Жаңалықтар

Қазіргі қазақ баспасөз мәтіндеріндегі жаңа сөздердің көрінісі көңіл көншіте ме?

Соңғы 20 жылдағы қолданысқа енген жаңа сөздердің бәрі қолданыста деп айту қиын
Қазіргі қазақ баспасөз мәтіндеріндегі жаңа сөздердің көрінісі көңіл көншіте ме?
02.09.2017 12:22 9687

Қазіргі қазақ тілінің даму үдерісін, тілімізде болып жатқан түрлі үдерістер мен құбылыстарды үздіксіз бақылап, зерделеп отыру тілші ғалымдардың, тіл мамандарының төл міндеті. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілуіне байланысты ол кешегі кеңестік кезеңде атқармаған бірқатар тілдік қызметтерді атқарып, оған осыған дейін жүктелмеген жаңа міндеттер жүктеле бастады. Қазақ тілі мемлекеттік басқару, заң шығару, іс қағаздарын, сот ісін жүргізу сияқты қызметтерге біз күткен, ойлаған дәрежеде болмаса да, біртіндеп араласа бастады. Қазақ тілінде шығатын мерзімді басылымдардың, газет-журналдардың саны едәуір артты. Ғылыми, оқу-әдістемелік, сөздік-анықтамалық, публицистикалық, танымдық және көркем әдебиеттер саны да артты. Бір сөзбен айтқанда, қоғам өмірінің барлық саласындағы қазақ тілінің қолданыс аясы 90-жылдарға дейінгі кезеңге қарағанда едәуір кеңейді. Бұл – бүгінгі өмір шындығы.

Тілдің қолданыс аясының кеңейіп, арнаулы салаларда қолданыла бастауына байланысты әсіресе, оның лексикалық қорында көптеген өзгерістер болды. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі сөзжасам, терминжасам үдерісі біршама жанданып, сөздігімізге жүздеген жаңа атаулар қосылды. Жалпы жұртшылықтың көз-құлағы үйренісіп, жаппай қолданысқа көшкен атаулармен қатар, әлі де бірнеше нұсқалары жарыса жұмсалып, бірізді қолданылу дәрежесіне жете қоймаған сөздер де аз емес. Сондай атауларды уақытылы жинақтап, олардың қолданысын қадағалап отыру тіл үшін өте маңызды. Мұндай жұмыс лингвистер тарапынан жүйелі түрде жүргізіліп отырмаса, қолданыстағы жаңа сөздерді дер кезінде сараптан өткізіп, олардың арасынан сәтті жасалғандарын іріктеп алу мүмкіндігін қолдан шығарып аламыз. Бұрын бұл жаңа қолданыстарды жинақтап, жариялап отыру мәселесіне тіл мамандары тарапынан біршама көңіл бөлініп отырған еді. Мәселен, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев, Ғ.Әнесов, А.Алдашева, Н.Уәлиев сынды мүйізі қарағайдай тіл мамандары құрастырған «Қазақ лексикологиясындағы жаңа қолданыстар» деген жинақ пен Б.Қалиев пен Ш.Құрманбайұлының авторлығымен жарық көрген «орысша-қазақша және қазақша-орысша терминдер сөздігі» жұртшылыққа кеңінен таралған-ды. Алайда соңғы жылдары бұл жұмыс назардан тыс қалып барады. Кейінгі он бес жылдай мерзім ішінде жаңа қолданыстарды жинақтап ұсынған, оларға тілдік талдау жасаған еңбек жарияланбапты.

Дәл осы соңғы 15-20 жыл көлемінде қазақ басылымдарының саны артып, жаңа атаулардың көптеп жасалғанын ескерсек, керісінше, мұндай атаулардың жасалуы мен қолданысына тіл мамандарының айрықша көңіл бөлуі тиіс еді. Біздіңше, қазіргі кезеңде тілдегі жаңа қолданыстарды жинақтап, жұртшылыққа таныстырып, әрбір 3-5 жыл сайын оларға лингвистикалық талдау жасап отыру өте маңызды. Егер осы жұмыс тиісті кәсіби деңгейде атқарылмаса, соның салдарынан жалпы қолданыстағы сөздер мен терминдердің жұмсалуындағы бірізділікке жету қиындап, жарыспалылыққа жол берілуі мүмкін. Дәлірек айтқанда, қазіргі қазақ терминологиясында үйлестіру жұмыстарының әлсіздігінен ондай олқылықтарға орын беріліп те жатыр. Бұл айналып келгенде қолданбалы терминтану ауқымында атқарылуға тиісті түгендеу, ұсыну және өзге де терминологиялық жұмыстардың рсепубликалық ауқымда тиісті дәрежеде жүзеге асырылмауына байланысты орын алып отырған кемшілік.

Біз соңғы жиырма жылдай уақыт көлемінде жасалып, қолданысқа еніп үлгерген жаңа атауларды да, әлі жаппай қолданысқа көшіп үлгере қоймаған жаңа қолданыстарды да қамтыдық. Сондай-ақ кейбір атаулар 90-жылдарға дейін жасалғанымен, ауызекі тілде өте сирек қолданылып немесе мүлде ұмыт қалып қойды. Осындай бірқатар сөздер соңғы жылдары қазақ баспасөзінде жиі қолданыла бастады. Терминдер мен жаңа атаулардың жасалуына ғана емес, олардың қазіргі тіліміздегі қолданысына да мән беріп отырғандықтан, ондай сөздерді де айналып өтпеуді орынды деп санадық. Біздің негізгі мақсатымыз – қазіргі терминжасам, сөзжасам үдерісінің сипатын, беталысын анықтау, жаңа атаулар мен қалтарыста қалып келген сөздердің бүгінгі баспасөздегі қолданысына талдау жасай отырып, термин шығармашылығының жетістіктері мен кемшіліктерін атап көрсету. Жаңа атаулардың арасында жұртшылық жаппай қолданып, соңғы жылдары жасалғандығы, жаңалығы ұмытыла бастаған сөздер де аз емес. Олардың қысқа мерзімде тілге сіңіп, лексикалық қордан орын алуының себептерін анықтаудың да маңызы айрықша. Ондай себептердің анықталуы сөзжасамның, терминжасамның дұрыс бағытта жүргізілуін қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз.

Баспасөз – тілдегі жаңалықтардың, жаңа сөздер мен қолданыстардың алғаш көрінетін де, жарыспалық сипат алатын да, нормаланатын да, бекітілетін де, тұрақтанатын да жазба кеңістігі. Сондықтан қазіргі қазақ баспасөзінің тілі мен стилін сөз еткенде онда қолданылатын жаңа сөздер мен қолданыстарды, жаңа сөздердің жасалу жолдары мен қолданылу ерекшеліктері туралы сөз етпей кету мүмкін емес. Қазақ баспасөз бетіндегі жаңалықтар алдымен аударма мәселесімен байланысты болғандықтан, сондай-ақ фразеологиялық бірліктердің қолданылу үдерісінде өзгешеліктер көріне бастағандықтан біз алдымен БАҚ-тағы аударма проблемасына көңіл бөлдік.

Терминдерді қабылдаудың бір жолы халықаралық сөздерді қазақ тілінің табиғатына сай алуға қатысты. Бұл жөнінде кезінде қоғам қайраткері, ғалым Халел Досмұхамедұлы кірме сөздер туралы ой-пікірін былай білдірген:

«Тілге кірген жат сөздер сіңу үшін, тілге «өзілік» болу үшін сол тілдің шырқын бұзады, тілге зиян келтіреді. Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізе лайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады».

Х.Досмұхамедұлы бұл тұжырымдамасында кірме сөзді аудару емес, сол сөзді не терминді қазақ тілінің заңдылықтарына бағындыру, ыңғайластыру мәселесін сөз етеді. Яғни, тіліміздегі дыбыс үндестігі заңдылықтарын  сақтау қажеттігін ескертеді. Баспасөз беттерінде кейбір жекелеген атаулардың аудармасы әрқилы беріліп тұр. Бұдан мұның қайсысына нормаға сай және мемтерминком бекіткен нақты ережелерге сәйкес келе ме деген сұрақтар туындайтыны даусыз. Мысалы, баспасөз беттерінде стажды – өтіл, дипломатты – мәмлегер, обогревательді – жылытқыш, меценатты – мәдеткер, хирургты – оташы, операцияны – ота, парникті – көшетхана, ассортиді – жиынтүр, замшты – күдері, развлекательный центр – шатхана т.б. деп аударып жүр. Оны қазақ тілді баспасөз беттерінен айқын аңғаруға болады.  Мәселен, «Алтын-Орда» республикалық басылымының 2004 жылы шыққан сандарының біріне жарияланған мақалада: «...орналасқан жеріне қызыққан бір кәсіпкер саябақты сыпырып тастап, бұл тұсқа шағын қонақ үй мен шатхана салуға бел буыпты» делінсе, «...Әңгіме үстінде ұққанымыз Шалқар Әбішұлы Тәуелсіздік туғызған жазушы мәдеткер...» деген жолдар «Жас Қазақ» газетінің 2003 жылғы 2 мамырында жарық көрген нөмірде келтірілген. «Алтын Орда» басылымының аталмыш санында «Дәрігерлер оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп сендіреді, дегенмен де жедел отаның қажет екені белгілі», «Қазақстан әйелдері» журналынында кездесетін «...Көшетхананың ішіндегі өсімдікті күзгі суықтан сақтауға әрі кеш жинауға болады» деген сөйлемдерді де мысалға келтіруге болады.

«Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы – жалақы мөлшері еңбек өтіліне байланысты» («Алматы ақшамы» 5 наурыз, 2002 жыл), «Осыдан бір ай шамасы бұрын аталмыш газеттің интернет-сайтында өзін бұрынғы мәмілегер деп аталған әлдекімнің хаты жарияланған» («Жас Алаш» 26 сәуір, 2003 жыл) және осылар секілді қазіргі уақыттағы публицистикада мұндай құбылыстың көрініс беруі заңды десек те, жалпы тілдік қолданыста қырыққабат деп аталып жүрген капуста сөзін «Қазақстан әйелдерінің» қаудан деп қосымша атау бергенін қалай түсінуге болады? Әлде мұны қырыққабаттың тағы да бір баламасы деп ұғуымыз керек пе?

Қазақ газеттерінде жиі кездесетін, әрі өте белсенді түрде қолданысқа еніп жүрген көгілдір отын, жаңа қазақ, тарих сахнасы, ақпарат айдыны, билік сахнасы, ақпарат алаңы, әуе кемесі, егін кемесі деген тіркестерді соңғы кездері жиі кездестіріп жүрміз. Газет фразеологизмдерін кейбір авторлар роман, повестерінде талғаусыз, стиль тезіне салмай жұмсай береді.

...Әңгіме автордың теңеуді сәтті немесе сәтсіз қолдануында ғана емес, публицистикалық тілдің көркем әдебиет тілінен принципті айырмашылығында. Осыған сәйкес бір ғана ақпарат деген сөзге байланысты ақпарат кеңістігі, ақпарат алаңы, ақпарат айдыны деген тіркестердің қайсысы стильдік тұрғыдан қоғамдық санаға жақын, әрі коммуникативтік мүмкіндігі жоғары деген тағы да сауал туындайды.

Қазақ баспасөзі қазіргі уақытта тілдік, стильдік тұрғыдан дамудың жаңа кезеңін басынан өткеріп отыр. Себебі, қоғам дамуына сәйкес көптеген атаулар дүниеге келіп, осыған орай тілімізде киноқор, бейнеролик, қорықша, кинобейне орталық т.б. терминдер баспасөз тілінде берік орын алды. Мысалы, «Кино көрсетілімнің тұсаукесері алдында Кеңес дәуірінің медицина ғалымдары дәлелдеген темекі өнімінің адам ағзасына зияндығы жөнінде бейнеролик көрсетілді», «Облыстық кинобейне орталығында 3000-нан астам киноқорлары бар» және өзге де құбылыстарды қазақ газеттерінің кейбір кірме терминдерді ұлттың, халықтың ұғымына сәйкес ұқсата білуінде деп түсінген дұрыс болар.

Жалпы жоғарыда айтылған пайымдаулар мен дәлелдерге орай айтпағымыз қазақ газеттерінде терминдерді аудару мен оларды ұлттық негізге сәйкес қалыптастыруда ілгерілеу бар екендігі. Дегенмен, ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы айтқандай қандай жағдайда да қазақ тілінің тіл байлығын сарқа пайдаланғанымыз жөн секілді. Сонда ғана ана тіліміздің қадірі мен қасиетін сөзсіз мойындатамыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға