Жаңалықтар

Келесі жылдан бастап Конституциялық Сот өз қызметін бастайды

Конституциялық Сот судьяларының өкілеттігі сегіз жылға созылды
Келесі жылдан бастап Конституциялық Сот өз қызметін бастайды
Фото: ОКҚ 07.11.2022 13:09 1768

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз брифингте ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлім етті, деп хабарлайды El.kz

Президент ағымдағы жылдың 16 наурызындағы Жолдауында саяси институттарды жаңартумен байланысты ауқымды саяси реформаларға бастамашы болды. Реформаларды толыққанды жүзеге асыру үшін алты заң қабылданды және оның төртеуі Конституциялық заң екенін тілге тиек еткен Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова ондағы өзгеріс пен бірқатар бағытқа тоқталып өтті.

 «Бірінші – Президентке қатысты түзетулер. Яғни, Президенттің жергілікті атқарушы орган мен Жоғарғы сот кеңесіне қатысты жекелеген өкілеттіктерін қысқарту. Парламент Сенатында «Президенттік квота» қысқартылды, сондай-ақ Президенттің жақын туыстарына лауазымдарға орналасуға шектеулер енгізілді. Мемлекет басшысын 7 жыл мерзімге сайлау туралы норма бекітілді.

ЕкіншіПарламентке қатысты түзетулер. Мәжілісте аралас сайлау жүйесіне көшуге байланысты Парламент Палаталарын қалыптастыру тәртібі және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсыныстары бойынша «Президенттік квотаны» қалыптастыру тәртібі өзгертілді. Сонымен қатар, қабылданған конституциялық түзетулерге сәйкес Парламенттің бірқатар жаңа өкілеттілігіне бірқатар нақтылайтын өзгертулер енгізілді», – деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол Үкіметке заң күші бар уақытша қаулылар қабылдау өкілеттігі берілгендігін және сайлау заңнамасына қатысты түзетулер енгенін атап өтті.

Депутаттық мандатты қайтарып алудың жаңа институты құрылды. Бұл сайланатын депутаттардың жауапкершілігін арттырады деді.

Брифингте спикер келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық Сот өз қызметін бастайтынын айтты. Елімізде мұндай институтты құру құқық қорғау жүйесін жаңғырту үшін жаңа мүмкіндіктер көзін ашпақ.

«Конституциялық заң Конституциялық Соттың және оның судьяларының мәртебесін, олардың өкілеттіктерін қамтамасыз етеді. Конституциялық Сот еліміздің барлық аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болып табылатынын және биліктің сот тармағына жатпайды. Яғни, Конституциялық Сот сот шешімдерін қайта қарамайды немесе күшін жоймайды дегенді білдіреді. Азаматтармен қатар, Бас Прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы. Конституциялық Сот судьяларының өкілеттігі сегіз жылға созылды. Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып бір реттен артық тағайындала алмайды. Осы ережелердің барлығы Конституциялық заңда көрсетілді», – деді ведомстваның өкілі Алма Қайратқызы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға