Кентаулық Тұрар Омаров Ата заңымыздың 20 жылдық мерейтойына арнап 300 метрлік «Конституция» жасап шығарды.
Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Кентау қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы №22 мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі Тұрар Омаров Конституция күні мерекесіне орайластырып фотокөрме ұйымдастырды.
«Республикалық деңгейде тойланатын мереке күні фотокөрмеге келушілер еңбегімді жақсы бағалады. Жазғы демалыс уақытында көрермендер көп болды. Осындай шара ұйымдастыруға ой қалай келді десеңіз, Алда Конституция күні келе жатыр деп ойладым. Осындай бір шара ұйымдастырамын деп ұйғардым. Сосын ерінбей ғаламторды араладым. Гиннестер кітабына не енгенін, не енбегенін қарап, бақыладым. Барлап қарасам, осы күнге дейін үлкен Конституция жасаған ешкім жоқ екен. Сөйтіп Ата заңның үлкен үлгісін жасаймын деп шештім», − дейді Тұрар Омаров.
Тұрар Омаров Конституцияның нұсқасын Ақорда сайтынан көшіріп алғанын айтады. Одан кейін әділет басқармасының мамандарымен кеңесіп, көрмені өткізу заң аясына сияды ма, жоқ па екенін анықтапты. Содан кейін қазақша және орысша жазылған Ата заңның әрбір бабын жеке-жеке бөліп, өз қаражатымен басып шығарады. Сөйтіп әр бетті біріне-бірін жалғап, 200 метрге жеткізіпті.
«Кентауда өткен Конституция күнінде «Ең үлкен Конституция» көрмесін ұйымдастырдым. Келіп, тамашалаушылардың қатары көп болды.
Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Сондықтан Алдағы жылы бұл көрмені Астанада өткізу ниетіндемін. Ол кезде Ата заңымыздың көлемін 200 метр емес, 300 метр етіп жасауды ойлап жүрмін», − дейді тарих пәні мұғалімі Тұрар Омаров.
Берік Айтмаханов, қала тұрғыны:
- Осыншама қысқа мерзімде өз Конституциямызды қабылдағанда, бізге таң қалған ел аз болған жоқ. Біз олардың ешбіреуіне мән бермей, өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық іс- әрекеттің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Конституциясымен бүкіл әлемге мойындатты. Қазақстан қысқа мерзім ішінде экономикалық жетістіктермен бірге демократияның негізгі тетіктерін жасақтады.Мысалы, азаматтық қоғам құру процесі соның бір айғағы.Осылай жаңашылдыққа бағыт бағдар алған негіздер тәжірибеміздің толыса бастағаның білдіреді.
Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда өз Конституциямызды құрметтеп қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтауымыз біздің, яғни әрбір Қазақстан Республикасындағы азаматтың міндеті мен парызы.