Жаңалықтар

Кенесары ханның Құран кітабы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне табысталды

Кенесары ханның Құран кітабы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне табысталды
Фото: Түркістан облысы әкімдігі 17.11.2023 17:14 753

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістанда ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қоюды ұсынған еді. Осы орайда бүгін аталған Құран кітабын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсыру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Кенесары ханның ұрпақтары қатысты.

Түркістан – сан ғасыр бойы түркі әлемінің маңызды орталығы болған. Бүкіл түркі дүниесіне әйгілі ойшыл, ұлы ұстаз – Қожа Ахмет Ясауи осы шаһарда өмір сүрген. Қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жерленген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне осындай сирек жәдігерді әкелу – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Бұл – еліміздің рухын көтеретін оқиға екендігі анық. Қаламызға келген туристер үшін Тайқазанмен қатар тағы да бір еліміздің маңызды, сирек жәдігерінің болуы өте қуанышты жағдай. Қожа Ахмет Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға тиіспіз. Осы кітапты елімізге қайтару үшін үлесін қосқан ұлттың жанашыр азаматтарына өз алғысымды айтамын, – деді облыс әкімі.

Наурызбай қажы Тағанұлы бабамыздан жеткен құнды жәдігерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жылдың маусым айында қабылдап алғанын, Марал ишанның тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері екеніне, атқарған ұлағатты істеріне тоқталды.

Құнды жәдігердің Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне қойылуы дәстүрлі дініміздің мәртебесінің артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген ойдамыз. Марал ишан бабамыз кім дегенде біз оны тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескен тұлға ретінде тануға тиіспіз. Бабамыз патша үкіметінің қазақ жерінде жасаған әділетсіздіктеріне қарсы тұрып, елді жұмылдырып, ұлтты сақтауда ұмытылмас ұлағатты істер атқарды. Марал ишанның ағартушылық қызметі бір төбе. Біз де бүгін құнды мұраны хандар мен билер, сұлтандар мен рухани ұстаздардың қияметке дейінгі мәңгілік тұрағы болған киелі мекенге алып келдік. Әлемнің әр қиырынан Түркістанға келетін кез-келген адам үшін бұл тағылымы мол, берері көп тарихи дүние, – деді Бас мүфти. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов та бұл жәдігердің маңызына тоқталды.

Рухани іс-шарада ғұлама қарилар Құран хатым түсірді. Бас мүфти Құран кітапты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбековке тапсырып, ол Үлкен Ақсарай бөлмесіндегі арнайы дайындалған сөреге орнатылды. Екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, енді ғана тарихи отанына жеткен киелі кітапта Кенесары ханның мөрі бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға