КЕЛІНШАЙ
КЕЛІНШАЙ – жаңа түскен келіннің ауылдағы енелеріне, жасы үлкен сыйлы абысындарына арнайы жайылған дастарқанда шай құйып, қызмет көрсету рәсімі. Этномәдени ұжымның когнитивтік санасындағы бұл рәсім фрейм түрінде құрылымданған. Ал фрейм, сценарий, схема тәрізді санадағы форматтар, әдетте, сенсомоторлық қабылдауға негізделеді. К. рәсімін фрейм форматында төмендегіше сипаттауға болады.
Келін түсірген үй көп ұзамай арнайы дастарқан жасап, жаңа түскен жас келіннің құйған шайын ішуге көңілжетер сыйлы абысын-ажындарын шақырады. Әсіресе, шай әбзелі мен дастарқан жабдығына ерекше көңіл бөлінеді. Дастарқан басына бауырсақ, тәтті тоқаш, мейіз, науат, жент, майсөк, сарымайға шыланған, тәтті қосылған талқан т.б. қойылады. Самаурын, шәйнек (аққұман), кесе, шыныаяқ, қасық, табақ т.б. қойылатын өз орындары болады.
Дастарқан басына жиналған әйелдер (шамамен 8-12 адамдай) өздерінің әлеуметтік мәртебесіне қарай рет- ретімен жайғаса бастайды. Жас келін «шынашақ шиырып» кесеге шай құйып, ізетпен ұсынады. Шайдың қоюлығы, қаймақ қатқан түсі әркімнің қалауынша құйылады. Ізет бойынша келін шай құйған кесені оң қолымен ұсынады, ал сол қол кесе ұстаған оң қолдың шынтақтан төмендеу тұсында тұруға тиіс.
Дастарқан басына жиналғандардың басты назары, әдетте, шай ішуден гөрі оның рәсімінде (церемониясын- да) болады. Шайдың қызылы кесілмеуі үшін келін оны дәл уақытында әлсін-әлсін демдеп отыруы керек. Шай құйған кесені иесінен шатастырып алмауы қажет.
Тәртіп бойынша келін дастарқан шетінде бір қырын отырады, сөзге араласпайды, тек сұраса ғана жауап береді. Жиналғандар ішінде сыйлы, беделді әйел (коммуникация лидері) сөз бастап, әңгімеге бағыт беріп отырады. Әңгіме арқауы негізінен келін тәрбиесіне қатысты болады. Өнеге, сабақ болсын деп алғашқы түскен кезіндегі жайттарды еске түсіріп, ұялған кездерін немесе өз келіндерінің кейбір жаңылшақ сәттерін айта отырады.
Шай беру рәсімі аяқталар сәтте жас келінге көп жаса қарағым; көсегең көгеріп, көрпең ұлғайсын; дастарқаның берекелі болсын, етегіңді бала бассын деген игі тілектер айтылады. Келіннің шайы пәміл шай болды, келіннің шайы көңілашар шай болды, келіннің аяғынан деп бағалауыш мазмұнда ризалықтарын білдіріп, К.-ға баға беріседі. Келіннің жақын абысындарының бірі дастарқан мәзірінен келген қонақтардың әрқайсысына мынау үлкен ене- ме; мынаны немереңізге, сіз де келінді болыңыз; мынау пәленшенің апасына, мынау жеңешеме, мынау әпкеме деп жеке-жеке атап түйіншектер береді. Жас келін мұның бәрін қалт жібермей көңілге тоқып тұрады.
Сөйтіп, академик жазушы Ғ.Мүсіреповтың айтуынша қазақ әйелінің ең бақытты шағы оң жақта отырған қыз кезі. Қыз баланы су әкелу, кесте тоқу, бала жұбату т.б. жеңіл-желпі жұмыстар болмаса, күн ұзын, ертеден қара кешке дейін үй шаруасына салып қоймайды. Қазақ қызы бұла өседі. Тұрмысқа шыққан соң бұла жайт мүлде өзгереді. Міне, осындай шақта жаңа жағдайда бейімделу кезеңі басталады. Мұндай жағдайда көндіге алмай жүрген жас келіннің «Құдай-ау, оң жақтағы күнім қайда?» деп мұңаятын сәттері де болады. Келін болып түскен соң түндік ашқаннан бастап, түндік жапқанға дейін, яғни таңның атысынан күннің батысына дейін ел ұйқыға жатқанша үй шаруасымен айналысады. Жас келін алды- мен абысын қауымы арқылы жат ортаға бейімделе бас- тайды. Байырғы қазақ тұрмысындағы К. (шай церемони- ясы) біріншіден, тәрбиелік мәні, екіншіден, жас келінді бөтен ортаға психологиялық жақтан бейімдеу, үшіншіден үй шаруасына үйрету, икемділікке дағдысын жетілдіру, төртіншіден, ең бастысы, келіннің әлеуметтенуіне, абы- сын ортасының, яғни абысындастық қауымының мүшесі болып қалыптасуына тигізер ықпалы ерекше болған. Со- нымен, К. рәсімінің әке үйінде еркін өскен қызды жат босағаға бейімдеудің гендерлік тәсілімен байланысты қалыптасқан ғұрыптық-салт екені байқалады.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»