында да кездеседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға