Жаңалықтар

Қазақстанда регби спортын қалай дамытамыз?

Регби — футбол секілді Англияда пайда болған спорт екенін жақсы білесіз. XIX  ғасырдың ортасында ережесі бекітілген бұл командалық спорт түрі қазақ жеріне араға жүз жыл салып жетті.  Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының құрамында біздің қазақ жігіттері әлемдік жарыстардың талайында топ жарған.
Қазақстанда регби спортын қалай дамытамыз?
Фото: Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ 22.12.2016 14:05 68368

Жоғарыда айтып өткендей, ҚСРО құрамасында өнер көрсетіп, әлемдік жарыстарда атой салған қазақ жігіттерінің бірі де бірегейі — Мұрат Уанбаев. (Мұраттың «Алаш айнасына» берген сұхбатын мына жерден оқи аласыз )

Мұрат Уанбаев жиырма жылдай өмірін Францияда өткізді. Бүгінде ол еліне оралып, Қазақстанда регби спортын дамытуға тікелей үлесін қосып жатыр. Астана төрінде ұйымдастырылған жиналыстың басты сұрағы да осы. Қазақстанда регби спортын қалай дамытамыз?

Қазақстандағы Регби Федерациясының  басшысы Мұрат Уанбаев өзіне өте таныс бұл спортты дамытуға Франция елінен мамандар шақырған. Олар еліміздегі  бұл спорт түрін жақсылап зерттеп, кемшіл тұстарымыз бен түзетуге тиіс қателіктеріміз жайлы айтып берді.

Жулиен Жуано, Франция мемлекеті, Лион қаласы спортты дамыту комитетінің мүшесі:

— Біз Мұрат Уанбаевпен ұзақ жылдар достық қарым-қатынастамыз. Қазақстанға келуіміз  де осы кісінің арқасы екенін атап айтқым келеді. Қазақстанда регби спортын қалай дамытуға болады? Бұл әрине жан-жақты қарастыруды қажет ететін мәселе.  Біздің елде балалар регбимен айналысуды өте ерте бастайды. Осының арқасында жас өспірімдер арасында бәсекелестік өте мықты. Екінші мәселе ол — жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігі. Қазақстандық жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігі өте жақсы, дегенмен әлі де үйренетін нәрсе көп екенін айтқым келеді. Біздің мақсатымыз — осы мәселелерді жолға қойып, Қазақстанды Франция секілді регибден дамыған ел ету.  

Регби спортының пайдасы жайлы ұзақ әңгімелеуге болады.  Мысалы: регби ойнаған баланың дене бітімі өз құрдастарына қарағанда ірі болады. Бұл ғылыми дәлелденген факт. Ойын барысында жұмыс істейтін бұлшықеттер мен жаттығулар баланың дене бітімінің дамуына үлкен септігін тигізеді. Екінші пайдасы — регби командалық спорт түріне жататын болғандықтан, бала жастайынан бірлесіп жұмыс істеуге үйренеді. Бұл болашақта оның қоғамға сіңісіп кетуіне көмектеседі.

Мұрат Уанбаев, Қазақстан Регби Федерациясының  басшысы:

— Жақында Қытай мемлекетінде регбиді дамытуға арналған халықаралық комференцияда болдым. Конференцияға министрдің өзі келіп, алдағы жылы регбиді дамытуға 100 млн доллар қаражат бөлетінін айтты. Бұл өте қомақты қаражат. Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстанда регби спортына жылына 40 млн теңге бөлінеді. Бұл 120 мың доллар ғана. Мұндай қаражатты бір халықаралық жарысқа жеткізудің өзі қиын. Сондықтан бүгін біздің алдымызда тұрған басты мәселелердің бірі — регби спортына қаражат тарту.

Мұрат Уанбаевтың айтуынша регби спортының дамуын үш фазаға бөліп қарастыруға болады. Ол бастапқы, орта және кәсіби кезеңдер. Елімізде дәл осы бастапқы кезеңнің келте қалған. Оны жолға қою үшін үлкен жұмыс атқарылуы қажет. Мемлекет тарапынан қолдау да болуы шарт.

Мұрат Уанбаев, Қазақстан Регби Федерациясының  басшысы:

— Биыл Қазақстан регбиіне 50 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында біраз белесті бағындырдық. Әсіресе Қазақстанның әйелдер құрамасы әлемдік деңгейде өте сәтті өнер көрсетіп жүр. Тәуелсіздігімізді алған жылдары ерлер құрамасы ыдырап кетіп, бүгінде біз ерлер құрамасының біліктілігін арттыруға күш салудамыз. Сөздеріме дәлел ретінде, жақында Қазақстан Қарулы Күштерінің бастамасымен және біздің қолдауымызбен әскери борышын өтеушілер арасында жүзге жуық команда жасақталды.  Болашақта бұл командалардың саны арта бермек. Егер ішкі біріншілігіміз дамыса, әлемдік деңгейде де сәтті өнер көрсететінімізге сенімдімін.

Көп адамдар регби спортын қазақтың жаяу көкпарына ұқсатады. Иә, ұқсастықтар өте көп.  Ұлттық спортымызға ұқсайтын, балалардың  мықты азамат болып өсуіне көмектесетін, командалық рухты арттыратын бұл спорт түрін неліктен дамытпасқа?

Көп адамдар регби спортын қазақтың жаяу көкпарына ұқсатады. Иә, ұқсастықтар өте көп.  Ұлттық спортымызға ұқсайтын, балалардың  мықты азамат болып өсуіне көмектесетін, командалық рухты арттыратын бұл спорт түрін неліктен дамытпасқа?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға