Жаңалықтар

Қазақстанның нота мұрағатын құруды қолға алсам деймін

Талантты дирижер, еліміздегі жалғыз контртенор опера әншісі Батыржан Смаковпен сұхбат
Қазақстанның нота мұрағатын құруды қолға алсам деймін
31.01.2019 11:03 4261

Бүгінгі қазақ музыкасы талантты опера әншілеріне бай. Оның үстіне шетелдегі мықты оқу орындарын тәмамдап шыққан дирижерлеріміз де жеткілікті. Соның бірі алты жылдай Италияның білікті музыкалық академияларында білім алған – Батыржан Смаков. Қазірде ол Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, «Қазақконцерт» МКҰ солисі.

Батыржан жастайынан жетімдіктің кермек дәмін тартады. Тоғыз жасында анасынан айырылса, көп өтпей әкесі де дүниеден озған еді. Ол әжесінің тәрбиесінде қалады. Ата-ананың ыстық алақанын алмастырған әжесіне қолғабыс болу мақсатында бар болғаны 11 жасында балмұздақ сатып, үлкен өмірдің түрлі сынағына бой үйрете бастайды.

– Ол уақыттарды қызығы мен қиындығы қатар өтті деп қана еске аламын. Сол кезден-ақ, менде музыкаға деген тартылыс болды. Өзімнің болашағымды басқа ешқандай саламен байланыстырғым келген жоқ. Осылайша, 15 жасымда Қарағанды гуманитарлық колледжінің фортепиано сыныбына түсіп, алғашқы кәсіби білімімді меңгердім. Колледжге түспес бұрын мені «музыка саған азық болмайды», «онда табыс жеткіліксіз» деген секілді көптеген керітартпа әңгімелермен айналдырғысы келгендер болған. Ешкімді тыңдамай, жүрек қалауын жасадым. 

Батыржан алған орта білімінен соң, жоғары оқу орнына түсуді арман тұтып, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық музыка академиясының (қазіргі Қазақ ұлттық өнер университеті-авт.) «вокалдық өнер және хор дирижері» мамандығы бойынша бакалаврға қабылданып, оқуын сәтті аяқтап шығады.

– Музыкалық білімімді тереңдету мақсатында 2011 жылы Италияда орналасқан Озимо қаласындағы халықаралық опералық ән айту академиясына түстім. Бұл жабық режимдегі оқу орны еді. Яғни, таңертеңгілік  кіріп, түскі асқа дейін еш қайда шығуға болмайды. Сол секілді, күндізгі 15:00-ден кешкілік 19:00-ге дейін тапжылмай академияда отыруың керек. Осындай қатаң тәртіптің арқасында үш жылдың ішінде академия әлемге белгілі мықты опера әншілерін шығарады.

Озимодағы оқуын бітірген ол 2014 жылы Пезаро қаласындағы Джоакино Россини консерваториясында хор дирижері сыныбына магистратураға қабылданып, үздік дипломмен аяқтап шыққан еді.

Батыржан еліміздегі және Италиядағы оқудың айырмашылығын былайша түсіндіреді:

– Қазақ ұлттық музыкалық академияда бакалаврды аяқтағанымды айттым ғой, ал онда не дегенмін магистр дәрежесін алдым. Сол себепті де, айтарлықтай айырмашылық болған шығар. Мұнда кантатаның, операның бір бөлігін алып, сахналауға рұқсат берілетін. Онымен қоса, әртүрлі жанрдағы 3-4 акапеллаға, 5-6 кішкентай туындыларға дирижер болуға мүмкіндік бар. Ал онда бір жылға жоспар құрып, бір операны немесе ораторияны толық қоюың керек. Сол сияқты бізді дәріс беруге бірден үйретеді, яғни психология, философияны да қоса меңгереміз. Музыка тарихының тереңіне сүңгіп, білім көкжиегін кеңейтеді. Консерваторияда Қазақстанда өтпеген контрапунктті, генерал-басты үйрендік. Яғни, маған берілген басқа, дұрыс, сай келетін аккордтарды бірден таңдауым керек. Бұл бір жағынан адамды шығармашылық тұрғыдан дамыта түседі. Италиядағы оқудың тағы бір ерекшелігі деп, көп тілділікке үйретуін айтар едім. Латын, грек, француз, ағылшын, неміс тілдерін қатар меңгеріп шықтық.

Екі жарым жыл әлемнің үздік консерваторияларының бірі боп саналатын Россиниде білім алған маманды Айман Мұсаходжаева «Қазақконцертке» арнайы шақыртып, жұмыс ұсынады. Онымен қоса, Батыржан үшін Қазақ ұлттық өнер университетінің де есігі ашық еді.

– Шетелде жиған-терген білімімді елге келіп, кәдеге жаратсам деген арманым болғаны рас.  Келе сала, өнер университетінен хор сыныбын алып, 2018 жылдың қараша айында алғашқы іссапарда болып қайттық. Россини театрында италияндық композитордың өмірден қайтқанына  150 жыл толуына орайластырып, «Ұлы дала дауысы» атты концерт өткіздік. Ол жерде қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, келген көрермендердің ыстық ықыласына бөлендік. Олар біздің әндеріміздің ноталарын үйрену мақсатында фотоға түсіріп алып жатты. Қазақтың әндері әлемнің кез келген мемлекетінде де осындай үлкен қошеметке ие болады.

Батыржан елден тыс жүргенде Сан-Маринода «Tanysu» атты халықаралық көпжанрлы өнер байқауын ұйымдастырған еді. Онда Қазақстан, Өзбекстан, Италия, Франция, Қырғызстан мемлекеттерінің талантты жастары өз өнерлерін ортаға салып, кім мықтыны анықтаған. Екі жыл қатарынан өткен өнер фестивалі қазір Алматы қаласында жалғасын табуда.    

– Өзім айтып өткен «Ұлы дала дауысы» арқылы біздің өнерімізге, мәдениетімізге еуропалық жұртшылық қызығушылық танытып отыр. Олар тағы да сәті түссе, арнайы барып өнер көрсетуімізді қалайды. Мен алдымен осы концертімізді Қазақстанның барлық қалаларында, қала берді орталық болып есептелмейтін кішігірім елді-мекендерге де қоюды жоспарлап жүрмін. Кейінгі ұрпақ тарихы тереңде жатқан, барлық інжу-маржанымыз болып есептелетін дәстүрлі өнерімізбен танысып, бойына сіңірсе деймін. «Қазақ халқының мың әніндегі» бірнеше  туындыларды хормен айтуға икемдеуді көздеймін. Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында дәстүрлі өнердің кең қанат жаюына ықпал ету керектігін баса айта кетеді. Онымен қоса, республикамыздың түкпір-түкпіріне жасалатын іссапар арқылы өнерлі жастарды Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түсуге шақырып, олардың кәсіби білім алуына да жол ашқым келеді. Себебі, көптеген жастар әншілікке хобби ретінде қарап, табысқа жетудің кілтін бұл саладан іздемейді. Оларға неге дұрыс жол сілтемеске? Неге осындай замануи білім нәрімен сусындатып отырған универистетте білім алуға шақырмасқа?

Сонымен қатар, Батыржан оқуға түскендердің барлығы да өнер жолында кең тыныстай алмайтынын айтады. Әрине, «білім инемен құдық қазғандай» қиын. Батыржанның өзі күн сайын әр халықтың музыкасын оқып, зерттеп, санасына құйып келе жатқанын мойындайды. Әрбір жетістіктің артында үлкен еңбек жатқандығын жастар ұмытпаса дейді. Бастысы – өнерге, музыкаға деген берік махаббаттың болуы.

Иә, Батыржан нағыз өнер азаматы. Оның жоспарлары да тікелей қазақ музыкасын көтеруге арналған. Ол алдағы уақытта «нота мұрағаты» сайтын ашуды қолға алуды көздеп отыр.

– Мәселен, Ресейде Чайковскийдің бір туындысын орындағым келіп, ғаламторды ақтарсам, алдымнан аудиосы да, видеосы да, нотасы да шыға келеді. Ал бізде қалай? Студенттеріміз бір композитордың шығармашылығын орындау үшін кітапханаларда отырып, ұзақ уақыт іздеуге мәжбүр. Дамыған заманда неге соны қолжетімді етпеске? Тек қазақстандықтар емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі біздің музыкаға қызығушылығы оянған жандар тегін тартып алатын дәрежеде болса, бізге жақсы емес пе? Желтоқсанда Нью-Йоркте болып, Хамиди, Жұбанова секілді таланттарымыздың шығармасын орындаған едім. Басқа ел азаматтары «осы орындауыңыздағы әндердің нотасын қайдан алсақ болады?» деп сұрайды. Үнсіз қаласың. Ескі қазақ дүниелерінен бөлік, бүгінгі заманауи композиторларымыздың шығармаларын да бір қорға жинау үшін барлық өнер саласындағы мамандарды жұмылдырсақ деймін.

Дәл қазіргі Батыржанның санасын билеп тұрған басты нәрсе – 1-ақпанда болатын концерт.

– Қазақстанда тұңғыш рет Beatles тобының көпке танымал әндері орындалатын концерт өтпек. Оны Мальта елінің дирижері, Еуропалық мәдениетті қолдау қорының арт-директоры Алан Киркоп қойып отыр. Аланның бұл топтың әндерін орындауға, дирижерлік етуге авторлық құқығы бар.

Концерттің атауы – «Астанадағы британдық кеш/With The Beatles». Ол «Qazaqstan» орталық концерт залында өтеді. Бұл кеште «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі әлемнің жүрегіне жол тарта білген Beatles тобының хит туындыларын орындамақ. Тамаша кеште талантты хормейстер Батыржан Смаковтың басшылығымен Қазақ ұлттық өнер университетінің хоры өз өнерін ортаға салады. Сонымен қатар, кешке келушілер «Қазақстан дауысы» жобасының грандфиналисті Ербол Тәжібаевтың өнеріне куә болмақ. Республикалық әртүрлі байқаулардың лауреаты Айна Қалмағанбетова мен «Қазақстан дауысы» жобасының финалисі Салтанат Меңдіғалиева да ән әлеміне жетелейді. Халықаралық «Жаңа толқын», «Х фактор» мен «Қазақстан дауысы» тележобаларына қатысушы Гүлнәр Көшенова да қалың жұртшылыққа тамаша ән тарту етпек. Кешке арнайы «Ағайынды Жүгінісовтер» де шақырту алған. «Астанадағы британдық кеш/With The Beatles» концерті классикалық рок-н-ролл атмосферасын сыйлап, «Ғажайып төрттіктің» танымал хиттері арқылы өнер сүйер қауымға керемет кеш сыйлайды.

– Осы концертке күн-түн демей қызу дайындалып жатырмыз. Мен үшін ерекше кеш болмақ. Астаналықтар, қала қонақтары мұндай концертті күнде көре бермейді. 2500-3000 жуық көрермен жиналады деп отырмыз. Бойымды ерекше толқыныс билеп жүр, – дейді Батыржан.

  

Қазыбек Қожанбек, Қазақ ұлттық өнер университетінің 4-курс студенті, хор мүшесі:

– Репeтиция жоғары деңгейде өтіп жатыр. Мальтадан келген дирижер өз ісінің нағыз маманы екені көрініп тұр. Концерттен көрермендер жақсы әсер алып қайтады деп ойлаймын, – дейді.

Өнер сүйер қауым мұндай концертті жібере қоймас. Өз ісінің нағыз маманы Батыржан Смаковтың шәкірттері әлемдік деңгейдегі туындыларды өз кемеліне келтіріп орындайтынына күмән келтірмейміз.

(Суреттер дирижер мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға