Жаңалықтар

Кератин - пайдасы мен зияны. Мамандар пікірі.

El.kz порталы кератиндік шаш түзеудің қыр-сырын, пайдасы мен зиянын анықтауды жөн көрді.
02.11.2015 08:55 32217

Бұйра, тез икемге келмейтін шашты химиялық түрде бір мезетте түзеу еліміздің косметологиялық нарығына келгелі көп болған жоқ. Десе де, аз уақыттың ішінде кератиндік шаш түзеу қыз-келіншектердің сүйікті beauty-трендіне айналған.

Кератин - пайдасы мен зияны. Мамандар пікірі.

Шаш күтімі мамандарының бірі «кератин» емдік қасиеті бар аса пайдалы қоспа деп жатса, енді бірі оны алдамшы нәтиже беретін «косметикалық жарнама» деп жатады.

El.kz порталы кератиндік шаш түзеудің қыр-сырын, пайдасы мен зиянын анықтауды жөн көрді. Қаламыздың белді сұлулық салондарының маманы Шолпан Айтманова кератиннің құрамы, қолдану тәсілі мен әсері жөнінде арнайы біздің оқырмандар үшін сөз қозғамақ.

- Шолпан ханым, кератиндік шаш түзеу дегеніміз не?

- Кератин – беріктігі мол химиялық қосылыстардан құралған фибриллярлық ақуыз. Қарапайым тілмен айтқанда, шашты қоректендіретін химиялық қоспа. Жалпы, адам шашы 90% табиғи кератин ақуызынан тұрады. Оған қосымша кератин қолданса, шаш берік әрі жұмсақ болуы тиіс. Бір өкініштісі, сұлулық салондарында сапалы кератин бола бермейді. Сол себепті, сан-алуан аллергия, шаш түсу секілді жайттар болып жатады.

- Кератиндік шаш түзеу процесі қалай жүреді?

- Ең алдымен бас жуылып, кептіріледі. Таза шашқа кератин жағылады. Қоспа өз әсерін беру үшін, белгілі бір уақытқа дейін күту қажет. Одан соң шашты тарап, 230 градус температурамен кептіру қажет.

- Кератиннің басты пайдалы тұсы неде?

- Қыз-келіншектер кератиндік емге көбінесе шаш түзеу мақсатында жүгінеді. Бұл процедурадан кейін шаш жұмсақ әрі жылтыр болады. Кератиндік шаш түзеу шаштың түріне байланысты бұл процедурадан кейін шаш жұмсақ әрі жылтыр болады. Кератиндік шаш түзеу шаштың түріне байланысты 3 айдан 6 айға дейін жетеді.

- Ал, қаупі ше?

- Кератин жағылған шаш әдетте қарапайым шаштан ауыр болады, соған байланысты «сынғыштығы» да жиілей түседі. Шаш түсу мәселесі де міне содан. Сондай-ақ шаш көлемі де азаяды. Дегенмен, біреулер үшін ол жағымды да болуы мүмкін. Кератиннің құрамында формальдегид канцерогені бар. Косметика өндірісінде жиі қолданатын бұл қоспаның қауіпсіз шегі 0,2% болса, кератиннің құрамында 10,5% жетеді екен.

Кератин жағылған шашты кептіру кезінде зиянды газ бөліндеді. Сондықтан, аяғы ауыр немесе бала емізіп жүрген келіншектерге бұл процедурадан өтуге қатаң тиым салынады.

Шаш күту маманының кеңестері:

  1. Кератиндік шаш түзеуді тек сапалы сұлулық салондарында жасаған дұрыс.
  2. Шаш түзеу барысында міндетті түрде маска кию қажет.
  3. Кератин жағылған шашты одан әрі тек салқын фенмен кептіру керек.
  4. Кератин бас терісіне тимеу қажет.
  5. Кератиндік шаш түзеу процесінен кейін тек натрий сульфаты жоқ сусабындарын қолданған жөн.
  6. Бұдан кейін аммиак қосылған шаш бояуларын қолдануға мүлде болмайды.
  7. Монша, сауна, бассейн немесе теңізге түсуге болмайды. Өйткені тым ыстық немесе тым суық, иә тұзды су кератинді зақымдайды.

Кератин ең бірінші шаштың әдемілігі үшін қолданылады. Дұрыс таңдалмаған және технологиялық ережелері сақталмаған кератин қоспасы пайдасынан гөрі зиянын көп әкеледі. Қыз-келіншектерге айтар басты кеңесіміз, мұндай қызмет түрін мейлінше тәжірбиесі мол мамандарға жасатқаныңыз абзал.


Ұлболсын Мұхамбетқали

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға