Кеден қызметінің ардагерлері зейнетке қашан шыға алады?
Депутаттар көтерген мәселеге Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кеден қызметінің ардагерлерін еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақымен қамсыздандыру құқығын беру мәселесіне қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймын. Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын (1991 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін) және ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңын (2011 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін) талдау тиісті еңбек өтілі бар кеден органдарының қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқық беретін нормалардың ешқашан болмағанын көрсетті. Сондай-ақ, «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 84-бабында зейнетақымен қамсыздандыру, сондай-ақ жеңілдікті салық салу, олардың еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде ақшалай ризықақы төлеу, тұрғын үйді күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақы төлеу бөлігінде Заңның әрекеті кеден органдарының қызметкерлеріне қолданылмайтыны нақты айқындалған, - дейді министр.
Осылайша зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтық реттеуді саралау объективті өлшемшарттарға, атап айтқанда, жүзеге асырылатын кәсіби қызметтің сипатына негізделген, осы адамдарға қатысты конституциялық құқықты бұзушылық жоқ.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін мынадай шарттарды бір мезгілде сақтау қажет екенін атап өткен жөн:
құқық қорғау органы қызметкерінің мәртебесінің болуы;
әскери қызметте кемінде 25 жыл, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте не жалпы еңбек өтілі 25 және одан да көп жыл болуы, оның ішінде әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарында қызмет, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет – кемінде 12,5 жыл болуы;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекті жасқа толғаннан кейін не штаттарды қысқарту немесе денсаулық жағдайы бойынша құқық қорғау қызметінен жұмыстан босатылуы.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитетінің кедендік төлемдердің бюджетке толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету бойынша кеден ісі саласындағы реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын (фискалдық функциялар) орындайтын бөлімшелері өз функцияларын ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырады, бұл құқық қорғау органдарының (жеделіздестіру қызметі, анықтау) функциясын болдырмайды.
Кеден органдарының қызметкерлеріне құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін заңнамалық бекітпей тұрып, кеден органдарының қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы мәселені қайта талқылау орынсыз деп санаймыз. Жалпы аталған мәселе уәкілетті орган мен Үкіметтің тұрақты бақылауында, - деді министр.