КЕБЕЖЕ ОЮ
КЕБЕЖЕ ОЮ – кебежеге ұқсап келетін теңдеме ою- лар. Кебеже ою деп аталу себебі, ою кебежеге ұқсап төртбұрышты, біріне-бірі теңдей болып түседі. Мұндай К. о.-лар, көбінесе, сырмақ ортасына салынады.
Кебеже ою. ҚР МОМ қорынан (КП 25556)
ҚР МОМ қорындағы (КП 25556) сырмақ коңыр түсті киіздің бетіне ақ түсті оюларды сырып тігу арқылы жасалған. Түйісіне ақ, сары түсті қос және сыңар жиек бастырылған. Ортасына сыңар желілі төртбұрышты тармақтымүйіз оюы түсірілген. Ортасының қорғаны мүйіз оюын түсірген ақ, қоңыр киізден сырылған. Ол оюлар кебежеге ұқсап кетеді. Екі жанына үш гүл өрнегі ойыстырылған. Өрнек үсті қолмен сырып тігілген. Сырмақ бөліктерінің (орта, алақан, жан) аралары күлгін түсті өрілген жіппен жиектелеген.
Әдеб.: Дудин С.М. Киргизская орнаментика // Восток. М., 1925. №4. С.164-182; Клодт С.А. Казахский народный орнамент. М.: Искусство, 1939; Ысқаққызы Ә. Сырмақ өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
КЕБЕЖЕҚАП – кебежені қаптайтын киіз қап. Кебеже қаптың пішіні төрт қырлы, кебеженің пошымы сияқты болады, аузы айқара артқа қарай ашылады. Кебеженің оюлап, сырлап жасалған түрлерін көшкенде қажалмау үшін киізден жасалған қапқа салып, баулары арқылы байлап алып жүреді. Кейде күнделікті тұтынылмайтын кебежелерді де қаптап, бастырып қояды. К.-тың бетіне түсті матадан ойылған ою бастырылады.
Әдеб.: Шойбеков Р.Н. Қолөнер бұйымдарының жасалу материалына байланысты қалыптасқан атаулар // Қазақстанның ғылыми әлемі. Шым- кент, 2006. №4. 56-60 бб.; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – мате- риалдарынан.
КЕБЕЖЕЛЕУ – көшіп- қонғанда түйе үстіне байланған кебежеге заттарды әсіресе, азық-түлікті салып, орналастырып тасу. Мұнымен қатар, атқа міне алмайтын немесе атпен ұзақ жүре алмайтын бала-шағаны, қарттарды, ауру-сырқау адамды көш барысында алып жүру үшін де К. әдісі қолданылған. Түйеге жүк артқанда кебежені қапталына арқанмен мықтап орнатып, ішіне қалыңдап төсеніш төсеген. Ондай К. ауған кебеже деп аталған.
Көш кезіндегі кебежеде отырған бала. С.М. Дудин экспедициясы.
ҚР МОМ қорынан (НКП 1979)
Шарбақталған қоршау немесе ағаш қорап түрінде арнайы жасалған ауған кебежені жасау үшін төрт қазықтың (таяныштың) әрқайсысын 3-4 жерден тесіп, ол тесіктерге жуан таяқтар өткізген немесе тақтаймен қорап тәрізді етіп жасаған. Бұл тәсіл арба жоқ болғанда және арба жүре алмайтын жолдарда қолданылған.
ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.