Жаңалықтар

Келіндерге кеңес (2)

...Бізде жұбайлардың өзара сыйластығының кемдігі, әйелдердің еркектерге бас имеймін деп жөнсіз тасыраңдауы байқалып қалатын отбасылар да бар.
06.08.2014 10:34 5421

Келіннің зекіп айтқаны

езіп құйған умен тең.

Көңілсіз берген тамағы

құм аралас күлмен тең

(Құлтума).

 

Кетеген болса түйең жау,

Тебеген болса биең жау.

Ұрысқақ болса ұлың жау,

Керіскек болса келін жау

(Үмбетей).

 Келіндерге кеңес (2)

         ...Бізде жұбайлардың өзара сыйластығының кемдігі, әйелдердің еркектерге бас имеймін деп жөнсіз тасыраңдауы байқалып қалатын отбасылар да бар. Келте ойлайтын кейбір әйелдер осындай пікір туғызуға өздері себеп болады. Бір таныс әйел ерімен бірге отырып, Мәскеудің бір институтында оқып жүрген баласына: «Балам, мені Алла шындыққа қана жаратқан, өмірде өтірік айтып көргенім жоқ. Мынау отырған некелі жұбайым болғанымен, сенің нағыз әкең бұл емес, бұл шындықты ер жетіп, ақыл тоқтатқан шағыңда білерсің», - деп еліргенде әке не күйде болды дейсің ғой. Ол жүрегі ауырып құлап қалды. Біз болсақ әйелді іштей жазғырумен болдық. Әлгі әке көп ұзамай қайтыс болды.

         Екінші бір мысал. Ерке шолжың қыз ғашық болып тұрмысқа шығады да, үй шаруашылығының тауқыметіне шыдамай, баласына да қарай алмай, бар ауыртпалық жігіттің мойнына түседі. Кір жуу, ас пісіру, бала қарау, жаялық жуу, тағысын-тағылар... өте сауатты, болашағы мол деп жүрген жігітіміз жүнжіп кетеді. Баласы есейіп, мектепке бара бастағанда анасы: «Сенің мына мұрның менікі, мінезің, аузың, тіпті қылығың да маған ұқсас», - дей беретін болыпты. Баланың жаңа ғана қалыптаса бастаған санасында: «Менің әкем бұл кісі болмағаны ғой», - деген күмән туады. Ақыры бала әкесін сыйлауды қояды. Шешесімен әзілі дұрыс ер-азаматтардан өзіне ұқсастық белгілерді іздей бастайды. Мұны сезген әке балаға салқын қарайды. Сөйтіп, бала тәрбиелей алмайтын ана әкеден баласын алыстатып, тәрбиесіз етіп өсіреді. Тәртіпсіздік пен бұзақылықтың арасы бір-ақ сүйем емес пе. Ақыры әлгі бала қылмыс жасап, абақтыға түсті. Ерке қызға үйленген еңбекқор жігітіміз енді одан ажырасып, екінші әйелге үйленеді. Сол әйелінің ақылдылығының арқасында ғана ол баланың ісін қайта қаратып, жазасын жеңілдете алды. Кейін ол соңғы анасынан туған балаларға қадірлі аға болып, оқу бітіріп, қазір жақсы азамат болып өсіп келеді.

Біз тек, отбасына байланысты әңгіме қозғап отырмыз. Ал осы тақырыптың әлемдік маңызын, еркектің адамзат тарихындағы рөлін алсақ, бұл таусылмайтын ұзақ әңгіме. Ақылды ана қосағын халық алдында әдейі «азаматым», «отағасы» деп атамай ма? Мұнда қандай мән-мағына жатыр, қадірлі келіндер, ойлаңдаршы...

Қарақұлов Ишанбай/ «Сырлсау»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға