Жаңалықтар

Кемеңгер тұлға

12 сәуір – ғылым қызметкерлері күні.
Кемеңгер тұлға
11.04.2017 10:44 10561

12 сәуір – ғылым қызметкерлері күні. Атаулы күнге орайластырып,  әйгілі геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы танымдық мақала ұсынамыз.

Қаныш Сәтбаев – (Павлодар уезіндегі Ақкелін болысының 4-ші ауылы) қазіргі Павлодар облысының, Баянауыл ауданы Қаныш Сәтбаев атындағы ауылда 1899 жылы 12 сәуірде өмірге келген.

Қаныштың жерлесі әрі досы Әлкей Хақанұлының мәліметтері бойынша, революциядан (1917ж.) бұрынғы қыр қазақтары арасында Сәтбаевтардан көп оқыған ауыл болған емес. «Қаныштың әкесі Имантай - ақылды, момын, терең ойлайтын, әр нәрсені ақылмен, сабырмен шешетін кісі болатын...»

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, табиғатынан зерек Қаныш 1909-1911 жылдары өзінің туған ауылындағы орыс-қазақ мектебінде оқып, 1918 жылы Семей қаласындағы оқытушылар семинариясын бітіреді. Одан кейінгі бірер жыл Семей қаласында, өз ауылында мұғалімдік қызмет атқарып, 1920-1921 жылдары Баянауыл ауданындағы 10-шы учаскесінің халық соты болды.

1921 жылы жазда Қаныш Имантайұлы Баянауылға емделуге келген сол кездегі Сібір өңірінің ірі, мәдени орталығы Томск қаласының технология институтының профессоры (кейін академик болған) Михаил Антонович Усовпен танысады. Қанышқа М.А.Усов Қазақстанның геологиясы мен тау-кен байлықтары туралы көптеген қызықты әңгімелер айтады.

Өзі өмірден озғанша ұстаз санаған профессор М.А.Усовтың ықпалымен 1921 жылы Қаныш Имантайұлы Томск технология институтының кен факультетінің геологиялық барлау бөліміне оқуға түседі.

Қаныш Имантайұлы студент болған жылдарда профессор М.А.Усов басқарған палеонтология және тарихи геология кафедрасының оқытушысы болған В.А.Хохлов (кейін ғылым докторы, профессор) «Студент Қаныш» атты естелігінде былай деп жазды: «Бұл өзі оқуға жан-тәнімен берілген студент болатын. Жалпы геология жөніндегі сабақтарда ол М.А.Усовтың тамаша лекцияларын құмарта тыңдады... Екінші курстан кейін ол М.А.Усовтың дала жұмыстарына қатысты...»

Институтты бітіргеннен кейін Қаныш Сәтбаев өзінің туған еліне оралып, өмірінің басым көпшілігін оның геологиясын зерттеуге және туған өлкесінің минералдық шикізат негізін жасауға арнап, барлау, ғылыми ізденіcтерінің нәтижесін өндіріске енгізуге, республикамызда индустрия алыптарын салуға зор үлес қосты.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жолдымұрат Оралбаевтың 2014 жылы 4 қырүйекте «Ана тілі» газетіне шыққан «Ұлтының ұлы перзенті» атты мақаласында мынадай деректер кездеседі: «Қаныш Имантайұлының азамат болып қалыптасуына Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтардың үлгілі өмірі мен еңбектері әсерін тигізді. Ол Абайдың поэзиясын жақсы игеріп, оның көптеген шығармаларын жатқа айтып машықтанды, лирикалық әндерін үздік орындап жүрді. Студенттік жылдарында Ш.Уәлихановтың шығармаларын терең талдап, мұқият оқыды. Шоқанның Қостанай төңірегіндегі ақын-жыраулардың аузынан жазып алған, әйгілі Едіге батыр жайындағы «Ер Едіге» эпосын қазақ тіліне аударады. Осы еңбегі 1927 жылы Мәскеуде басылып шықты. «Бұл аңызды қазақшаға қайта аударуымның негізгі себебі — бұрынғы Мелиоранскийдің аударған нұсқасында аты қазақша, заты кітапшілдеу ноғайша болып кетуіне байланысты» деп Қаныш Имантайұлы анық жазды. Бұл еңбегін ана тіліне деген үлкен қамқорлығы һәм тіл ұстартуға қосқан тамаша үлесі деп білеміз».

Қаныш Сәтбаев ғылыми зерттеулері мен практикалық ұйымдастыру қызметін шеберлікпен ұштастыра білді. Ғалым 1940 жылы Қазақстанның 20 жылдық тойына байланысты, Жезқазған кен байлығын жүзеге асыру жолындағы үлкен еңбегі үшін сол кездегі ең жоғары құрмет – Ленин орденімен марапатталды. Сәтбаевтың есімі бүкіл Одаққа және шетелдерге таныла бастады. Қазақстанда аты аңызға айналып, ел құрметіне, зор атақ-даңққа бөленді. Алдыңғы қатарлы ғалым-геолог ретінде Одақтық Ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімшесі төралқасына мүше болып тағайындалды.

Қаныш Имантайұлы геологиялық-барлау жұмыстарымен ғана шектелмей, геология ғылымының барлық саласы бойынша жұмыс жүргізді. Жаңа технологияны пайдалана отырып, ғылым мен нақтылы істің бірлігін ұштастырып, сан салалы геологиялық қызмет жүйесінің негізін қалады.

Қаныш Имантайұлы 1941 жылы Алматыдағы Геологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалды. Сол жылы ол Одақтық Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалы төрағасының орынбасары, 1942 жылдан бастап сол филиалдың болашақ Қазақстан ҒА-ның басшысы болды.

1942 жылы Қаныш аға Жезқазғанға арналған ғылыми еңбегі үшін геология-минералогия ғылымдарының докторы атағына ие болды. Сол жылы «Жезқазған ауданының кен орындары» атты ғылыми еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Соғыс кезіндегі ауыр жылдарда ғалым өзінің бар күш-жігерін Отанды фашизмнен қорғау ісіне арнады. Басқа да көптеген қауырт жұмыстардың ішінде өзі ашқан Жездідегі марганец қазба байлығын Отан қорғау игілігіне тез арада аттандыру тамаша ерлікпен пара-пар еді. Қаныш Имантайұлы соғыс кезінде орталықтан жер аударылған ғалымдар мен өнер қызметкерлеріне үлкен қамқорлық жасап, майданға көмек көрсету, әртүрлі күрделі ғылыми мәселелерді шешуде оларды ортақ іске жұмылдырды. Орал, Батыс Сібір және Қазақстанның кен байлығын Отан қорғау жолына жұмсауға арналған Мемлекеттік комиссияның мүшесі болды.

Ғалым соғыс аяқталғаннан кейін Қазақстан ғалымдары халық шаруашылығын одан әрі өркендету жолында көп жұмыс атқарды. 1943 жылы күзде Қаныш Сәтбаев ғылымды дамытуға қосқан үлесі мен үлкен ғылыми жетістіктерінің нәтижесінде КСРО ҒА-ның корреспондент-мүшесі болып сайланды. Бұл жылдары ол Қазақстан Магниткасының құрылысына, Балқаш, Қаратау, Соколов-Сарыбай, Лисаков және Атасу темір кен орындарына аса көп көңіл бөліп, өркендуіне зор үлес қосты.

Сәтбаев 640-тан астам ғылыми жұмыс жазды.

Халқының ұлы перзенті, кемеңгер тұлға Қаныш Сәтбаевтың есімі қазақ жұртының жадында мәңгі сақталмақ. Оның есімі өзі ұзақ жылдар жетекшілік еткен ҚР Ұлттық ғылым академиясының геологиялық ғылымдар институтына, Алматы, Балқаш, Семей т.б. қалалардағы көшелерге, кіші планетаға берілген. Қаныш Имантайұлының құрметіне Жоңғар Алатауы, жотасындағы мұздақ пен шың, Қаратаудағы ванадий кен орны рудаларында табылған «Сатбаевит» минералы «Академик Сәтбаев» гладиолус гүлі аталған.

Белгілі қоғам қайраткері І.Омаровтың сөзімен айтсақ, «Қаныш қазақ топырағында туып, халқының сүтін ішіп, ер жетті де, сол халқының даңқын бүкіл әлемге көтерді. Өзі де сол шеңберде қалып қойған жоқ, дүние жүзіне белгілі болды.»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға