Жаңалықтар

Кекіл

КЕКІЛ – бастың төбесі мен маңдайдың жоғары бөлігі арасына қойылатын бір шоқ шаш.
19.08.2014 09:45 11227

КЕКІЛ – бастың төбесі мен маңдайдың жоғары бөлігі арасына қойылатын бір шоқ шаш. Адам жаны бастағы шашта да ұялап тұрады деген көне К. қою наным-сенімге байланысты қалыптасқан ғұрып. Яғни, бала жанының қорғап-сақтаушысы ретінде қызмет етеді деген сенім бойынша қойылады. Осы ырым бойынша бір шоқ К.-ден басқа айдар, тұлым да қалдырылады (қ. Айдар; Тұлым; Жан).

Қарын шаштың қарғысы қатты болады деген ырым бойынша, қазақ қарын шашын қалдырмай, түгел алып тастайтын болған. Ол – маңдайы жарқыраған, маңдайы жарық болу сынды ырымға сай басты қадірлеуден келіп туындайтын ырым-жоралардың бірі.

Кекіл

Кекіл және тұлым қойған бала. Н.Г.Хлудов.

ҚР МОМ қорынан (КП 2400)

К. негізінен ұл балаға да, кейбір жағдайда қыз балаға да қойылады. Тіптен, К.-ге қоса тұлым да, айдар да бірге қойылатын жағдайлар ұшырасып жатады. Бұл ұлға зәру отбасында соңғы туған қызға келесі баламыз ұл болсын деген тілекпен байланысты қойылатын болса керек.

Кекіл

Кекіл (фрагмент). Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейі (Кунсткамера) қорынан (1199-237)

Жылқы – сәндік, түйе – байлық деп келетін дәстүрлі ұстанымға байланысты жылқы түлігінің К.-іне де ерекше мән берген. Жылқыны күзеген кезде жас-жыныс ерекшелігіне қарай кесіп, қырқып тегістейді. Ал, жүйрік, жорға тәрізді топқа, үлкен ортаға мінетін аттардың К.-і мен жалын өріп, күлтелеп түйіп, үкі тағып ерекше сәндейді (қ. Жылқы; Күзеу; Бәйге аты). Айыр түйелердің төбесінен маңдайына түсіп тұратын шуда жүнін де К. деп атайды. Нар мен аруанада К. болмайды. Айыр түйенің бурасы мен буыршынының К.-ін күзеуге болмайды, өйткені қырықтық немесе басқа құрал тисе, өсіп-өнбей қалады, ауруға, індетке, тосын жағдайға ұшырайды деген наным сақталған.

Ұзақ сапарға шығарда, ұрысқа кірісерде, барымта алдында аттың К.-і мен құйрығын түйіп байлаған. Сондай- ақ, дау-дамай шешуге барар кезде де К.-ін түйіп баратын. Ол бір іске бел байлауды білдіретін кекіл түйді деген мағынада қолданылды. Ал, ат кекілін кесіп аттану алған беттен қайтпайтынын білдірген. Сайып келгенде, кекіл, кекіл түю, кекіл кесу т.б. жағдайлар ант, серт берудің белгісі ретінде қызмет атқарғаны байқалады (қ. Ат кекілін кесу).

Әдеб.: Махмудов Х., Мұсабаев Ғ. Қазақша-орысша сөздік. Алматы: ҚазССР ҒА баспасы, 1954; Оңдасынов Н. Парсыша-қазақша сөздік. Алматы: Қазақстан, 1974; Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. Алматы: Арыс, 2005; ҚӘТС. 7-том. Алматы: Арыс, 2007; Қоқанова Ж.А. Қазақ тіліндегі төрт түліктің түк және тері атауларының тілдік сипаты және этномәдени мазмұны. Филол. ғылым. канд. дәрежесін алу үшін жазылған диссертация. Алматы, 2010; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен  атауларының дәстүрлi жүйесi»

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға