Келденбай Әлмесеков: "Шәкәрім Парижде дәріс оқыған"
Келденбай Әлмесеков, Ә.Қашаубаев атындағы I Республикалық байқаудың лауреаты, Шәкәрiм әндерiн орындаушы, әншi, музыкатанушы.
АКАДЕМИКТIҢ АЛДЫНДА ƏН САЛУДАН ҚОРЫҚПАЙМЫН
– Шəкəрiм əндерiн зерттеп, насихаттап жүрген дəрiскер музыкатанушылардың бiрi де бiрегейiсiз. Шəкəрiм əндерiмен түбегейлi айналысуыңызға не түрткi болды?
– 1978 жылдан берi Семей қаласындағы Ə.Қашаубаев атын-дағы филармонияда жұмыс iстеймiн. Шəкəрiмдi бұрыннан бiлемiн десем, өтiрiк болар. Бала кезiмде «Қалқаман – Мамыр-ды» жыршылардан тыңдадым. Ол кiсiнi ең алғаш танып-бiлуiме себепкер болған – халық ақыны Шəкiр Əбенов. Мен одан əн үйренiп жүретiнмiн. Бiр күнi маған «Шəкəрiмнiң əнi» деп «Ең қызық жастық» деген əнiн бердi. Бұл əн Абайдың сегiзаяқ iзiмен жазылған. Жiгiттiң ғашығына ұрын барған туралы əн. Ол кез-де бiз де жаспыз. Ондай əндердi көзiңнiң жасын сүртiп жүрiп айтасың ғой. Одан кейiн Ахат аға шақырып, Шəкəрiм əндерiн тыңдатты. Ахат – Шəкəрiмнiң баласы. Бiрақ ол əндердi мен ұға қойған жоқпын. Кəрi адамның дауысы жастың желiкпе жүрегiне жете қоймады. Ең алғаш Шəкəрiмнiң əндерiне кiрiскенiм, 1986 жылдың желтоқсан айы. Осы айда қазақ жастарының көтерiлiсi болды. Кейде ұға алмай жүрген нəрсемiздi Абай мұражайының директоры Төкен аға Ибрагимовтен сұрап тұрамыз. Ол бiздiң штаттан тыс кеңесшiмiз. Сол кiсiге бардым. Саяжайында жалғыз демалып жатыр екен. Мəн-жайды сұрадым. Сөйтсем, оның көңiл-күйi жоқ сияқты. «Қайтесiң, оның саған қатысы жоқ. Сен одан да мына əндердi тыңда! Осыған ие бол! Бiз қазiр Шəкəрiмдi ақтау туралы Үкiметке хат жазып жатырмыз. Өлеңдер жинағы да жарық көрiп қалады» дедi. Əлгi таспаға жазылған əндердi тыңдап көрсем Ахат Шəкəрiмұлы, Ниязбек Алдажаров, Қабыш Кəрiмқұловтардың орындауындағы Шəкəрiмнiң шығармалары екен. Оны басқа таспаға көшiрiп жаздық. Əйтеуiр қойшы не керек, содан 4 – 5 əндi үйренiп, орындап жүрдiм. Менiң көңi-лiм хош, Төкен аға риза. 1988 жылы Шəкəрiм ақталды. Сол жылы Шəкəрiмнiң 130 жылдық тойында мен «Анадан алғаш туғанымда» жəне «Бұл əн бұрынғы əннен өзгерек» деген екi əндi орындадым. Бұдан бұрын осы əндердi Көкшетау облысында гастрольде жүрiп, Бiржанның зираты жатқан Степняк қаласында орындаған болатынмын. «Қатырып орындадым» деп айта алмаймын. Айтып тұрған өзiмнiң де ұққаным шамалы. Халықтың не ұққанын бiлмеймiн. Əйтеуiр ел уралап, қол соғып, айқайлап жатты. Ендi Шəкəрiмдi бiлетiнi бар, бiлмейтiнi бар. Ол кезде оған ешкiмдi сөгуге болмайтын. Нақты орындағаным жаңағы Шəкəрiмнiң тойында болды. Осы жерде бiр күлетiн нəрсе, газеттердiң бəрi сол тойға келген жазушылардың бəрiн жазды. Мен туралы, Шəкəрiмнiң əнi туралы бiр ауыз сөз жоқ. Оны «Семей таңы» газетiнiң журналистерiне айттым. «Газеттерiңе «Шəкəрiмнiң əнiн айтты» деп ақыры жазбайды екенсiңдер, мен ендi Шəкəрiммен айналысамын» дедiм. «Ойбай, айналысыңыз, айналысыңыз» деп жатыр. Бiр күнi Төкен ағаға қайта барып, Шəкəрiм əндерiмен түбегейлi айналысқым келетiнiн айттым. Тағы да 7 – 8 əн керектiгiн жеткiздiм. Ол қуана келiстi. Маған сценарий де жазып бердi. Оның iшiнде Шəкəрiмнiң өмiрбаяны да бар. Сөйтiп жүргенде, Қайым Мұхамедхановтың Шəкəрiм туралы үш беттiк мақаласы «Қазақ əдебиетi» газетiне шықты. Оның арасында Ниязбек Алдажаровпен əңгiмелесiп үлгердiм. Ол кiсiден бiраз мағлұмат алдым. Кетерiмде ол: «Балам, ниетiң дұрыс. Бiз базарымыз тарқаған адамбыз. Шəкəрiмнiң мұрасына ендi сен ие болуың керек» деп батасын бергендей болды. Сосын Шəкiр Əбеновке бардым. Ол да шежiре адам. Дубровскийдi жатқа айтады. Ол кiсi де екi-үш əн бердi. Сөйте-сөйте менiң жиған-терген əнiм онға жеттi-ау. Дəрiс-концертiм дайын болғандай болды. Сонда да жүрексiнiп жүрдiм. Жаныма бiр циркачты ертiп, ел араладық. Бағдарламаның жартысын ол, жартысын мен жүргiземiн. 1990 жылы бөлiнiп жалғыз кеттiм. Ел-елдi, ауыл-ауылды араладым. Оншақты адам жиналады. Соларға дəрiс-концертiмдi қоямын. Аудитория болмаған соң, мектептерге көштiм. Осыған байланысты балалардың түсiнiгiне келетiндей етiп, сценарийдi де өзгерттiм. Содан берi 15 жыл-дай уақыт өттi. Осы жылдар iшiнде екi мыңдай дəрiсконцерт қойдым. Оны екi жүз мыңдай шəкiрт тыңдады. Оның алпыс-жетпiс пайызы орыс тiлдi көрермендер. Мен дəрiстi екi тiлде бiрдей жүргiзе беремiн.
– Шəкəрiмнiң əндерiн тағы кiмдерден үйрендiңiз?
– Жоғарыда айтып өткенiмдей, негiзгi əндердi Ниязбек Алдажаров, Қабыш Кəрiмқұлов, Ахат Шəкəрiмұлдарының орындауындағы таспаға жазылған нұсқасынан алдым. Ал кейiн Мұхтар Əуезов мұражайының меңгерушiсi Бекен Исабаевтан Шəкəрiмнiң «Частушка» деген əнiн, ал оның қазақша сөзiн Аягөзде тұратын Сұлтансейiт Жарқынбаев деген кiсiден жазып алдым. Ол өзi Қытайдан көшiп келген адам. Кезiнде ол Зиатпен жақын араласқан екен. Зиат – Шəкəрiмнiң баласы.
– Əңгiмеңiздiң төркiнiне қарағанда, дəрiс-концертiңiздiң мазмұны бай, мəнi зор екен. Кез келген көрерменнiң көңiлiнен шығады деп сенемiз. Ендi осы өнердi неге үлкен сахналарда қоймасқа?
– Ондай ой менде де бар. Бiрақ мəселенiң бəрi қаражатқа келiп тiреледi. Мен академиктiң алдында тұрып, əн салудан қорық-паймын. Тек соған мүмкiншiлiк жоқ. «Жомарттың қолын жоқтық байлайдының» керi ғой. Үлкен сахнаны айтасыз, менiң əлi аудио таспам да жоқ. Мен жаңа «Пəленбай мың дəрiс-концерт қойдым» деп аузымды толтырып айтқанмен, одан түскен қаржы қазiргi жұлдыздардың бiр концертiнен түскен қаржыға да жетпейдi. Менiң көрермендерiмнiң денi балалар.
– Шəкəрiм əндерiн зерттей жүрiп, қандай құнды дерек-терге тап болдыңыз?
– Кезiнде Шəкəрiм Лев Толстоймен дос болып, онымен хат жазысып тұрғанын Қайым Мұхамедхановтың жазғанынан бiлемiз. Ал Шəкəрiмнiң сол Толстойдың 80 жылдық мерей-тойына барғандығын екiнiң бiрi бiле бермейдi. Оны Олжас Сүлейменовтен естiдiм. Ал ендi Шəкəрiмнiң Парижге барып, сонда дəрiс оқығаны туралы да əңгiме бар. Бiрақ нақты деректер табылмай жатыр.
– Сонда Парижге не себептен барған?
– Кезiнде Абай Шəкəрiмге: «Сен қазақтың тарихын, шық-қан тегiн жаз» деп тапсырған екен. Содан Шəкəрiм Каир, Стамбул, Басра, Мекке, Медина елдерiн аралап, солардың кiтапханаларында отырады. Iзденедi. Осы сапарында Парижге де соққанға ұқсайды. Негiзi, мен Шəкəрiмнен сенсация iздеген жоқпын. Менiң мақсатым оның əндерiн насихаттау ғой.
– Жалпы алғанда, Шəкəрiмнiң неше əнi бар?
– Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Шəкəрiмнiң отызға жуық əнi болған. Тiптi «Қалқаман – Мамыр» дастанындағы əрбiр кейiпкердiң əуенi болған деседi. Бiрақ оны бiлетiн кiсiлер қалған жоқ.
– Сiз сол отызға жуық əннiң нешеуiн орындап жүрсiз?
– Өзiм берiп жүрген дəрiс-концерттерде 15 – 16 əнiн орындап жүрмiн. Əзiрге бар жиған-тергенiм – осы.
БIЛIМ ЖƏНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI МЕНI «КРОХОБОР» ҚЫЛЫП ЖIБЕРДI
– Əңгiмеңiзге қарағанда, дəрiс-концерттi аяғыңыздан то-зып, Мақтым секiлдi дорба арқалап, өзiңiз ұйымдастырасыз. Осыны министрлiк арқылы арнайы бағдарлама бекiтiп, оқу орындарына жүктеп, белгiлi бiр кесте арқылы жүргiзуге болмады ма? Қанша дегенмен, Сiз Шəкəрiмдi насихаттап жүрсiз ғой. Сiздiң тарапыңыздан талпыныс жасалды ма?
– Əрине, жасалды. Мен Бiлiм жəне ғылым министрлiгiне, сондай-ақ Мəдениет департаментiне де бардым. Бiр емес, екi рет. Ол кезде министр əйел адам едi. Ұсынысымды қолдамақ түгiлi, өзiм келiсiп қойған жоғары жəне орта оқу орны басшыларына хат жазып, жолымды кестi. Менiң жасап жүрген шараларым оларға қайыршының iс-əрекетiндей көрiнiп, менi алаяқ етiптi. Бұған ендi не айтасың? Сонда мен түске дейiн есiк алдында билет сатып, кешке өлең айтуым керек пе?! Ондай əртiсте қандай абырой болады?! Сөйтiп, Бiлiм министрлiгi менi солардың тiлiмен айтқанда, «Крохобор» қылып жiбердi. Ал екiншi рет барғанымда маңайларына жолатпады. Менiң бiр байқағаным, қай мектепке бармайын, мейлi ол қазақ, мейлi орыс мектебi болсын, əйтеуiр директорлары қарсы болған емес. Қолдан келген көмектерiн жасайды. Оларға мың да бiр рақмет.
МАҒЖАН МЕН МIРЖАҚЫПТЫҢ ƏНДЕРIН ТАУЫП АЛДЫМ
– Жүсiпбек Аймауытовтың «Əншi» деген əңгiмесi бар. Соны оқып отырсаңыз, iлгерiде шəкiрттер атақты əншiлерге жылқы берiп, əн үйренетiн дəстүр болған екен. Сол сияқты Сiзге «Шəкəрiмнiң əндерiн үйретiңiзшi» деп келген талапкерлер болды ма?
– Бiрде Павлодар қаласындағы бiр университетте концерт бердiм. Сол кезде осы университетте оқитын бiр қыз бала келiп, Шəкəрiм əндерiн үйренуге ниет бiлдiрдi. Мен қуанып кеттiм. Одан ақы сұрамақ түгiлi, келiп-кеткен таксиiнiң ақысын мен төледiм. Содан басқа менi iздеп келген əншiнi бiлмеймiн.
– Сiздiң репертуарыңыз тек Шəкəрiмнiң əндерiнен тұр-майтын шығар...
– Əрине, одан басқа да халық əндерi мен халық компози-торларының əндерiн орындаймын. Ендi мына қызықты қа-раңыз. Қазақ: «Бiр жоқты iздеп, бiр жоқты табасың» дейдi. Сол айтқандай, Шəкəрiмнiң əндерiн iздестiрiп жүрiп, Мағжан Жұмабаев пен Мiржақып Дулатовтың ешкiм естiмеген «Сен сұлу» жəне «Мұң» деген əндерiне тап болдым. Мағжанның əнiн Шəкiр Əбеновтен, ал Мiржақыптың əнiн қарт ұстаз Қарпық Егiзбаевтан үйрендiм. Iлияс ағам: «Олар əн жазбаған» деп бой бермейдi. Ол əндердi қазiр менен басқа ешкiм орындап жүрген жоқ.
– Əңгiмеңiзге рақмет.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ», 2004 жыл.