Жаңалықтар

Әке тәрбиесі: бүгінгі қоғам мұқтаж тәрбие

Қазақ отбасындағы әкенің статусы туралы Рақымбек Жолаев айтып берді.
Әке тәрбиесі: бүгінгі қоғам мұқтаж тәрбие
29.06.2022 12:12 6675

Жаһандануға негізделген нарық бәсекесі артқан мына қоғамда ұлттық болмысымыздың жоғалуы шын мәнінде қауіпке айналды. Ұлттық мәдени құндылықтарын еш уақытта материалдық құндылықтан жоғары қойып көрмеген қазақ үшін дәстүрлі отбасылық тәрбие өз бағытынан айырылып қалды. Ендігі мақсат – қазақ отбасындағы әкенің статусын қайтару. Осы жолда не істеу керек, қандай мақсат-міндеттер мен жобаларды басшылыққа алған жөн деген сауалдарға жауап алу үшін «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақымбек Жолаев мырзаны әңгімеге тартқан едік.

Әке тәрбиесі: бүгінгі қоғам мұқтаж тәрбие

– Рақымбек Қуатбекұлы, әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүрінде әке рөлі солғын тартқаны жасырын емес. Әке тәрбиесі дәл қазіргі кезеңде қаншалықты өзекті?

– Бұл мәселенің өзектілігі сонша, бүгінгі күннің басты назарында тұрған мәселе дер едім. Әрине, бала тәрбиесінде ана мен әкенің рөлі бірдей. Алайда көп жағдайда балаға қатысты бар шаруаны анасына ысырып қоямыз. Жай ғана ата-аналар жиналысын алайық, бірен-саран әке болмаса, негізінен аналары барады. Неге? Бала ортақ болған соң оның тәрбиесіне қатысты дүниенің бәрі әке-шешеге ортақ болуы керек қой. Саналы ұрпақты қалай жетілдіреміз деп шарқ ұрып жүрген бүгінгі тұста әкенің тәрбиесі тіпті ауадай қажет. Қазақ баланың ісіне тәнті болғанда, бойындағы жақсы қасиеттерін байқаса «тегі жақсы екен», «текті жерден шыққан ғой» деп сүйсініп жатады емес пе. Яғни, қанмен берілетін тектілікті – әкенің тәрбиесін бірінші айтады. «Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұм жүрек» деп өз дәуірінде «Көмекей әулие» атанған Бұқар жыраудың айтқаны есіме түсіп отыр. Шынында да, «әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді». Әке тәрбиесін көрген ұл мен қыз батыл келеді, өзіне деген сенімділігі жоғары болады. Әкенің иісін сезіп өскен бала болашағында кездескен қиындықтарға сынбай, өз орнын адаспай табады. Ал қазір қазақ отбасындағы әкелер институтының деңгейі түсіп кеткен. Тіршілік қамытын киіп, жан бағудың қамымен жүрген әкесі жұмысбастылықтан арыла алмай, жүйкелері тозған. Ашуын әйелінен, баласынан алады. Желіні ашып қалсаң әйелін ұрған, қан-жоса қылған, өлтірген деген сұмдық ақпараттарды оқисың. Оны тіпті балаларының көзінше істеген әкелер бар. Неге соншама азғындап кеттік деп жауабын таба алмай дал боламын. Иә, отағасы шаңырақтың иесі болғандықтан отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін тынбай еңбек етуі керек. Бірақ ақшаға сатып ала алмайтын құндылықтар да бар ғой. Отбасыңыз, бала-шағаңыз – сатып ала алмас теңдессіз қымбат қазынаңыз емес пе? Әйелі мен бала-шағасының алдында еркектік қасиетінің қадірін арттырып, абыройын асқақтатып отыруға кім кедергі? Ешкім! Айналып келгенде, адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне келіп тіреледі.

Әке тәрбиесі: бүгінгі қоғам мұқтаж тәрбие

– Әке рөлі және отбасы тақырыбындағы материалдар бізде жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Олай демес едім. Жеткілікті болғанның өзінде де олардың еңбектері өнімсіз болып жатқан сияқты. Қазір мемлекеттің идеологиясына түрлі деңгейдегі ҮЕҰ мүшелері атсалысып жүр. Бала тәрбиесіне, отбасы құндылығына қоғамның ықпалы күшейген сайын сол бағытта жұмыс жүргізіп жатқандардың саны артып жатқаны дұрыс та сияқты. «Тамшы тама берсе тас теседі» дейді ғой. Біз де сондай ұлы мақсатты ұстанған бірлестіктің біріміз. Бірлестіктің аты айтып тұрғандай, «Сенімен болашақтың» болашағы – жастарымыздың қасынан табылады. Оның үстіне, қазіргі қоғамда тек өз балаңды тәрбиелеу жеткіліксіз, балаң да қоғамның бір мүшесі болғандықтан тәрбиені өсіп жатқан ортасынан алады. Балаға жайлы орта қалыптастыру әрі ата-аналардың педагогикалық-психологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында құрылған платформаның басты бағыты – саналы ата-ана мәдениетін орнықтыру, әрбір ата-ананы саналы ұрпақ тәрбиелеуге жұмылдыру. Баланың бас ұстазы – ата-анасы болғандықтан, алдымен ата-аналарды тәрбиелеуді ниет еткеніміз де сондықтан. Соның ішінде әкелер мектебін жолға қоюға бағытталған нақты жобаларымыз бар. Мысалы, әр өңірде ашылған филиалдарда «Толағай» атты әкелер апталығын өткіздік. Оны дәстүрге айналдыруды қолға алдық. Одан қала берді Шымкент қаласында «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі», Абай облысының орталығы Семейде «Әке – отбасының тірегі», «Менің әкем ең жақсы адам», Павлодар облысында «Әкенің балаға берер ең құнды дүниесі – тәрбие», «Бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» тақырыбында семинар-тренингтер өтті. Онымен қоса саналы әке тұлғасын қалыптастыруды мақсат еткен дөңгелек үстелдер мен қоғамда беделі бар әкелермен кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрады. Мұндай іс-шаралардың ауқымын кеңейтіп, болашақта республикалық деңгейге көтерсек деген жоспарымыз бар.

– Сіздің ойыңызша әке тәрбиесі қандай болуы керек еді?

– Әкенің қабағы тәрбие мектебі қой. Әкенің қаталдығы ол баласына мейірімсіз, қатігез дегенді білдірмейді. Керісінше, жақсы әке осындай мінезімен үлгі болып, дараланып тұруы керек. Ол – ӘКЕ. Ертеңгі күні баласының жақсы-жаман болуы өзіне тиетіндіктен әкенің шешеге қарағанда қатал болуы заңдылық. Әке махаббатын сыртқа шығармаса да іштей сездіреді. Ол баласы үшін отқа да, суға да түсуге дайын, керек десеңіз жұдырықтай жүрегін баласы үшін жұлып беруге даяр жан. Жалпы әке отбасындағы, қоғамдағы беделін арттыруды өзінен бастағаны жөн. Алла Тағала «Еркек» етіп жаратып, еркек болмысына тән намысқойлықты, жауапкершілікті берді ме, сол қасиетінен алыстамауы керек. Мұны «ұр да жық» дөрекілікпен шатастырмау керек. Өзін-өзі тәрбиелеуге қауқары жетпеген еркек балаларын қалай басқара алады? Қысқасы, «Еркекке тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек...» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі жігіттің бесаспап болуын меңзеп тұр.

Әке тәрбиесі: бүгінгі қоғам мұқтаж тәрбие

– Әкелер мен балалар тақырыбында қандай тренингтер, басқосулар, жиындар сұранысқа ие?

– Баланың тұлғалық қасиетін қалыптастыруда әкенің рөлі жоғары екенін насихаттайтын әкелер мектебін құрып, оны дұрыс жолға қоя білуіміз керек. Аузы дуалы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқата алған ел ағаларын қатыстырып, тренингтер ұйымдастыру да артықтық етпейді. Сондай-ақ ерлердің рөлін БАҚ бетінде, кино саласында насихаттап, дамыту керек. Қазіргі ақпарат ағымына қарай әлеуметтік желілерде әке статусын көтеруге бағытталған әлеуметтік роликтер, қысқа-қысқа сериалдарды көбейтсек, ұтарымыз көп болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға