КЕБЕЖЕ
КЕБЕЖЕ – азық-түлік сақтауға арналған үй жиһаз- дарының бірі. К. Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі. Олардың жасалу тәсілі, сыртқы пішіні көп жер- лерде ұқсас болып келеді. К.-лердің бір-бірінен ерекшелігі олардың алдыңғы бетін көркемдеу тәсілінен байқалады. К., әдетте, абажа, абдыра, сандық аталатын мүліктерден кішілеу болады және ол төрге қойылмайды, сол жоқ деп аталатын қазанаяқ жақта тұрады (қ. Қазанаяқ)
К.-нің төрт бұрышында тігінен орнатылған төрт қырлы ағаштар жақтау қазық деп аталады. Жақтау қазықтарға К.- нің алдыңғы және артқы бетіндегі, екі жанындағы тақтайлар ырып бекітіледі. Астына қойылатын тақтайлар төрт қабырға жасап тұрған тақтайлардың астыңғы шетіне таман ырылып, саңылау болмайтындай жымдасып тұрады. К. үстіне ашы- лып-жабылатын топсалы немесе топсасыз қақпақ жасала- ды. Жақтау қазықтар қабырғаларынан ұзынырақ болып, төменгі және жоғарғы жағынан асып тұрады. Мұның өзі К.-ні басқа жиһаздардан ерекшелеп тұрады әрі өзіндік сән береді. Алдыңғы екі жақтау қазықтарын (аяғынан басына дейінгі бөлігін) кебеженің босағасы, босаға қазық дейді. Қазықтардың астыңғы ұзындау бөлігін кебеженің аяғы, ал үстіңгі, қақпақтан асып тұратын бөлігін қазық басы деп атайды. К.-нің аяғы ұзын болғандықтан, астына жүкаяқ қоюды қажет етпейді. Қазық басы көбінесе К. аяғының жартысындай, кейде оның төрттен біріндей, кейде қақпақ бетімен бірдей болып тұратын мөлшерде жасалады. Қазық басын кертіп, жұмырлап оймыштайды кейде шаршы, дөңгелек пішінде үстін тегістеп жонады.
Сәнді әрі шағындау К.-нің қазық басын биіктеу етіп жасаудың өзіндік себебі болған. Көш кезінде салтанат беру үшін ұзындау қазық бастарына құс қауырсынын байлап қойған. К.-ге тағылған мұндай қарқара, үкі салтанатты көшке сән берумен бірге тосын жағдайдан, көз сұғынан сақтайтын т.б. ырымдық қызмет атқарған (қ. Қарқара).
Оюлы К.-дің бояулы түрі де, боялмаған түрі де ұшырасады. Боялған түрін сырлы кебеже деп айтады. Сүйекті К.-лердің бетіне геометриялық пішіндер мен ою-өрнектер түсіріледі, кейбір сүйекті К.-лерге күміс ша- былады. К.-нің, әдетте, алдыңғы бетін ғана оюлап, қалған бөліктерін өсімдіктерден жасалған бояумен бояп қояды.
Бай адамдар К. бетіндегі оюларды бояусыз қалдырмайды. Ою-өрнектер, әдетте, ақ, көк, қызыл, жасыл бояулармен, ал өрнектің суы (фоны) қоңыр, ашық қоңыр түсті бояулар- мен боялып, ою-өрнектің көзге анық көрініп, ерекшеленіп тұруына мән беріледі. Мұндай К.-ні бояу, сырына қарай сырлы кебеже деп атайды. Осындай сәнді К.-лерді ауқатты кісілер шексіздіктің белгісін білдіретін шет ою, ағын суды тұспалдайтын ирек, ирексу, стильденген қошқармүйіз, сыңар мүйіз, тышқан із, жүрекше, сол сияқты өсімдіктер мен олардың бөліктерін тұспалдайтын көгеріс өрнектері мен ұшқан құс т.б. бейнелейтін оюлармен өрнектетіп, сүйекпен, күміспен әшекейлетіп жасатқан. К.-нің бетіне текеметке, сырмаққа салатын оюларды ойып жасайтын шеберлер болған.
К.-ні сүйектеу тәсілімен безендіру де Қазақстанның барлық өңірінде кең тараған. Бұл тәсілмен жасалған К.-ні сүйекті кебеже деп атаған. Сүйекті К.-ге сүйекті ырып отырып орнатады. Ыру деп ағаштың бетін ұзынынан тік ойып шығуды айтады. Сүйекті К. бетіне сұғынды ыру деп аталатын тәсілмен бекітеді. Ағаштың бетін ойғанда түп жағын кең, бетін тар етіп оюды сұғынды ыру дейді. Осылай ойылған жерге орнатылатын сүйек әшекейлер бір шетінен сұғылып қиюласады. Оның беріктігін арттыра түсу үшін мық шегелер (басы бүркеншікті, яғни сән беретін шеге) қағылады. Ырылған сүйек бетіне де түрлі ою түсіріледі, кейде сүйекке күміс шабылады (жапсырылады).
Құрылымына қарай К.-лердің түр-түрлері кездеседі. Солардың бірі – қақпағы үстінен ашылатын К.-лер. Мұндай К.-дің қақпағы тұтас немесе жартылай ашылады. К.-лердің қақпағының көпшілігіне дерлік топса орнатылады. Топсалы қақпақ артына қарай шалқасынан ашылады.
Сүйектелген кебеже. ҚР МОМ қорынан (КП 23854)
ҚР МОМ қорындағы (КП 23854) қақпағы жартылай ашылатын сырлы К.-нің бетіне түсірілген оюлар түрлі түспен боялған. Жартылай ашылатын қақпағына топса орнатылған. Құлып салатын ілгек темірі бар.
Кебеже. ҚР МОМ қорынан (КП 26805/3)
ҚР МОМ қорындағы (КП 26805/3) ою салынған К.-нің өрнектері боялмаған. Қақпағы үстінен жартылай ашы- лады. Ашып-жабуды қамтамасыз ететін топсасы, құлып салуға арналған ілгек темірі бар. Қазық басы кертіліп әшекейленген.
Кебеже. ҚР МОМ қорынан (КП 3272)
К.-нің үстінен ашылатын кейбір түрінде топса болмай- ды (КП 3272). Қақпағын үстінен екі қолмен тік көтеріп ашатын К. беті мен алдыңғы екі қазығы сүйектелген. Сүйек оюлар күміс шегелермен бекітілген. Құс қауырсынын бай- лайтын қазық басы биіктеу етіп жасалған.
Кебеже. ҚР МОМ қорынан (КП 3270)
ҚР МОМ қорындағы (КП 3270) сандық тәрізді К.-нің аяғы аласа. К. қақпағы үстінен топса арқылы жарты- лай ашылады. Қақпағына тұтқа орнына құлып салатын ілгек темір орнатқан. Астыңғы бөлігінде екі суырмасы бар. Үстіңгі бөлігінің асты тақтаймен бекітілген. Бетіне түсірілген оюлар түгелдей әртүрлі түспен боялған. Аяғы аласа болғандықтан, жүкаяқтың үстіне қойылады.
Кебеже. ҚР МОМ қорынан (КП 16378)
ҚР МОМ қорындағы (КП 16378) К. бетіндегі шаршы және оның ішіндегі үшбұрыш пішінді геометриялық өрнектер марал мүйізінен шабылған. Олар қызыл түспен боялып, жылтыратылған, ұз. 65 см, ені 37 см, биікт. 31 см.
Кебеже. РЭМ қорынан (коллекция 13750)
Ертеде ауқаттылар ұзатылатын қызына арнап К.-ні ерек- ше сәндеткен. Айталық, Ресей этнографиялық қорындағы (13750 коллекциясы) К. қалыңдық бұйымдарын салуға ар- налып жасалған. Кейде К. жасату үшін шеберлерді бірнеше күнге үйіне алдырып, жалдайтын болған.
Кебеже. ҚР МОМ қорынан (КП 11275/1)
Бетіне көгеріс өрнегі түсіріліп, түрлі бояумен боялған сырлы К. (КП 11275/1). Оның топса орнатылған қақпағынан ұстап ашатын тұтқасы бар. Қақпағы жартылай ашылады. Қазық басы қақпағының бетімен бірдей етіп жасалған. Босаға қазықтарына ою түсіріліп, әртүрлі түспен боялған. Мұндай қымбат бұйымға қолы жетпеген кедейлер К.-нің қарапайым түрін қолданған. Қазақ тұрмысында көшіп-қонғанда түйенің арқасына мықтап байлап, ішіне балалар мен қарттарды отырғызып алып жүретін ағаш қорап, шарбақтап жасаған қоршауды кебеже, кей жерде ауған кебеже деп атаған. Мұндай қоршау-шарбақтың шала туған қозы-лақ, жас ботаны марқайғанша ұстап бағатын және алып жүретін түрін бота кебеже деп айтқан. Бұлар кәдімгі К. емес, К. тәрізді қоршау, қорап болғандықтан осылай аталып кеткен.
Кебеже. ҚР МОМ қорынан (КП 23129)
ҚР МОМ қорындағы (КП 23129) сүйекті К. тіктөртбұрыш пішінді, бетіне геометриялық фигуралар оймыштау тәсілімен әшекейленіп, сүйекпен бастырылған. Қазық басы аяғының төрттен біріндей биіктікте жасалған. Қақпағы бар, ақ сары түсті, ұз. 76 см, биікт. 41 см.
Негізгі тұрмыстық бұйымдардың бірі болған К.-нің көлеміне қарап бірсыпыра заттардың, адамның дене бітімін соған салыстырып, мөлшерлеп айтудың үлгісі қалыптасқан. Мысалы: шанақты, қорапты арбаны кебеже арба, шөп таситын қанатты шананы кебеже шана, үлкен шермиген қарынды адамды кебеже қарын, қарны жер сызған сиыр туралы айтқанда кебеже құрсақ деп бейнелеп айтады.