Жаңалықтар

Келесі құрылтайды Қызылордада өткізудің тарихи маңызы зор

Келесі құрылтайды Қызылордада өткізудің тарихи маңызы зор
Фото: qorda.kz 21.03.2025 11:16 355

Ұлттық құрылтай – қоғамның мызғымас бірлігі мен өзара ынтымақтастығын нығайтуға, ұлттық таным және ұлттық руханият аспектілерін кеңінен талқылауға, алдағы мақсаттарды айқындауға, өскелең ұрпақты өнегелі жолға салу секілді сансыз сауалдың себеп-салдары айқындалатын ашық диалог алаңы. Бұған дейінгі құрылтайдың төрт отырысында өрелі ой, маңызды мәселе межеленіп, адами құндылықтарды сақтау сұңғыла саралаудан өтті. Ел ертеңіне деген сенімді күшейтудің факторлары айқындалды.

Құрылтай отырыстарының өтетін орындары да тарихи маңызға ие. Ел Президентінің таңдауында танымдық тереңдік бар. Ұлт ұясы – Ұлытауда,  Түркі халықтарының түпкі төрі – Түркістанда, көне Сарайшықтың киесін арқалаған Атырауда ұйымдастырылудың мәнісі текті жердің тағылымын терең тарқатты. «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен IV отырысында.

«Бұл бастама барша Сыр жұртшылығына артылған сенім және абыройлы міндет екенін түсінуіміз қажет. Құрылтайдың кезекті отырысын Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірінде өткізудің тарихи тұрғыдан маңызы зор. Дайындыққа осы бастан кірісіп, құрылтайды жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек», – деп облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев келесі құрылтайдың дайындық жұмыстарына осы бастан кірісіп кетті. Қазір Ұлттық құрылтай отырысын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобы құрылуда.

Әрине, жақсы бастаманы жұрт жылы қабылдайды. Аймақ үшін үлкен мәртебе деп есептейді. Оны ел азаматтары да айтып жатыр. Жалпы, Ұлттық құрылтайдың Қызылорда өңірінде өтуіне байланысты ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов пікір бірлірді.

Келесі құрылтайды Қызылордада өткізудің тарихи маңызы зор

Руслан Рүстемов: Қазақстан халқы еліміздің мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыру мақсатында Мемлекет басшысының тарапынан қабылданған  стратегиялық шешімдер мен халықшыл бастамаларға үміт артып, келешекке сеніммен қарауда.  Қазіргі кезеңде елімізде Президенттің бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғышарты ретінде саяси модернизация да жүйелі жүзеге асуда. Шындығында Президент ұсынған конституциялық реформалар мемлекетті саяси тұрғыдан жаңғыртумен бірге халқымыздың қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатуға  деген сеніміне серпіліс әкелгенін айту қажет. ІV Ұлттық Құрылтай барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы ауқымды тақырыптарды қамтып, елдігіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын бірқатар өзекті  мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, Президент өз сөзінде: «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын», - деді.

Мемлекет басшысының бұл шешімі Қызылорда облысында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен елдің ерен еңбегіне берілген лайықты баға деп санаймын.

Шындығында да еңбек ырғағын бір сәтке баяулатпаған жерлестеріміздің бірлігімен келген осы жетістіктерді – яғни, облыс экономикасына инвестициялық түсімдердің артуын, құрылыс қарқынының өсуін, аграрлық саладағы өсімді жерлестеріміз Президенттің Сыр өңіріне қолдауы мен қамқорлығы деп түсінеді. 

Сөз орайында айта кетейін, өткен жылдың соңғы тоқсанында өткен Сенаттың пленарлық отырысында бір топ сенатор Үкіметке Қызылорда облысындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендетудің тиімділігімен қатар, көркейту, абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы озық жұмыс үлгілерін насихаттап, оны үздік тәжірибе ретінде республиканың өзге өңірлеріне тарату жөнінде депутаттық сауал да жолдаған болатын. Сәні мен сәулеті сүйсіндіріп, тазалығы мен тартымдылығы тәнті ететін қазағы қалың қалада Ұлттық құрылтайдың өткені өте құптарлық оқиға. Мұны ел Президентінің парасатты пайымы деп бағалаймын.

Келесі құрылтайды Қызылордада өткізудің тарихи маңызы зор

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі:

Мемлекет басшысының өзі айтқандай, Ұлттық құрылтай бүгіндері халық пен биліктің емен-жарқын пікір алмасу, ашық диалог алаңына айналды. Биылғы 13-14 наурыз күндері өткен Бурабай құрылтайы да осындай сипатта өтті. Он үшінші наурыз күнгі төрт бағыттағы секциялық отырыстарда Құрылтай мүшелері мемлекет пен үкімет басшылығы назарына 250-ге жуық ұсыныс-пікірін айтты. Ал, ертеңіне, яғни, 14 наурыз күні ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алқалы жиынында жылдағыдай ауқымды баяндама жасады. Өз сөзінде Мемлекет басшысы діни ахуал, әділ салық жүйесін қалыптастыру, ономастикалық саясатты сауатты жүргізу, жас ұрпақ тәрбиесі сықылды көкейкесті  мәселелерге қатысты өзінің ой-пікірін білдірді. Сонымен қатар мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, туризм, энергетика және агроөнеркәсіп кешенін  басым бағыттар ретінде атап өтті.

Әрбір Ұлттық құрылтай отырысы маңызды мәселелерді назарға алады. Ол сонысымен мәртебелі. Келешегімізге кемел қадам басуға бағдар береді.

Келесі жолғы жиын Сыр өңірінде өткізілетін болды. Күрішті де, ырысты елдің өткені мен ертеңін елеп-екшейтін, даму деңгейін дәріптейтін кезең келді. Әзірге сәттілік, бірлігіміздің берекесін берсін деймін.

Келесі құрылтайды Қызылордада өткізудің тарихи маңызы зор

философия ғылымының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев:

Қызылорда өңірі – айбары асқақ астаналар елі. Сонау Сақтар салған – Шірік-Рабат пен оғыздардың бас қаласы – Жанкент, Қазақ хандығының ақ ордасы – Сығанақ, Қазақ АКСР-інің астанасы – Қызылорда  сынды төрт астананың тұғыры қаланған текті топырақта тарихтың терең қабаты жатыр. Яғни, өңір өмірінде шоқтығы биік шежіре бар.

Келесі құрылтайды Қызылордада өткізудің тарихи маңызы зор

Ұлтымызға «қазақ» атауы қайтарылып, Ақмешітіміз Қызылорда болып, тарихи шешімдер қабылданған қалада Ұлттық құрылтайдың V отырысының өткізілуін Мемлекет басшысының шынайы шешімі деп білемін. Бұл – тарихты жаңғырту, бұл – елдікті қолдау, бұл – ұлттық руханиятты қозғау екенін шындық.

Келесі құрылтайды Қызылордада өткізудің тарихи маңызы зор

«Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары, өлкетанушы-журналист Әзиз Жұмаділдәұлы:

Ақмешіт астана болып, қала Қызылорда атанғанда бесінші съезд өткен екен. Енді міне, келер жылы Қызылордада бесінші құрылтай өткелі тұр. Қандай сәйкестік!

Архив құжаттары бойынша 1925 жылдың сәуірінде Қазақ АКСР кеңестерінің бесінші съезі бес күнге созылған. Бұл съезде ұлтымыз бен қаламызға қатысты екі тарихи шешім қабылданған. Олар ресми құжаттарда қырғыз аталып келген ұлт атауын қазақ етіп, тарихи қателікті жөндеу және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту болды.

Тарихшы ғалым Х.Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының оңтүстік қағанаты» атты еңбегінде Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы енгізілген. Онда: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан «неге?» деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – большевиктерге ұнайды, ал, «Орда» – ұлттық атау. Демек ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезде кезектен тыс сөз алып, ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек десе, екіншісі – Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» делінген. Дәл осы тарихи оқиғаға биыл 100 жыл толып отыр.

Осы ретте филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата университетінің профессоры Аман Абасиловтың  «Сыр бойы» газетінде жарияланған «Қызылорда атауына терең бойласақ» деген мақаласында: «Ол заманның зиялылары алыстан ойлайтын ұлылар, абыздар ғой. Алаш арыстарының азат ойлай алатыны, сөз мағынасы тек лингвистикалық білім ғана емес, дүниелік білім беретіндігіне де жіті көңіл аударғаны таңғалдырады. Белгілі әдебиетші-ғалым Ғабит Тұяқбаевтың Әзербайжан еліне барғанда түркі тілдес әріптестерінің «Қызылорда» атауын «Алтынорда» мағынасында қолданғанына риза болдым деп айтқаны бар еді. Міне, бұл атаудың түркілік дүниетанымды білдіретіндігінен де хабар береді» деген пайым жасайды.  Жалпы, Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қызылордада, яғни Алтынордада өткізілуі айшықты істің арқауы болатыны анық».

Ия, ой-пікірдің дені Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өткеніне құмбыл. Ол күн де алыс емес. Көзді ашып-жұмғанша. Ең бастысы, жасампаз жиыннан күтетініміз көп. 

Мемлекет басшысының: «Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс», – деп Сыр өңірінің саяси, тарихи сипатын салмақтап бергені де аз баға емес.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға