Жаңалықтар

Кейкі батыр: тарихи тұлғаның өміріне шолу

Батырларымызды ұлықтайық!
Кейкі батыр: тарихи тұлғаның өміріне шолу
30.07.2018 14:52 12736

Кейкі Көкембайұлы 1871 – 1923 жылдар аралығында ғұмыр кешкен ұлт-азаттық көтерілісінің қатысушысы, батыр әрі мерген болған. Ол қазіргі Қостанай облысындағы Амангелді ауданына қарасты, Байтума елді-мекенінде өмірге келген. Шыққан тегі – Орта жүзден тараған Қыпшақтың ішіндегі Құланқыпшақ руы.

Батырдың арғы аталары (Төрештен шыққан Торайғыр, Жәукеден шыққан Сәбденбек) Кенесарының көтерілісіне белсене қатысқан атақты батырлар болған екен. Бұдан байқайтынымыз, Кейкінің бойындағы ерліктің, батырлықтың қаны  арғы тектен келген. Батырдың азан шақырып қойған есімі - Нұрмағамбет еді. Кейкі деген лақап атты ол ен далада жалғыз аңға шығып, адам баласына көп жолай бермейтіндігінен, әрі кейкиіп жүретіндігінен иеленген деген әңгіме бар. Оны көрген адамдардың сөзіне сенсек, түсі суық, ашуға булыққанда қос жанары жалындап кететін, бірбеткей, қайтпас-қайсарлығымен қатар,  ауа-райын күн бұрын дәл айтатын көрегенділігі де болған екен.

Сол секілді батырдың артынан ешқашан жаман сөз ермеген, ол Құран ұстап, намазын қаза етпей, теріс әрекеттер жасамай, былапыт сөз айтпай, өз ортасында беделді кісі болған делінеді. Оның мергендігі жайында таңды таңға ұрып айттатын әңгімелер жетерлік. Ол кез келген нысананы жаяу болса да, жүгіріп келе жатса да, атпен шауып бара жатса да дәл ала алатын болған. Мылтық атудағы шеберлігі де көптің есінде қалған. Оның атын көпке мәшһүр еткен өнерінің бірі – ат үстінде сойыл, шоқпар, найзамен керемет шайқасатындығы. «Жігітке жеті өнер аз» демекші, Кейкінің қамшыгерлігі турасында да сөз бар. Қашқан аң, не дұшпаны оның қамшысынан қашылып құтыла алмаған екен. Кейкі батыр ертеден өшпей келе жеткен халық термелері мен жыр-дастандарды үзбей тыңдап, өзі де домбыра тартып, өнерден қаражаяу емес екендігін көрсеткен. Халық аузында «Кейкі салауаты» атты жыр да айтылады.

Байлық, мал-мүлік балаға ата-анасынан келсе, батырлық пен ерлік арғы тегінен жететіні белгілі. Жалпы, Кейкінің шыққан Құланқыпшақ руы туралы көптеген тарихи деректер кездеседі. Олардан көбінесе осындай халық қамын жеген, елді ойлаған адамдар шыққан. Негізі, Кейкі батырлар әкеден бес ұл (Омар, Оспан, Қошжан, Кейкі, Шұбар) тараған. Өкінішке қарай, олардың тек Қошжанынан ғана ұрпақ қалып, бүгінгі күні ортамызда ғұмыр кешіп жатыр. Ал қалғандары Кейкі батырға «халық жауы» деген жала жабылғанда, қуғындалып кетіпті.  

Батыр Аманкелдімен бірге ер жеткен. Қос азамат әділдік үшін күресіп, азаттықтың ақ жолында жан пида етті. 1916 жылы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісі бастау алғанда Кейкі арнайы Аманкелдіні іздеп  келіп, Әбдіғаппар ханның жауынгерлерімен бірлесе, мергендердің тобын бастаған екен. Гүлбану Елтебаеваның келтірген деректерінде Кейкінің көтеріліс кезінде Торғай қаласына шабуылдауда, Құмкешу, Күйік, Батпаққапа, Доғал соғыстардың түгеліне қатысқандығы айтылады. Автор «Кейкі батыр жайлы не білеміз» атты мақаласында академик Манаш Қозыбаевтың «Жауға шаптым ту байлап» атты кітабынан мысал келтіре кетеді. Онда: «13-ақпан (1917 жылы) Шолақсай керуен жолын торыған Аманкелді, Өмен, Кейкі бастаған екі мың сарбаз Шошқалы қопада подполковник Кисловтың отрядын оқпен қарсы алып, шайқасқа шығып айқасты. Дәл уақытында шегінеді де, сaрбаздардың ертеңгі жолын болжап айтып, түн уақытында төте жолмен Күйік қопасына келген сарбаздар Тышқан тамының маңдайында 14-қаңтарда Кисловтың отрядын қайта қарсы алады. Еркіндікті ту еткен азаматтардың беті қайтпастан, қарулы қолға қайта шығуы керемет емес пе? Күйік қопадағы бұл айқасты атақты Құланқыпшақ Кейкі батыр ерен ерлік көрсеткен. Жау тобында қырғидай тиіп, жазалаушылардың біразын жайратып салды» – делінген.

Ен даланы мекен етіп, мал баққан халықтың ұлы болса да Кейкі өз дәуірінің басты тарихи жайттарын көзбен көріп, оны әділ бағалап, турасын айтқан. Батыр қазақтың сол күнгі халінің мүшкілдігіне кінәлі орыстың отарлауы деп түсінген. Сол саясатқа барынша қарсы тұруға ниеттенген. Жерімізді алып, одан кейін еркімізден айырып, қала берді баламызды қолына беруден қорқып, тіліміз бен дінімізден түбегейлі айырылмай тұрғанда, қарсы тұру керек деп шешкен. Кейкі батыр бұл көтерілістің қара жұмыс үшін адам бермеуден ғана туындамағанын, ата-бабадан келе жатқан асыл мұрасы жері мен бостандығынан, еркінен, тілі мен дінінен айыратын саясат екенін терең ұғынған. Қара жұмысқа бару неше мың қазақ азаматын жарымжан етіп, болашағына балта шабатындығын, оған көнген ұлтты басқа ауыр нәубеттің күтіп тұрғанын сезеді. Осылайша, бар қазақтың ашу-ызасынан тұтанған көтеріліске белсене ат салысады.

1919 жылы жаз мезгілінде Торғайдағы жергілікті кеңес өкіметін құлатып, барлық билікті уысында ұстаған алашордалықтар большевиктерге қызмет еткен Аманкелді жасағын қуғындауды бастап кетеді. Сол үшін жиырма адамнан құралған әскери далалық сотты құрып, оған Аманкелді серіктесі болған Кейкінің де ізіне түсе бастайды. Осыдан соң, төрт жылды араға салып, 1923 жылдың наурызында Кейкі Көкембайұлы Аманкелді ауданына қарасты, Жыланшық өзені маңындағы Жалаулы жайлауында аса айуандықпен өлтірілген. Жанында болған екі татардың кесірінен батыр қазаға ұшыраған. Айы-күні жеткен Ақжан бойжеткенді де сыртқа шашынан сүйреп алып шығып, атып өлтірді. Оның ішін қылышпен жарып, баланы да аударып тастаған екен. Ал басқа бөлмеде ұйықтап жатқан Кейкінің інісі Шұбар да осы сәтте оққа ұшырайды. Кейкіні ұстап берген қос татарға марапат көрсетілген.

Азаптап өлтіргені аздай, дұшпандар батырдың басын кесіп алып бір айы бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қойыпты. Одан соң, басын Орынборға жіберген, сосын Петерборға жөнелткен. Ал басқа деректерде бір жеті бойы басы қала орталығында тұрғандығы айтылады. Еліміз тәуелсіздік алған соң, батырдың басын елге қайтару туралы бірнеше рет  көтерілген еді. Тек осыдан екі жыл бұрын ғана Кейкі батыр басын елге әкелінетіні туралы ресми хабарланды. Осылайша, 2016 жылдың 6-қазанында батыр басы елге жеткізілді. Зерттеуден өткен соң, батырдың басын хас дұшпандары кетпенмен шауып тастағаны анықталып отыр.

Есімі аңызға айналған батырға арналған туындылар жетерлік. Оның бірі батырдың жерлесі болған Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты тарихи романы болса, бірі Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны. Сол сияқты Ахметхан Байжан «Құлан Кейкі батыр» атты деректі хикаят шығарса, Әубәкір Қылышбайұлы «Құлан Қыпшақ Кейкі батырдан соң» кітапшасын жазды. Бүгінде батырға ескерткіш тұрғызылып, бірнеше қалалардағы көшелерге есімі берілген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға